Спорт • 25 Ақпан, 2021

Көк тудың желбірегені...

825 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Алаш жұртының әлемде атой салған чемпиондары аз емес. «Egemen Qazaqstan» газеті ақпан айында тәуелсіздік алғалы 30 жыл ішінде биік тұғырдан көрінген ондаған Олимпиада, жүздеген әлем чемпионы мен жүлдегерін оқырман назарына ұсынды. Ал осындай толағай табыстардың ар жағында шәкірттерін қырандай баптап, аламанға қосатын жүздеген бапкердің еңбегі жатқаны cөзсіз. Спортшыларды жоғары деңгейде баптаған жаттықтырушылардың арқасында халықаралық жарыстарда елдің Әнұраны орындалып, көк тудың желбірейтіні сөзсіз. Сондай-ақ бапкерден бөлек тәуелсіздік алғаннан бас­тап бүгінгі күнге дейін спорттың дамуына үнемі қолдау көрсететін, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ еңбегін ерекше атап кеткен жөн. Тұңғыш Президенттің спортқа деген қамқорлығының арқасында жерлестеріміз жаһандық сайыстарда олжа салып, әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның абыройы мен мәртебесін асқақтатып келеді.

Көк тудың желбірегені...
  • Бапкер десе, алдымен Әбдісалан Нұрмахановтай дара тәлімгер еске түсері хақ. Ә.Нұрмаханов 1993-1997 жыл­дары бокстан ұлттық құраманың бас жат­тықтырушысы қыз­метін атқарды. Қа­зақстан құрамасы Әбді­салан ағамыздың бапкерлігімен дүние жүзі бойынша үздік үштіктің қатарында, Азия құрлығында №1 команда болды.

1994 жылы Иранда өткен Азия чемпионатында Болат Жұмаділов, Болат Ниязымбетов, Нұржан Сманов, Қанатбек Шағатаев және Аркадий Топаев сынды бес бірдей боксшы жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Тайландта өткен Әлем кубогында да Аркадий Топаев қарсыластарының барлығынан басым болса, Қанатбек Шағатаев финалға дейін жетті. Болат Ниязымбетов пен Виктор Шторм жартылай финалда сүрінді. 1995 жылы сары құрлық біріншілігінде жерлестеріміз тағы да атой салды. Ал Таш­кентте өткен Азия біріншілігінде боксшы жігіттер алты бірдей алтынды мойын­дарына тақты: Болат Жұмаділов, Бақтияр Тілегенов, Болат Ниязымбетов, Ермахан Ибрайымов, Василий Жиров. 1995 жылы жаһандық жарыста да Ә.Нұрма­ханов баптаған сайыпқырандар Болат Жұмаділов күміс, Василий Жиров қола медальды жеңіп алды. Бұл жүлделер тәуелсіз Қазақстан спортшыларының рухын көтерген үлкен жеңістердің бас­тауы еді.

1996 жылы Атланта Олимпиадасында биік мінберден көрінген боксшылар Василий Жиров – алтын, Болат Жұмаділов – күміс және Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибрайымов қола медаль жеңіп алды. Осылайша, Куба мен Болгария құрамаларынан кейінгі үздік үштіктен көрінген ұлттық құрама Өзбекстан, Грузия, Армения секілді мемлекеттерді айтпағанның өзінде базасы мен спорттық әлеуеті бізден әлдеқайда мықты Ресей мен Украина елдерінің өзін артқа тастады.

  • 2017 жылы Алматыда өткен қыс­қы Универсиададан кейін шорт-трек­тен Қазақстан құрамасының бас жат­тық­тырушысы Мәдіғали Қарсыбековтің еңбегі қалың жұртқа мәлім болды. Бас бапкердің төл шәкірттері – Абзал Әжға­лиев, Нұрберген Жұмағазиев, Айдар Бекжановтар әлемдік сайыстарда олжа салып жүр. А.Әжғалиев – шорт-тректен Әлем кубогының жеңімпазы, қысқы Азиаданың қола жүлдегері, дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін күміс жүлдегері. Дәл осы Абзал 2018 жылы қысқы Олимпия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның мемлекеттік туын ұстап шықты. Н.Жұмағазиев те осал емес. Оның қоржынында Әлем кубогының екі алтын медалі, сары құрлықтың қола медалі, Универсиаданың қос қола медалі бар. Сондай-ақ Әлем кубогының екі дүркін қола жүлдегері Айдар Бекжанов, Азия ойындарының қола жүлдегері Артур Сұлтанғалиев, Азия кубогының қола жүлдегері Аслан Дауымов секілді қазақ жігіттері халықаралық аренада ел намысын қорғап жүр.

Белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбектің «Қазақтың 72 бапкері» кіта­бын­дағы деректерге сүйенсек, 1988-1996 жылдары және 2006 жылдан қазіргі уақытқа дейін ұлттық құраманың бас бапкері қызметінде жүрген Мәдіғали Әбдіғалиұлы үшін мұндай жетістік құрамаға оңай келген жоқ. Сол тұста Спорт агенттігінің басшысы Дәулет Тұрлыхановтың ұсынысымен Алматыдан Оралға бет алған бапкер әуелі қала мектептері мен аулаларды аралап жүріп, өзіне шәкірт іздеді. Көшеге хабарландыру ілді. Сондай табандылықтың арқасында 5 мыңдай баланы сынап көріп, соның ішінен 60-қа жуығын шорт-трекке баулыпты. Сол алпыстың ішінен халықаралық додаларда олжа салған чемпиондар шықты.

  • Қазақ боксының жұлдызды сәті Тұрсынғали Еділовтің есімімен байланысты. Сидней Олимпиадасында қазақ боксшылары атой салып, командалық есепте дүние жүзі бойынша үшінші орынды иеленді. Ұлттық құраманың тізгінін Тұрсынғали бапкер ұстаған сол 1997-2001 жылдары қазақ боксы әлемдегі ең мықты құраманың біріне айналды.

Тұрсынғалидың тұсында оған дейін шаршы алаңда атой салған біраз бокс­шылар рингпен қош айтысқан-ды. Ендігі жерде Еділовке солардың орнын басар мықты команда жасақтау қажет еді. Ол жасақтаған команданың мықтылығы Бангкокта өткен Азия ойындарында айқын­далды. Ермахан Ибрайымов, Мұх­тар­хан Ділдәбеков, Вячеслав Бурба осы аталмыш додада қарсыластарынан басым түсіп, нәтижесінде Еділовтің жігіттері 3 алтын, 1 күміс, 1 қола еншіледі.

Қазақ спортының тарихында тұңғыш рет төрт бірдей боксшы – Болат Жұмаділов, Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибрайымов және Мұхтархан Ділдәбековтің Олимпия ойындарының финалына шығатын кезі де құрама тізгінін Тұрсынғали ұстаған тұс еді. Сидней Олимпиадасында қазақ-куба боксшылары бір-біріне үш рет қарсылас болса, соның үшеуінде де біздің жігіттер басым түсті. Б.Саттарханов пен Е.Ибрайымов Олимпиаданың алтын медалін алса,  М.Ділдәбеков пен Б.Жұмаділов күміс тұғырдан көрініп, ел абыройын асырды. Бұл – қазақ боксы бұрын-соңды Олимпия ойындарында бағындырмаған белес еді.

  • Спорттық гимнастикадан қазақ­тан шыққан ең танымал жат­тық­тырушы Едіге Жаровтың еңбегі ерен. 11 жасынан бастап Алматыда спорттық гим­настикамен шұғылдана бастаған Едіге Нұрмаханұлының алғашқы бапкері Александр Калиш болатын. Калиштің қоластында жаттыққан Едіге гимнас­т­шы ретінде биік белестерді бағындыра алмаса да, бапкер ретінде әлемдегі мықтылардың бірі болды. Оның төл шәкірті Валерий Люкин Сеул Олимпиадасынының екі дүркін жеңімпазы және екі дүркін күміс жүлдегері атанғаны осыған дәлел. Неге төл шәкірті? Себебі, КСРО-ның еңбек сіңірген бапкері Едіге өзінің шәкірті Валерийді 1977 жылы Ақтөбеден 11 жасында Алматыға алдырып, тәрбиеледі. Күніне 6-7 сағат тер төгуінің арқасында білікті бапкерден шыңдалып шыққан Люкин екі мәрте әлем, бес мәрте Еуропа чем­пионы атанды. Әлемде ешкім жасамаған бірнеше элементті дүниеге әкелді. Сол әдістердің бірі һәм бірегейі белдемеде (турник) 360 градус бұрылыспен алға бүгіліп жасайтын сальто. Бұл әдісті ойлап тапқан Едіге бапкер еді. Алматы облысы Нарынқол ауылының тумасы 1990 жылдан 2000 жылға дейін Францияда еңбек етіп, 2000 жылдан бері Канадада тұрады. Францияда баптаған шәкірті Жил Стабло 1995 жылы Еуропа чемпионы атағын жеңіп алса, 1997 жылы тағы бір шәкірті Франция чемпионатында топ жарды.

2000 жылы Канадаға қоныс аударған Едіге бапкердің баруымен тұралап қалған Канада гимнастикасы аяқтан тұрды. 1999 жылғы әлем біріншілігінде бар-жоғы 18-орынға тұрақтаған Канада, 2001 жылы 12-орынға, ал 2003 жылы 5-орынға табан тіреді. 2004 жылы Афинада өткен Олимпия ойындарында канадалық Кайл Шифелт алдына жан салған жоқ. Бүгінгі күні Едіге бапкер Халықаралық гимнастика федерациясы техникалық комитетінің мүшесі. Канада тарихында спорттық гимнастикадан Олимпиада чемпионын дайындаған тұңғыш бапкер.

  • Есімін ерекше атап өтуге болатын бапкердің бірі – Алтай Танабаев. «Қазақ­тың 72 бапкері» кітабында айтылғандай, алдымен жас балуандарды жаттықтырған А.Танабаевқа кейіннен ер­кін күрестен ұлттық құрама сеніп тап­сырылды.

2011 жылы Түркияда өткен әлем чем­пио­натына барған Қазақстан құрама­сы сапында бес бірдей қазақ балуа­ны болды. Ал олардың екеуі – Дәулет Нияз­беков пен Дәурен Жұмағазиев қола жүлдегер атанды. Бұған дейін ұлттық құрама сапында қазақ балуандарының көп болмағанын және 1997 жылдан бері қазақ баласының еркін күрестен әлемдік доданың тұғырына шықпағанын ескерсек, бұл жеңістерді тарихи ерлік деуге тұрарлық. Тәртіпке нық, талапшыл Танабаев бұл жеңіске тоқмейілсіген жоқ. Кейіннен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері атанған Ақжүрек Таңатаровтың қарым-қабілетін де тани білді. Дағыстандағы оқу-жаттығу жиынында Ақжүректің қайратын байқап, Олимпия ойындарына қосты.

Лондон Олимпиадасының қола жүлдесі үшін күрескен шәкірті Дәулет Ниязбеков қарсыласына есесі кетіп, бесінші орынға тұрақтады. Ал Ақжүрек Таңатаров пен Дәулет Шабанбай дәл осындай мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Атлантада Мәулен Мамыров қола медаль еншілегеннен кейін қазақтың еркін күрес балуандары Олимпиада жүлдесін алмаған еді. Осылайша, арада 16 жыл өткеннен кейін күрестен Олимпиада ойындарының қос қола жүлдесі қазақ балуандарына бұйырды.

  • Грек-рим күресіне қызығатындар арасында Таңат Сағындықовты білмейтін жан жоқ. Қазақстан ұлттық құрама тізгінін үш мәрте ұстаған білікті маман, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Бақтияр Байсейітовтің бапкері. Одан бөлек, КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы Есенкелді Батырғарин, Азияның қола жүлдегері Рүстем Байсейітов сынды шәкірттерінің жеңіске жетуіне бірден-бір себепкер болған жаттықтырушы.

1992-1993 жылдары құрама тізгінін алғаш ұстаған тұста, яғни 1993 жылы бас бапкердің шәкірттері Азия чемпионатында жүлде саны бойынша командалық есепте үшінші орынға шықты. 2006-2009 жылдары құрама тізгінін екінші мәрте ұстаған кезде, шәкірттері халықаралық аренада әжептеуір нәтиже көрсете бастады. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында Нұрбақыт Теңізбаев пен Әсет Мәмбетов үздік үштіктен көрінді. Араға жыл салып Н.Теңізбаев әлемдік додада қола жүлдегер атанды.

2012-2016 жылдары ұлттық құрамаға үшінші мәрте келген Сағындықовтың шәкірттері әлемде, сары құрлықта атой салды. Досжан Қортықов, Алмат Кебіс­баев сынды балуандар әлем біріншілігінің қола медалін мойындарына ілді. Ал әлем чемпионатында үздік үштіктен көрінген Нұрмахан Тінәлиев Азия ойындары мен са­ры құрлық чемпионатында алдына жан салған жоқ. Сондай-ақ 2014 жы­лы Астанада өткен Азия чемпионатын­да Таңат Сағындықовтың шәкірттері 2 ал­­тын, 1 күміс және 2 қола медальмен жал­­пы­­­ко­мандалық есепте бірінші орынға шықты.

  • Бокстан Қазақстан құрама коман­дасының бас бапкері қызметін тоғыз жыл (2009-2018) атқарған Мырзағали Айтжанов «Әлемнің ең үздік бас бап­кері» деген атақты екі рет иеленген жалғыз бапкер. Ол құраманы басқарған жыл­дары қазақ боксшылары Азия чемпионатынан – 15 алтын, 7 күміс, 6 қола, Азия ойында­ры­нан – 8 алтын, 5 күміс,
    2 қола, әлем чем­пио­натынан – 5 алтын,
    8 күміс, 7 қола және Олимпия ойындары­нан – 2 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды.

Әлем чемпиондары Біржан Жақы­пов пен Қайрат Ерәлиев, Бейжің Олим­пиадасының және әлем біріншілігінің қола жүлдегері Еркебұлан Шынәлиев, сондай-ақ 2019 жылғы әлем чемпио­натының қола жүлдегері және Токио Олимпиадасының жолдамасына ие болған Сәкен Бибосынов сынды шәкірт­терді тәрбиелеген М.Айтжанов осындай жетістіктің барлығы ел тәуелсіздігінің арқасында келгенін айтады: «Біздің жетістіктеріміздің негізі – Азаттықтың арқасы, тәуелсіз ел ретінде бүгінде бар­лық салада ешкімге жалтақтамай, өз қалауымызша жұмыс істеудеміз. Соның аясында спортымызға да жоғары деңгей­де көңіл бөлінуде. Бүгінде мемлекет тара­пынан спортқа жасалып жатқан жағдайға көңіл толады. Сондықтан, қазақ спортының жоғары нәтиже көрсетуіне мүдделі болған барлық басшылар мен жанашырларға қашанда ризамыз», дейді әлемнің екі дүркін үздік бапкері.

Жоғарыда сөз еткен бапкерлер үздік­тердің бір шоғыры ғана. Әйтпесе, әлем, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерін баптаған небір талантты мамандар елімізде жетерлік. Мысалы, бокстан Олимпиада және әлем чемпионы Данияр Елеусіновтің әкесі әрі бапкері Марат Елеусінов, Бақтияр Ар­таевтай Олимпиада жеңімпазын тәр­биелеген Нұрлан Ақүрпеков, атақты Ген­надий Головкиннің бапкері, бүгінде бокстан ұлттық құраманың бас жаттық­тырушысы Ғалым Кенжебаев, Олим­пиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, әлем чемпиондары Ердос Жаңабергенов пен Бекзат Нұрдәулетовтің бапкері Марат Жақиев секілді тағы басқа мамандарды сөз етуге болады. Сондай-ақ жеңіл атле­тикадан үш Олимпиадада олжа салған, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакованың әкесі әрі бапкері Сергей Алексеев, ауыр атле­тикадан бірнеше әлем және Олим­пиада чемпиондарын баптаған, Рио Олим­пиадасының жеңімпазы Нижат Рахи­мовтың бапкері Алексей Ни, су добынан Қазақстан құрамасын жаттықтырып, Азия Ойындарының жеңімпазы болған Асқар Оразалинов, жүзуден Рио Олим­пиадасының чемпионы Дмитрий Балан­диннің бапкері Алексей Казаков, волейболдан Қазақстан қыздар құрамасын жаттықтырып, Азияда үздіктердің тізімінен көрінген Бақытжан Байтөреев те білікті мамандар қатарында. Қысқы Олим­­пиаданың қола жүлдегері Денис Тенді Сочи Олимпидасына дайындаған Фрэнк Кэрролл, 2018 жылғы Пхенчхан олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышеваның жеке бапкері Елена Круглыхина секілді қысқы спорт түрлері бойынша да мықты бапкерлер бар.