Аймақтар • 23 Ақпан, 2021

Ерлан Тұрғымбаев ақтөбелік волонтерлерге алғыс білдірді

517 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласына іссапары кезінде ІІМ Ерлан Тұрғымбаев волонтерлермен кездесіп, карантин режімін және қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге көмектескені үшін оларға алғыс білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz

Ерлан Тұрғымбаев ақтөбелік волонтерлерге алғыс білдірді

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында облыстық полиция департаментінің бірқатар нысанын аралады. Олардың қатарында Ақтөбе қаласының орталығында орналасқан модульдік стационарлық бекет бар. Бекетте полицейлердің жұмыс істеуіне және азаматтарды тәулік бойы қабылдауына барлық жағдай жасалған. Министр жергілікті атқарушы органдардың халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған жұмысын жоғары бағалады.

Дамыған елдердің тәжірибесі бойынша қазіргі заманғы стационарлық полиция бекеттері неғұрлым криминогенді учаскелерде орнатылып жатыр. Ақтөбеде бес бекет бар.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сервистік модельдің негізгі элементі «халыққа жақын полиция» болуы тиіс деп айтты. Осы қағидатты іске асыра отырып, біз полиция қызметкерінің қоғамдық орындарда жүруіне қол жеткіздік. Азаматтар өздерін қауіпсіз сезінуіне, қажет кезде полицияға жүгінуіне бар жағдай жасалды. Бүгін біз оң нәтижені көріп отырмыз. Стационарлық бекеттер орнатылған жерлерде құқық бұзушылықтар саны айтарлықтай азайды», деп атап өтті ведомство басшысы.

2020 жылы облыс аумағында қылмыс 37% төмендеді. Министр жергілікті полиция қызметін реформалау мәселесінде учаскелік инспекторға негізгі рөл берілетінін атап өтті. Осыған байланысты Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметкері отбасымен бірге тұратын учаскелік пунктпен біріктірілген үйге барды.

Министр учаскелік полиция инспекторының үнемі әкімшілік учаскеде болуы маңызды екенін және өңірде құқық бұзушылықтың алдын алуды қамтамасыз ету үшін олардың штатын ішкі резервтер есебінен толық жасақтау қажет екенін атап өтті.

«Әкімдіктермен бірлесіп, учаскелік инспекторларға тиісті жағдай жасап, учаскелік пункттер желісін кеңейте отырып, біз азаматтарымыздың қауіпсіздік деңгейін арттырамыз. Мұндай жұмысты біз барлық өңірлерде жүргізетін боламыз», деді Ішкі істер министрі.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде еріктілер полиция қызметкерлеріне көмек көрсетіп келеді. Облыс бойынша ішкі істер органдары өткізетін барлық алдын алу іс-шараларына 300-ден астам ерікті қатысады.

Министр еріктілермен кездесіп, оларға карантин режимін және қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуге көмектескені үшін алғыс айтты. Кейін жеке құраммен кездесіп, облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің алдына өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттыру және халықпен жұмысты жалғастыру, олардың мәселелерін дереу шешу міндеттерін қойды.