23 Ақпан, 2021

Көне жазу – жоғары өркениет көрсеткіші

1215 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Түркістан облысының Ордабасы ауданында орналасқан Күлтөбе қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары барысында әлемдік деңгейдегі жаңалық әкелген көне жазу табылды. Қазба жұмыстарын тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Подушкиннің жетекшілігімен Орталық музейдің археологиялық экспедициясы жүргізген. А.Подушкиннің айтуынша, табылған олжа біздің заманымыздың I-V ғасырларымен мерзімделеді. Алдыңғы жылдары бұл ескерткіште көне жазулар табылған болатын, бірақ олар фрагмент түрінде сақтаған еді. Жаңа олжаның бір ерекшелігі – бұл жолы күйдірілген кірпіш бетінде тұтас мәтін табылды. Кірпіш бетінде көне жазу 7 жолға бөлінген 218 белгіден тұрады. 

Көне жазу – жоғары өркениет көрсеткіші

Фото авторы А.Рустемов

Жалпы, ел тарихын тереңнен таныта түсетін жәдігерлер, әсіресе, ел тәуелсіздігі жылдары көптеп табылуда. Оған қазба жұмыстарына қолдау көрсететін бағдарламалар мен тың бастамалардың септігі тигені анық. Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертетінін, әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер барын айтқан болатын. «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деді Елбасы. Игі бастама шеңберінде атқарылған ауқымды жұмыстар жалғасын тауып келеді. Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рухани жаңғыру құндылықтары басты рухани бағдарымыз болып қала беретінін айтты. «Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым мен білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер, – деді Президент. – Бұл қасиеттер халқымыздың бірлігін және ұлтымыздың жасампаздығын нығайтады, бәсекеге қабілетті ел болуға жол ашады. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет». Жас ұрпақ сөзіміздің басында айтқан құнды жәдігердің тарихы мен мән-маңызына қызығушылық танытары анық.

Ғылым жолындағы жастардың зерттеу нысанына айналуы да мүмкін. Иә, Күлтөбеден табылған сазды кірпіштегі жазудың, палеолингвистер үшін үлкен олжаның құпиясынан Кембридж университетінің профессоры Николас Симс-Уильямс хабардар етті де. «Ол жазуда Сападани есімді Чач әскері қолбасшысының қала құруы жөнінде айтылған. Ол бағбандықпен айналысқан көшпенділер жерінде шаһар тұрғызу үшін келген. Сондай-ақ сол кезеңнің орталықтарына айналған Самарқан, Бұхара, Керш, Нохшеба, Чача сынды қалалардың билеушілерінің тізімі келтірілген. Бұған қоса осы жерде көшбасшылардың бірі өлтірілгені, қазынаның болғаны оның кейін бас билеушінің қолына өткені жазылған. Алғашында Николас бұл есімді лауазым ретінде аударды. Ал енді соңғы табылған мәтін өзіне толық жеткен соң, Сападани есім болып шықты. Екі мыңға жуық жыл өткенде біз алғаш рет қаланың негізін қалауға қатысы бар адамның есімін біліп отырмыз», дейді экспедиция жетекшісі, профессор Александр Подушкин баспасөзге берген сұхбатында. Сол тарихи кезеңде адамдар шикі саз бетіне оңнан солға және жоғарыдан төменге қарай жазған екен. Күлтөбе қалашығының қазба жұмыстарына қатысқан Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері А.Донец бұл кірпіштер дәл осы жерде жасалғандығын алдыңғы жылдары шикізат түрінде табылған кірпіш фрагменттері айқындайтынын айтады. Сондай-ақ А.Донец, кірпіштер ғимарат қабырғаларына жабыстырылған болуы мүмкін, қалаға келген адам осы жазулар арқылы ежелгі қала жайлы сипаттама алған деген болжамды келтірді.

ь

Археологтар бүкіләлемдік жаңалық ретінде бағаланып отырған толық мәтіннің табылуын ел тәуелсіздігінің жетістігіне балап отыр. Жазу ежелгі Иран диалектісінде ойылып жазылған, оны ғалымдар көне соғды немесе қаңлы тілдері деп атайды, өйткені қала біздің дәуіріміздегі бірінші ғасырларда Қаңлы мемлекеті кезінде құрылған. Өзінің маңыздылығы тұрғыда таңғаларлық жазуды ғалымдар кішкене бөлменің қабырғасынан тапқан. «Қазіргі қазақ елінің мемлекеттілігі мен этногенезінің басталуы Қаңлы мемлекеті ұсынған қуатты өркениет алаңымен, оның мәдени орталықтарымен, материалдық және рухани мәдениетімен осы жазуымен байланысты. Жазу барлық уақытта жоғары өркениеттің көрсеткіші және ең бастысы мемлекеттіліктің төлсипаты болғанын айта кету қажет. Сондықтан бұл үзінді ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерімен мақтануға мүмкіндік береді. Мұның бәрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тарихи-мәдени мұраны сақтау, насихаттау және дәріптеу бойынша тікелей байланысады», дейді профессор Александр Подушкин. Иә, белгілі ғалым бастаған археологтар тобы Түркістан облысы, Арыс-Бадам өзендері аймағында жиырма жылдай қазба жұмыстарын жүргізген. Олар жасы б.д.д. IV ғасырға дейін жететін 98 елді мекен, 28 ірі қала, 120-дан аса мазарды, керемет жаңалықтар ашып, деректі фильмдер де шығарып үлгерді. Қаңлылардың сол ерте дәуірде-ақ металл өңдегенін, қолөнерде керемет жетістікке жетіп, өз жазуы болғанына айғақтар тапты. Қазба жұмыстары нәтижесінде табылған, оңнан солға қарай жазылған бұл жазуларды 2006 жылы Ұлыбритания ғалымы Николас Симс-Уильямс оқыды. Еуропалық ғалымдар алғашқыда оны арамей жазуы деп шешеді. Көне соғды тілінде жазылған деп есептейді. Бұл жазулар б.д.д. III ғасырда жазылған екен. А.Подушкин бұл жазулардың қаңлы жазуы екенін, көне қаңлы тілінде жазылғанын дәлелдеп шыққан. Ғалымдар А.Подушкин бастаған археологтардың Арыс-Бадам өзендері аймағында ашқан жаңалықтары Қаңлы мемлекетіне тиесілі болғандықтан, оның астанасы Отырар аймағына да осы жетістіктер ортақ деп санауға болатынын айтуда. Яғни б.д.д. III ғасырда Отырардың өркениеті жоғары, өздерінің төл жазуы – қаңлы жазуы болды деп есептейді. Сыр бойында сақтардан кейінгі өз бірлестігін құрған Қаңлы мемлекеті туралы деректер б.д.д ІІ ғ. Қытай деректерінде айтылады. А.Подушкиннің «Оңтүстік Қазақстанның Арыс мәдениеті» еңбегінде Арыс өзені бойындағы Күлтөбе қала орнынан тапқан, жазу жазылған, күйдірілген кірпіштер Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемдік мәдениетке қосылған құнды жәдігер болып табылатыны айтылады. Аталған еңбегінде ол қаратөбе этабына жататын екі кірпіш сынығын келтіреді. Кіші сынығында 26, үлкен кірпіш сынығында 30 таңба бар дейді. Бұлар 1992 жылы табылған. Арыс-Күлтөбе жазуларының жалпы саны – 7. Екеуінен басқалары 2005 жылы табылған. Енді олардың қатарын біз жоғарыда айтып өткен 218 таңбадан тұратын жеті жол толықтырып отыр. Қазіргі таңда ғалымдар көне жазудың сырын анықтау жұмыстарымен айналысуда. Табылған көне олжа Қазақстан тарихының жылнамасын жаңа деректермен толықтыратыны сөзсіз және еліміздің оңтүстігінде мыңжылдықтар тоғысында дамыған өркениеттің бар екендігін көрсетеді.

Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайтынын, Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік беретінін айтады. Түркістан өңірі еліміздің тарихы мен мәдениеті үшін айрықша маңызы бар ескерткіштерге бай мекен екені мәлім. Олардың ішінде археологиялық ескерткіштердің орны ерекше. «Тәуелсіздік жылдары облысымызда археологиялық зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазба барысында табылған олжалардың біршамасы біздің музей қорына өткізіледі. Мысалы, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Б.Байтанаев басқарған археологиялық экспедиция облыстағы көне ескерткіштерді зерттеп, Сайрам, Ханқорған қалашықтарынан табылған құнды жәдігерлермен музей қорын толықтырды. Сондай-ақ музейде Бауыржан Әбішұлының өңір ескерткіштері жайлы ғылыми еңбектері де бар. Тарих ғылымдарының докторы, профессор А.Подушкин Ордабасы ауданында Күлтөбе, Төлебайтөбе ортағасыр қалаларын, аталған ескерткіштерінің қорымдарын зерттеу барысында табылған артефактілерімен музей қорын толықтыруда. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаларанын насихаттау аясында, музейіміздің 100 жылдығына орай, 2018 жылы «Уақыт кеңістігі» тақырыбында каталогы жарық көрді. Каталогқа музейіміздің археологиялық құнды жәдігерлері енгізілген», дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі археология бөлімінің меңгерушісі Айсұлу Ержігітова.

Қ.А.Ясауи кесенесі маңындағы Күлтөбе қалашығынан табылған құнды жәдігерлер мен бағалы тастар, «Ханака» деп аталатын ежелгі сопылық мінәжат ету ғимаратының орны да ел тарихынан көп мағлұмат береді. Мамандар, күлтөбелік ханака – XV ғасырдан XIX ғасырға дейінгі аралықта мінәжат ету мен жерлеу рәсімдері өткен сәулет ескерткіші деп топшылайды. Гуманитарлық ғылымдардың ішіндегі ең жасының бірі саналатын археология тәуелсіздік жылдары ел тарихына көптеген тың жаңалықтар әкеліп, көкжиегін кеңейте түсті.

 

 Түркістан облысы