Қазақстан • 23 Ақпан, 2021

Сенатта есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатта Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысы болды. Онда азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының, синтетикалық жаңа заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру шаралары мен өзекті мәселелер көтерілді.

Сенатта есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

Еліміз Президентінің Жолдауында жыныстық тұрғыдағы зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық күш көрсету және жеке адамға, әсіресе балаларға қатысты басқа да ауыр қылмыстар үшін шұғыл түрде жазаны қатайту қажет екені атап өтілген болатын.

Комитет төрағасы Владимир Волков өзінің кіріспе сөзінде бүгінгі таңда нашақорлық проблемасы жаһандық тұрғыда халық денсаулығына және еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретінін атап өтті.

Кездесуге қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев жалпы Қазақстандағы есірткі ахуалы күрделі  екенін, бірақ тұрақты болып отырғанын атап өтті. Есірткі құқық бұзушылықтарын, оның ішінде есірткіні өткізу фактілерін анықтау, ұйымдасқан есірткі топтарын жою және синтетикалық психотроптық заттарды алып қою бөлігінде оң қозғалыс байқалады. Сонымен қатар, бірқатар өзекті мәселелер де бар, олардың негізгісі нашақорлықтың алдын алуды жүйелі ұйымдастыру тетігінің болмауы болып табылады.

Ішкі істер министрлігі есірткіні тарату үшін пайдаланылған 1100-ден астам интернет-сайттарды бұғаттады. Сондай-ақ осы уақыт ішінде есірткі жасаумен айналысатын 8 зертхана жойылды.

Депутаттар сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік комитеті мен денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерін тыңдады

"Бүгін біз есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл жасау тек құқық қорғау органдарының ғана емес, мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың да күш-жігерін талап ететін елеулі проблемалардың бірі екенін айқын түсінуге тиіспіз", - деді сенатор Андрей Лукин кездесу соңында.

Отырыс нәтижесі бойынша қорытынды дайындалды, ол Үкімет пен мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.