Аймақтар • 24 Ақпан, 2021

СҚО-да үсік шалған 5 адамның жағдайы ауыр

1568 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы 10 күнде үсік шалған 13 адам медициналық көмекке жүгінген, бесеуіне ампутация жасалады. 

СҚО-да үсік шалған 5 адамның жағдайы ауыр

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық көпбейінді ауруханасының жарақат бөлімшесіне соңғы он шақты күнде үсік шалған 13 адам жүгінген. Олардың бесеуі ауруханаға жатқызылды.

«Бес адамның жағдайы нашар. 3-4 дәрежелі үсік алған. Яғни, суықтың әсерінен жұмсақ ет, сүйек пен буын зақымдалған. Мұндай жағдайда ампутация жасап, дененің зақымдалған мүшесін кесуге тура келеді. Үсік шалған қалған науқастарды қажетті дәрі-дәрмекті жазып, үйлеріне емделуге жібердік», дейді Петропавл қалалық көпбейінді аурухананың жарақат бөлімшесінің меңгерушісі Валерий Грибашов.

Жалпы «Қазгидрометтің» мәліметінше, 25 ақпанда өңірдің кей жерлерінде бұрқасын болмақ. Солтүстік-батыстан жел соғады, кей жерлерде екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетпек. Ауа райының бұзылуына оңтүстіктен ойысқан циклон себеп. Аяз бен боран аптаның соңына дейін сақталмақ. Ауа температурасы күндіз -18, түнде кей жерлерде -38 градусқа дейін төмендемек.