Қоғам • 23 Ақпан, 2021

Қарағанды фармацевтика кешені «Спутник V» вакцинасының өнеркәсіптік партиясын шығарды

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қарағанды фармацевтика кешені (ҚФК) базасында «Гам-КОВИД-Гак» («Спутник–V») вакцинасының өнеркәсіптік өндірісі барысын және вакцинаның өңірлерге жеткізілуін тексерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағанды фармацевтика кешені «Спутник V» вакцинасының өнеркәсіптік партиясын шығарды

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық фармацевтикалық кешенде вакцинаның өнеркәсіптік өндірісі қысқа мерзімде жолға қойылды. Бүгін Қазақстанның барлық өңіріне “Гам-КОВИД-Гак”  вакцинасының 90 мың дозасы жөнелтіледі. 2021 жылғы наурызда 150 мың дозасын өндіру жоспарланып отыр, ал сәуір айынан бастап 600 мың дозаға дейін жеткізіледі. Осылайша, халықты жоспарлы түрде COVID-19-ға қарсы вакцинамен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етеміз», деді вице-премьер Е. Тоғжанов.

«СҚ-Фармация» ЖШС мен Ресей тікелей инвестициялар қоры (РФТИҚ) арасында жасалған өзара түсіністік туралы келісім аясында 2 млн астам доза жеткізу, препарат сынақтың барлық сатысынан өткеннен кейін оны 5 млн дозаға дейін арттыру жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 11 қарашада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескенде пандемиямен күресте ынтымақтастықты жандандыруды, соның ішінде ҚР аумағында бірлесіп вакцина өндірісін ұйымдастыру жөніндегі жоспарларды талқылады.

«Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тобын құрды, оның құрамына ҚР ДСМ, РФТИҚ бейінді ведомстволарының басшылары және ҚФК мамандары кірді. Қысқа мерзімде технология трансфері жүргізіліп, өндірісті дайындап, қызметкерлерді оқыттық. Бүгін Қазақстан Республикасында «Спутник V» вакцинасының толыққанды өндірісін іске қосамыз», деді А. Цой.

«Бізге қысқа мерзімде ресейлік «Спутник V» вакцинасының өндірісін бастау міндеті қойылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 4 желтоқсанда технология иесі – РФ-ның «Ресей тікелей инвестициялар қоры» мемлекеттік компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды және 13 желтоқсанда бізге дайын өнімнің валидациялық серияларын өңдеуге арналған субстанция берді», деді ҚФК бас директоры Сергей Барон.

2020 жылғы 4 желтоқсанда РФТИҚ Денсаулық сақтау министрлігімен ынтымақтастық туралы келісім жасады және 2020 жылғы 13 желтоқсанда «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС препараттың тәжірибелік сериясын өндіру үшін 6 мың доза көлемінде субстанция алды.

2020 жылдың 24 желтоқсанынан 2021 жылдың 21 қаңтарына дейін вакцина Н.Ф. Гамалея атындағы орталықта бірнеше рет сапа бойынша сынақтан өтіп, 2021 жылдың 15 ақпанында ол ҚР-да тіркелді.