Қоғам • 25 Ақпан, 2021

Бір қызық қансонарда түлкі аулаған...

739 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше ымырт үйіріле қар жауған. Үлпілдек, жұмсақ қар. Биік көктен билеп-ойнап жауған қар ен даланың етек-жеңін кіршіксіз аппақ жамылғымен қымтап орап, жып-жылмағай етіп тастаған.

Бір қызық қансонарда түлкі аулаған...

Шоқ қайыңның қылтасынан төрт салт атты бір-бірімен үзеңгі қағыстырып, шо­қытып шыға келгенде түн қараңғысы жаңа-жаңа сөгіле бастаған еді. Таңғы ауада шыңылтыр аяз бар. Ақ мамық көр­пеге оранған сайын дала еркін көсі­ліп, үнсіз мүлгіп тұр. Көз жанары жететін төңірек тып-тыныш, тып-ты­мық. Әлдеқайдан сауысқанның өлі тыныштықты бұзып, шықылықтағаны есті­леді. Иықтарына мылтық асынып, қол­дарына қамшы ұстап, тоқ жарау ат мінген аңшылар жылы киініпті. Таңғы тынық ауаны дар-дар айырып, әңгіме айтып келеді.

Қарлыкөл ауылының тұрғыны Айбек Ысқақтың бұл өңірде кездесе бермейтін те­гі асыл, тұқымы сирек тазысының кей­пі шебер суретші салған көркем туын­ды тәрізді екен. Ақ қардың үстінде жар­ғақ құлақтары дамылсыз делеңдеген дегдар тазының жүні сұйық, қап-қара моншақ таңбалы үшкіл танаулы, дөңес жонды. Көздері ақыл мен өжеттілікке тұнып тұрғандай.

– Мына Имантауға Қырғызстаннан көшіп келген ағайындарда тазының тай­ған деген түрі бар екен. Жалпы но­байы ұқсас. Жалғыз-ақ ерекшелігі құй­ры­ғында. Сосын мына тазылар тәрізді жыланбас, түлкі тұмсық, қасқыр шеке емес. Ал құйрықтарының ұшы сүйексіз, қамшықұйрық. Ағайындардың айтуына қарағанда, таулы жерде алдарынан аң қашып құтылмайтын көрінеді, – дейді серіктесе шыққан аңшы.

Тазы арқан бойы жерде із кесіп келеді. Кеше жауған қар үсті жосылып жатыр. Әне бір жерде қоян ізі, шым-шытырық әрқилы құстардың табан таңбасы. Мына тұс­та тышқан жорғалапты. Текті тазы бұта түбін шиырлап, із жосығын шығара алмай жүр. Таңғы таза ауадан әлдебір иіс аңдағандай орғып-орғып секіреді. Үйіне жаңа толған, алғаш рет қар басып тұрған тазының дене бітімі сомданып, құ­лақ­тарының бұйра шашақтары төгі­ліп, жұмсақ түктері қақтаған ақ күміс­тей жылт-жылт етеді. Майысқақ құба тал тәрізді аяқтарының бұлшық еттері тарам­данып, болат серіппедей ширығып тұр.

– Дүбәра тазылардың көзі ойнамалы, ұрлықшы, аузына не түссе соны жей бере­тін сұғанақ болады, – деді жаңағы аңшы, – ал, тамақты талғап ішетін, мінезі байсалды, салмақты тазылар тектілігін аңғартып тұрады ғой.

Аңшылар бұлаң құйрықпен Ақкөл­дің қабағына іліккенде күн арқан бойы көтерілген. Кенет қамшылар жақ бет­тегі қайың шоқтың бауырынан әлде­не­нің жалқын түсті сұлбасы қылаң ете қалды.

– Түлкі, – деп айғайлап жіберді қара­қас­қа атты аңшы, – түлкі қашты.

Тұңғыш рет қар басқан күшік тазы әуелі қар үстінде жанған оттай жалт-жұлт еткен бейтаныс аңға таңырқай қа­раған. Сәлден соң жосылтып шаба жөнел­ді. Құтты адырнадан ажал аңсап атыл­ған сұр жебедей екпінді.

Жеткенімен түлкі ауыз салдырмады. Ұзын, үлпілдеген құйрығын көл­де­нең тастап бұлғап қалғанында әлі ауызданбаған жас тазы лықсыған екпінін баса алмай, ілгері озып барып, омақаса құлай жаздады. Қу түлкінің ауыз­данбаған итті жер қаптыратын ежел­гі әдісі. Бірақ сайын далада желмен жарысқан жүйріктік өз дегеніне жеткізбей қоймайды екен. Сүтпісірім уақыт әуреленіп, әбден әуре-сарсаңға түскен күшік тазы түлкінің түбіне жетті. Сол сәт алпыс екі тамырдағы қан ойнап, әлдебір шаттық жайлаған.

Ит ұстауға құмар Айбек Ысқақ тазыны көзін тырнап ашқаннан бері серік етіп келеді. Бұл өнер әкеден жұққан, ал әкесінің айтуына қарағанда, бұрынғы өткен аталарының босағасынан дегдар тазы кетпеген екен.

– Ағам екеуміз бала күнімізден ит­­жанды болып өстік, – дейді итбегі Айбек Ысқақ, – тазы жарықтық дала­ның сәні ғой. Қазір барлық қажетті құжат­тарын түгендеп, еліміз бойынша өтетін дүрмекті жарыстар мен көрікті көрмелерге қатысып жүрміз. Тұқымы тым азайып қалған таза қанды төбет пен тазыны сұрыптап, қалғып кеткен қасиетті дәстүрді қайтадан жаңғырту бә­рі­мізге парыз. Өткен жылы карантинге байланысты бірнеше жарыстар өткі­зіл­­мей қалды. Әйтсе де оның алдында Қарағанды қаласында өткен респуб­ли­калық жарысқа қатысып, жүлделі оралғанымыз бар.

Итбегінің айтуына қарағанда, тазы­ның алғыр болып өсуі тәрбиелеуден екен. Мәселен, осы күшік тазыларды аң қағып жүрген, ауызданған иттерге қосқан дұрыс. Сонда әдіс-тәсілді мең­гер­мек. Бетін қағуға әсте болмайды. Олай етсең, жасқаншақ, жалтақ болып қалуы мүмкін. Ең бастысы, иттің мінез-құлқын тілсіз түйсіну. Осылай қа­лыптасса, ол да сенің ішкі ниетіңді кө­зіңнен аңдап, қабағыңнан танитын болады. Сәл қысқартып айтқанда, аңшы мен тазы тұтас бір әлем. Бірін-бірі емеу­рінінен таныса ғана алдындағы аңды құт­қар­майтын болып қалыптасады. Ал оған жеткенше қаншама уақыт машық қа­лыптастыру керек.

Итбегінің пайымды пікірін ақыл таразысына салып екшегенде ұлттық дәс­түр­дің ұлағатын ұғудың өзі зейінді­лер­дің ғана пешенесіне жазылған дүние екен дестік. Әйтпесе жеңіл-желпі қараған адам ит тілін, оның тілсіз айтқан тілегін ұға алар ма-ау.

Қанжығасы қамданған аңшылар мәз. Бүгін тазылары ауызданып, айды ас­пан­ға бір-ақ шығарды. Жалпақ жонда ит жүгірткен адамға бұдан артық не керек. Осы қас-қағым сәт дала ұлдарының көкірегіне қуаныш сыйлады. Былайғы жұрт түсінбейтін көңілдің бір сәті. Қыр­мызы қызыл түлкіні «үйірімен үш тоғыз» деп ақша қардың үстінде бір соғып алып, қанжығаға байлаған сәт тіл­мен сипаттауға келмейтін шаттықтың шырқау биігіндей. Жан жадырап, көңіл құсы ұшар басы көк тіреген Ақсораң тау­дың биігінде қалқып тұрғандай. Ары­дағы аңсақ аталар өткенші дүниенің қы­зы­ғын білген-ау, сірә!..