Қазақстан • 23 Ақпан, 2021

Жемқорлықты адалдық қана ауыздықтайды

1055 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде апта басында өткен аппарат мәжілісінде «Парасаттылық идеологиясын дәріптеуде қоғаммен байланыс қандай деңгейде?» және «Бизнес пен инвестицияны қорғау жөніндегі PBI жобасының жетістігі қандай?» маңызды мәселелер кеңінен талқыланды.

Жемқорлықты адалдық қана ауыздықтайды

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Қоғаммен байланыс үзілмеуі керек

Ел көлемінде іске қосылған «Парасат жолы» орталығының саны бүгінде 4 мыңға жақындап, жаңа жобаға жұмылдырылған кітапханашылар қатары 10 мыңға жеткен. Көктемге таман мұндай орталықтар Қазақстанның барлық кітапханасында ашылмақ. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен аппарат мәжілісінде агенттік төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, «Парасат жолы» – агенттіктің Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп қолға алған жаңа жобасы. Қоғамда парасаттылық идеологиясын дәріптеуді мақсат тұтқан тың бастама алғаш Ұлттық академиялық кітапханада бастау алған еді. Жыл басында бастау алған елордалық тәжірибе бүгінде өңірлерге толықтай таратылуда. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық облыс, қала және аудандарындағы кітапханаларда, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік орталықтар іске қосылған. Агенттік өкілінің айтуынша, мұндай орталықтар 1 наурызға дейін еліміз бойынша барлық кітапханада ашылады. Кітапханалары жоқ елді мекендерде «Парасат жолы» ауыл клубтары немесе әкімдіктерде орналастырылмақ.

Ал бұл жолғы басқосуда жобаны жүзеге асыруда қоғаммен байланысты нығайту мәселелері кеңінен талқыланды. «Қоғаммен тығыз қарым-қатынас болғанда ғана жемқорлыққа қарсы тұра аламыз», деген Жазира Жылқышиева адалдық, парасаттылық пен әділдік қағидаттарын қалыптастыруды көздейтін жобаға қоғамдық ұйымдарды көбірек тарту керектігін алға тартты. Бұл жөнінде агенттік өкілі: «Парасаттылық идеологиясын одан әрі ілгерілету үшін түрлі ұйымдармен, оның ішінде кәсіподақ, жастар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ардагерлер кеңесі, партиялар, азаматтық альянс, әйелдер кеңесі, жас ғалымдар қауымдастығы және басқа да қоғам белсенділерімен жұмысты жандандыруымыз керек», деді.

Ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды насихаттауды жұртшылықпен бірге жүргізу керектігін алға тарқан Ж.Жылқышиева: «Адам бойындағы парасаттылық арқылы жемқорлыққа қарсы мінез-құлықтың үлгісін қалыптастыру – агенттіктің басты ұстанымы. Ал мұндай игі іске елімізге белгілі тұлғалар, зиялы қауым, дін өкілдері, өз ортасына сыйлы азаматтарды тарту арқылы қол жеткіземіз. Көпшілікке ізгілік, адалдық пен адамгершілік сияқты ұлттық құндылықтарды насихаттау өз жемісін берері сөзсіз», деді.

Таңдаудың неге дәл кітапханаға түскенін баяндамашы «кітапхана – руханият шаңырағы, киелі мекен, нағыз парасаттылықтың ордасы» деп бір ауыз сөзбен түсіндіріп өтті. «Агенттіктің «Адалдық алаңы» жобасы аясында елордада алғаш болып ашылған «Парасат жолы» орталығының жұмысы Ұлттық академиялық кітапханада басталған болатын. Орталық жетекшісі, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел мен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, қоғам қайраткері Ұлықбек Есдәулет облыстардағы филиал жетекшілері мен кітапхана басшыларының қатысуымен онлайн кездесулер өткізіп, орталықтың мақсаты мен жұмыс жоспарын жеткізді», деп атап өтті ол.

Аппарат мәжілісінде осы мәселе кеңінен талқыланғанда «Жемқорлықпен кімдер күресуі керек? Зиялы қауымды «Адалдық алаңына» шақырғанда қандай өлшемшарттарды ұстану қажет?» деген өткір сұрақтар қойылды. «Парасат жолының» үлкен идеологиялық жұмыс екенін тағы бір еске салып өткен агенттік төрағасы Алик Шпекбаев: «Зиялы қауым – адал, таза адамдар. Қоғамда өз орны бар белді азаматтар арқылы жемқорлық деңгейін төмендетуге қол жеткізуіміз қажет», деді.

Сөз соңында Жазира Жылқышиева ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай агенттікте «30 жылдыққа – 30 бастама» атты маңызды, ірі шараларды атқаруды ұсынды.

 

Кәсіпкерлер құқы қалай қорғалып жүр?

Аппарат мәжілісінде сондай-ақ агенттіктің қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан Protecting business and investments жобасының өткен жылғы жұмыс қорытындысы жарияланды.

Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мұрындық болуымен Protecting Business and investments (PBI) жобасы іске қосылып, еліміздің барлық аймақтарында осы жобаның фронт-кеңселері ашылған болатын. Мұндағы басты мақсат – сыбайлас жемқорлықты жоюдың озық механизмдерін қолдана отырып, бизнес саласына қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру болып табылады.

Алқалы жиында осы жобаның жетекшісі Олег Савеленко бизнес пен инвестицияны сыбайлас жемқорлықтан қорғауды көздейтін PBI-дың шартты түрде екі жарты жылдыққа бөлінген жұмысы жайлы толыққанды ақпарат берді.

Нақты ақпарат алу мақсатында екінші жарты жылдықтан бастап жұмысы жүйеленген PBI жобасы басымдықтарды белгілей отырып, жобалық кеңсе бойынша статистикалық есеп жүргізуді өзгерткендерін де айтып өтті.

Өткен жылы енгізілген қатаң карантиндік режімге қарамастан, елімізде бизнес және инвестициялық жобалар көрсеткіші 2019 жылмен салыстырғанда жоғары болып отыр. Мәселен 2019 жылы 146 жоба іске қосылса, өткен жылы бұл сан 238-ге жеткен. Қазіргі таңда агенттік жалпы сомасы 16,3 трлн теңге болатын 656 бизнес жобаға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау көрсетіп келеді.

Бірінші және екінші жарты жылдықтармен салыстырғанда жасалған келісімдер бойынша өсім 40,4 пайызды құрап, инвестицияның жалпы сомасы 812,7% өскен. Әр аймаққа шаққанда қол қойылған келісімдердің орташа саны жалпы 25-45 болса, бұл бағытта атқарылған жұмыстардың басында Ақмола, Алматы мен Қарағанды облыстары көш бастап тұр.

Олег Савеленко баяндамасында елімізде жасалған 115 жоба шетелдіктермен бірге қолға алынғанын ерекше атап өтті. Бұл дегеніңіз әрбір бесінші келісімшарт шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатынын білдіреді. Төртінші тоқсанда бұл өсімнің 4,5 пайызға жеткенін мәлімдеген жоба жетекшісі еліміздегі бизнеске қызығушылық танытқан 23 шетелдің ішінде кәсіпкерлер үлесі Қытаймен – 35, Ресеймен – 15, Түркиямен – 13, Германиямен – 11, БАӘ және АҚШ-пен – 4-5-тен, Польшамен 3-ке жеткен.

Бұл тізімнің ішінде Әзербайжан, Ауғанстан, Беларусь, Ұлыбритания, Дания, Үндістан, Иран, Испания, Малайзия, Нидерланды, Сингапур, Словакия, Франция, Чехия, Швейцария және Жапония елдері де бар.

«Қазіргі таңда жобалық кеңсенің жұмысына түрлі халықаралық ұйым өкілдері қызығушылық білдіруде. Оларды жергілікті кәсіпкерлермен өзара іс-қимыл жасау тетігі, ықпал ету құралдары мен арыз-шағымдарды шешу тәсілдері, тәжірибелік нақты нәтижелер қызықтырады.

Жақында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бөлімінің өкілі Ольга Савранмен кездесу кезінде осы жобалық кеңсенің жұмысы бойынша тәжірибе алмасып, ақпарат алу мәселелерін кеңінен талқыладық. Осындай басқосуларда халықаралық ұйымдардың ең бірінші елдегі инвестициялық ахуалға мән беретінін байқаймыз. Олар алдымен ел Үкіметінің инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету бағытында қабылдап жатқан іс-шараларына ерекше ден қояды», дейді жоба жетекшісі.

Ал егер статистикаға көз салсақ, еліміздегі бизнестің барлық бағытында өсім бар екенін аңғару қиын емес. Мәселен, әрбір екінші жоба өнеркәсіптің түрлі салаларында, әрбір бесіншісі ауыл шаруашылығы, әрбір оныншы келісім құрылыс саласында жасалады екен. Қызмет көрсету, туризм, көлік, білім беру мен сауда-саттық бойынша да жобалар саны артқан.

Алдағы уақытта PBI қызметінің аясын одан әрі кеңейту, сондай-ақ жобадағы бизнес-жобалардың санын ұлғайту көзделіп отыр. Бұл мақсатта кәсіпкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау көрсету тетігін жеңілдету де ұсынылған.

Жоба жетекшісінің мәлімдеуінше, әр компания агенттікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау көрсету туралы келісім жасасуға тиіс болса, енді бұл мәселе кәсіпкерлердің осы келісімге қосылу рәсімі арқылы-ақ жүзеге асырылады. Келісімге қосылу туралы өтініште қызмет саласы, жобаның құны мен кәсіпорынның басқа да деректері толық көрсетіледі. Ал агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау көрсетуінің басты шарты – инвесторлардың адал бизнес жүргізуге міндеттейтін келісімге қосылуы екенін атап өткен жөн.

Осыған орай жиында бизнес өкілдері жиі көтеретін мәселелерді шешуде ең алдымен, агенттік, «Атамекен» ҰКП, Сыртқы істер министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің арасында сындарлы ынтымақтастық пен өзара жедел іс-қимыл керектігі де сөз болды. Өз кезегінде агенттік төрағасы Алик Шпекбаев бизнесмендердің өтініштері бойынша жүйелі әкімшілік кедергілерді анықтауда «Атамекен» ҰКП-мен тізе қосып жұмыс істеуді тапсырды. Ал Олег Савеленконың мәлімдеуінше, қазірдің өзінде тізімде 652 мәселе бар болса, оның 534-і шешімін тауып, 118-і мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ҰКП-ның қарауына берілген.

«Бүгінде еліміздегі бизнес өкілдері өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда мемлекеттің нақты қолдауын сезініп келеді. Біздің бірінші міндетіміз – орталық және жергілікті атқарушы органдардың заңсыз іс-әрекеттері мен әрекетсіздігіне келіп түскен арыз-шағымдарды дер кезінде шешу», деп атап өтті жоба жетекшісі.

 

Парасаттылық руханияттан басталады

Дәулеткерей КӘПҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы, ақын:

– Кітапханада парасаттың биік мінбері бар, мұнда адамның рухани азғындамауы үшін рухани азық бар. Кітапхананың айналасында жаны ізгі, көңілі шуақты жандар жүреді. Біздің қаламгерлердің шығармаларында адамгершілік кеңінен насихатталады. Адамды тәрбиелеу – тек қазақ қаламгерінің емес, әлемдегі кез келген ақын-жазушының арман-мұраты. Кеңес өкіметі кезінде М.Горькийдің «Адам жанының инженері» деген сөзін жиі айтып жүрдік. Дегенмен де, мынандай бір нәрсе бар. Қазақтың сөзтанымында аққудың, қоқиқаздың мойнын «сұңғақ» деп атайды. Біз мәселен, «сұңғақ бойлы жігіт» деп жатамыз. Ал құзғынның мойнын «құлқын» дейді. Ал жемқорлыққа қатысты әңгімені осы құлқыннан бастау керек. Құзғынның көмекейін құлқын деген қазақ құлқынын тыя алмағанның үлкен қасіретке алып келетінін жақсы түсінген.

Қазақ өзі ежелгі танымы бойынша көп нәрсені баяғыда-ақ айтып қойған. Табиғатпен етене жақын ұлт ретінде ақпанның 17-23 аралығындағы ақ түтек боранды, ақпан-тоқпан алты күнді «бөрі сырғақ амалы» дейміз. Бұл күндері қасқыр көзі қызарып, алдына келген дүниені жайпап өте шығады. Алайда қасқырдың да еттен жиіркеніп, мүлде етке қарай алмай қалатын кезі болады. Бұл – мамыр айындағы құралайдың салқыны. Киіктердің лақтайтын кезінде қасқыр бір жұма еттен тыйылып, «ораза ұстап» қалады. Мұны да Тәңір өзі реттеп отыр. Сондықтан жемқорлыққа қарсы іс-қимылда ақын-жазушылардың кез келген жазбасы жаманшылыққа бастайтын адамдарды тәңірдің қасқырларды еттен жиіркендіретіндей жақсы кезеңге алып келетініне сенім бар. Сондықтан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаламгерлер, кітапханашылармен бірлесіп жұмыс істеуі түбінде бір нәтиже береді. Ол үшін әрбір қаламгер, ұлтына, ұрпағына жаны ашитын әрбір адам жаман індетпен күресуді әдетке айналдыруы керек. Еліміздің өркендеуіне, жұртымыздың береке-бірлігіне тежеу салып, кесірін тигізетін індетпен баршамыз болып күресіп, әрқайсымыз парасат биігінде болайық! Парасат жолында, Адалдық алаңында ғана жолығайық!

 

Құндылықтар құлдыраса, заңсыздық белең алады

Төлеуғали БӨРІБАЕВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор:

– Біздің қоғам неге «жемқорлар еліне» айналды? Неліктен елде жемқорлыққа түбегейлі тосқауыл болмай тұр? Бұл сұрақтар қазіргі таңда көпті мазалайды. Былай қарасаң жемқорлыққа барып, абыройынан айырылғандардың бәрі оқыған, білімді, көзі ашық азаматтар. Жоғары қызметке барады да былығып жатады. Неге? Бұл мәселенің түп тамыры экономикада да, саясатта да, тұрмыстың тауқыметінде де жатқан жоқ. Оның басты себебі – рухани білімнің төмендігінде, моральдық өзегіміздің осалдығында, адамдардың адамгершілік қасиеттерінің құлдырауында. Соңғы кездері қоғамның өзі рухани жағынан азғынданып кетті. Ата-ана, перзент, туған ел мен жер алдындағы адами парызымызды ұмыттық. Үлкен бір азғындық осындай орны толмас ауыр жағдайларға әкеп тіреуде.

Бір жылдары еліміздегі барлық ЖОО-да жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамытып, сананы қалыптастыру, құқықтық білім беру жөнінде ұсыныс айтып, осыған байланысты арнайы бағдарлама да жасадық, оқу құралдарын да жазып шығардық. Білім саласына енгізілгенмен де бұл іс-шаралардың өзі жеткіліксіз болып қалды. Себебі барлық мәселе отбасындағы тәрбиенің осалдығында, адами құндылықтардың әлсіреуінде екенін уақыттың өзі көрсетіп берді.

Сондықтан ең бірінші қоғамның моральдық-этикалық ұстанымын, құқықтық білімін өзгерту керек. Адамның адами қасиеттерін, жан болмысын дамытпай, заңды өзгерте бергеннен, оның талаптарын қатаңдатқаннан еш нәтиже шықпайды. Құндылықтар болмысын өзгертіп, адамгершілік қасиеттерді дамыту қажет. Өкінішке қарай, қазір моральдық тұрғыдан азғынданғандар «биікке» шықты. Неге соларға Ахмет пен Міржақыптар үлгі болмайды? Жалпы, бүгінгі қоғамның үлгісі кімдер? Егемендігімізді, ұлттық келбетімізді қалай сақтап қаламыз? Елім дейтін әр азаматты осы сұрақтар толғандыруы қажет. Өйткені қоғам тек жағымпаздардан тұрмайды. Жемқорлар мен жағымпаздар қоғамның идеалы болмауы керек. Ал ұлттық болмыс-бітімінен айырылған ел ұлттық қауіпсіздігін де сақтап қала алмайды.

Жеңіл табыстың жолын көрген бала соған қарай жүгіреді. Сол себепті елдегі идеологиялық жұмыстарды күшейту керек. Агенттік қазір тек қылмыскерлерді ұстап, анықтаумен ғана айналысып отыр. Бұл аздық етеді. Ал жаңадан қолға алынып жатқан «Адалдық алаңы» жобасы осы олқылықтың орнын толтырады деген сеніміміз мол. Себебі жаңа жобада ең бірінші тәрбие құралын жетілдіруге үлкен мән берілген. Түптеп келгенде, қоғамдағы жемқорлық дейтін індетпен күресу – жалғыз агенттіктің емес, бүкіл қоғамның мәселесі.

Шындап келгенде, қазақ қоғамының болашағы – құқықтық санасының қалай қалыптасуымен тікелей байланысты. Өйткені құқықтық мәдениетті, сананы қалыптастырған ел ғана өркениетті мемлекеттер қатарынан орын ала алады. Заңды сыйламайтын қоғамның болашағы да бұлыңғыр. Елде тамырын жайған індетті қара күш, жұдырық пен жағымпаздықпен емес, заңмен шешуге баса назар аудару керек.