Фото: Береке СЕЙТЖАППАР
Мектептер 259 арнайы пәндік кабинетпен жарақтандырылады. Былтыр жыл басында Шымкенттің 27 оқушысына бір компьютерден келсе, қазір 4 оқушыға бір компьютерден келеді.
Одан бөлек, биыл 28 мектептің ауласына спорт алаңдары салынады. Өткен жылы балалардың қауіпсіздігі үшін іште әжетханасы жоқ 36 мектепке әжетхана орнатылып, бұл мәселе толық шешілсе, биыл білім беру ұйымдарына 100 пайыз бейнебақылау және турникет қойылады. Олар полициямен интеграцияланады.
Кәсіби білім беретін мекемелерге келер болсақ, былтыр 2 колледж жабдықталса, биыл тағы 5 колледж жабдықталады. IT, құрылыс, дәнекерлеуші, радиобайланыс мамандықтары бойынша кәсіби бағдар беретін құзіреттілік орталықтары ашылады.
Білім беру тақырыбын қорытындылаған әкім баланың білімі мен тәрбиесінде ата-ана мен ұстаздың жауапкершілігі жөнінде баса айтты.
«Білім беру ұйымдарының басшыларына білім сапасына қатысты жоғары талап қойылып отыр. Барлық директорларды адал жұмыс істеуге, білім сапасын арттырып, болашақ үшін қызмет етуге шақырамын. Сондай-ақ, жасөспірімдер арасындағы суицидті зерттеген Халықаралық ЮНИСЕФ қоры Қазақстанда ата-аналар балаларымен күніне тек 15 минут қана сөйлесетінін анықтапты. Ата-аналардан балаларымыздың білімі мен тәрбиесіне күніне кемінде бір сағат уақыт бөлуді өтінемін» - деді Мұрат Дүйсебекұлы.