Аймақтар • 25 Ақпан, 2021

Business Ertis бағдарламасы қолдау көрсетеді

347 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жуырда еліміздің Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері Business Ertis бағдарламасы шеңберінде облысқа жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында олар өңірлік экспорттық кеңестің отырысына қатысып, Павлодар мен Екібастұз қалаларында бірқатар өнеркәсіптік және тағам өндірісі кәсіпорнын аралады.

Business Ertis бағдарламасы қолдау көрсетеді

Бұған дейін облыс әкімдігі жер­гі­лікті бизнесті қолдаудың Business Ertis атты жаңа бағдар­ла­ма­сын қа­былдаған-ды. Бағдарламаны жү­зе­ге асыруға 12 кәсіпкер, 13 аудан әкімдігі, 15 салалық мемлекеттік ор­ган, қаржылық бөлімдер, жо­ға­ры оқу орындары, колледж, 11 үкі­мет­тік емес ұйым мен шағын және орта бизнес өкілдері қатысады. Мақ­­сат – облыс кәсіпкерлеріне қол­дау жасап, бизнес-климатты жақ­сар­ту. Павлодарлық кәсіпкерлер Business Ertis бизнесті дамыту және қолдаудың облыстық бағдарламасы ая­сында 150 млн теңгеге дейін инно­ва­циялық грантқа ие бола алады. Гранттар Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нис­трлігі «Инжиниринг және тех­но­ло­­гиялар трансферті орталығы» АҚ арқылы беріледі.

Облыстық кәсіпкерлік және ин­дус­­трия­лық-инновациялық даму бас­қармасының басшысы Айбек Тұрсынғалиевтің айтуын­ша, Business Ertis тұжырымдамасы 36 жоба мен 588 шағын жобадан тұрады. Жаңа бағдарлама нәтижелі болмақ. Бес бө­ліктен тұратын Business Ertis бағ­дар­ламасы өңірдегі кәсіпкерлерді, әлеуметтік бастамаларды қолдап, экологиялық іс-шаралардың жүзеге асырылуына әлеуетті жағдай жасайды. Мысалы, «Жаңа жасыл аллея» экологиялық жобасы арқылы балаларымен саябаққа келетін отбасылар сол жерден жас шыбық сатып алып, тал егеді. Ағаш еккен адамардың аты-жөндері жазылатын тақтайша сататын павильон орналаспақ. Мұн­дай жобалар бизнеспен қатар өңір­дегі экологияны жақсартуға сеп­ті­гін тигізбек. Егер мүмкіндіктер жө­нінде кәсіпкерлерге ақпарат дұ­рыс жеткізілсе, кәсіпкерлікпен ай­на­лысуға ниет етушілер қатары кө­бе­йері сөзсіз.

Енді өңірлік экспорттық кеңес­тің отырысында не айтылды деген мәсе­леге келсек. Былтыр індеттің та­ра­уына орай қабылданған ка­ран­­тиндік шаралар тауарларды экспортқа шығаруға, өнімдерді тап­­сырыс берушілерге жеткізуге ке­­дер­гі келтіргені белгілі. Бірақ осын­­дай қиын кездерде мемлекет та­рапынан шағын және орта биз­нес өкілдеріне көлік, маркетинг бойынша шығындарды өтеу, сақ­тан­ды­ру бойынша қаржылай қолдау көрсетілетінінен біраз кәсіпкер хабарсыз болып шықты. Ал Business Ertis бағдарламасының аясында экс­портқа қатысты мәселемен тіке­лей айналысатын екі компания – Qaz Trade сауда саясатын дамыту ор­талығы АҚ мен Kazakh Export экспорттық сақтандыру компаниясы АҚ өкілдері өңірдегі кәсіп­орын­дарға барып, бизнес өкілдерімен сөй­лесті. Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен жиынға Сауда және ин­тег­рация вице-министрі Қайрат Тө­ре­баев онлайн режімде қосылды. Сон­дықтан кеңесте жергілікті ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасындағы жұмыстың өзара іс-қимылын жақсарту үшін көлік шығын­дарын өтеу, өңделген өнім­ді экспорттаушылар үшін сақ­тан­дыру және экспорттық акселера­ция бағдарламасын, сондай-ақ Kazakh Export экспорттық сақ­тан­ды­ру компаниясы АҚ мен Qaz Trade сауда сая­сатын дамыту орталығы АҚ-ның жалпы қызметі түсіндірілді.

– Былтыр пандемияға байланыс­ты тауарларды тасымалдау, ше­тел­дік серік­тестермен байланыс ор­­нату бағы­тында қиындық бол­ға­ны­­мен, мем­лекет тарапынан қолдау жасал­ды. Мысалы, ши­кі­зат­тық емес өнімдерді экспортқа шы­ға­ру үшін сақтандыруға 134 млрд тең­геден астам қаржы бөлінді, – деп атап өтті вице-министр.

Ал Qaz Trade АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы әлемдік на­рық­та шикізаттық емес тауарларға сұраныс бар екеніне тоқталып, был­­­тыр шикізаттың тауарлар экспорты 19 пайызға, шикізаттық емес та­уар­лар­ға деген сұраныс 2,7 па­йыз­ға тө­мен­дегенін жеткізді. Биыл Қы­тайға 100-ге жуық азық-түлік өнім­і жет­кізілмек.

– Жалпы, шетелдік нарықтан орын алу үшін электронды коммерцияға кө­шу қажет. Мысалы, Alibaba.com ха­лықаралық платформасы арқылы павлодарлық «Ертіс Агро», «ТПК ТОНАР» сияқты компаниялар жұмыс істейді. Ал сыртқа тауар жөнелткен шағын және орта бизнестің шы­ғын­дарын мемлекет көтереді. Кө­лік-логистикалық шығындарға 75 мың АЕК, бұл дегеніңіз – 220 млн теңге және көрмелерге бару, кез­десулер ұйымдастыру үшін де, маркетингтік бағыттардағы сапар­лар­дың шығындарын өтеуге 13 мың АЕК көлемінде қаражат бөлінді. Өті­ніштерді қабылдау маусым, шіл­де айында жалғасады. Биыл шы­ғындарды өтеуге қатысты өтініш­тер­­ді қабылдау ісі толығымен элек­трон­­ды форматқа көшеді, – деді А.Асқарұлы.

Kazakh Export АҚ өкілі Алмаз Берік­қалиұлының айтуынша, экс­портқа өнім шығаратын отан­дық кәсіпорын­дардың келі­сім­шарттары мемлекет тарапынан сақтандырылады. Егер шетелдік тапсырыс берушілер қандай да бір себептерге байланысты біз­дің компанияларға қаржыны уақ­ты­лы төлей алмаса, өзге елдің кә­сіпорын­­да­ры беруі тиіс соманы Kazakh Export АҚ өтейді. Отан­дық экс­порт­­тау­­шылар бұл мәселеге алаң­дамаса бо­лады.

Жергілікті бизнес өкілдерінің айтуын­ша, өндірген өнімдері мен тауарларды тасымалдауда қиындықтар бар. Мысалы, «УПНК-ПВ» ЖШС-нің қыздырылған мұнай коксы тиелген вагондары қытайлық тапсырыс берушілерге жетпеген. Сондай-ақ жергілікті астықты сол жаққа жеткізу үшін өнімдерін контейнерлермен жеткізуді талап етіп отыр. Осы мәселеге орай «Қазақстан темір жолы» – Жүк тасымалы» ЖШС жергілікті бөлімі директорының орын­басары Дәурен Мигуновтың ай­туынша, егер талапқа сай болса еш бөгет жоқ. Өйткені әр елдің тала­бы басқа. Мысалы, қытайлық тарап арнайы қаптарға салынған өнімдерді ғана қабылдауға дайын. Бұл күндері облыстағы «Бозшакөл» ЖШС, «Қазақстан алюминийі» АҚ кә­сіпорын­дары шетелдіктер талабына сай жұмыс істейді.

Кәсіпорын өкілдері CT-KZ серти­фикаттарын, тауарларға ілеспе жүк құжат­тарын алу да көп бөгет келті­ретінін айтты. Уақытында жө­нел­­тілмеген тауар­лар, өнімдер са­пасы шығын әкелері сөзсіз. Сон­дық­тан экспорттаушы карталарын цифрлы форматқа ауыстырып, құжаттарды 24/7 көлемге ауыстыруды сұрады. Егер мемлекет тарапынан ша­ғын және орта бизнес өкілдеріне көлік, маркетинг бойынша шығындарды өтеу, сақтандыру бойынша қаржылай қолдау көр­­се­тілетін болса, онда өтелетін шы­ғын­­дар тізіміне қаптамаға кететін қаржы көлемін де қосу қажет. Екі­бас­­тұздағы «Пром­машкомплект» ЖШС-де 215 мыңға жуық дөңгелек шығарылып, отан­­дық және шетелдік компанияларға жөнел­­тілген. Өнім дайындауға қажет шикізат­­тарды Ресей мен Украинадан сатып алады.

Ал ауылдағы «Ақжар-Өндіріс» шаруа­шылығының басшысы Гүлзира Қазылова көрмелерге қа­ты­су шығындары да өтелсе деген ұсы­нысын жеткізді.

Жалпы, облыс­та экспортқа жұмыс істейтін 100-ге жуық кәсіпорын бар. Өңір­де­гі жаңа жобалар еліміздегі Индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ла­масы шеңберінде іске қосылып, нәтижесінде 70-ке жуық жаңа өнім түрі пайда болды, оның 35 пайызы экспортқа бағдарланған. Жер­гі­лікті кәсіпкерлер өзге елдермен ынты­мақтастық байланыс орнатты. Алай­да індеттің таралуына орай экономикалық ахуал да қиындап, шектеу шаралары бизнестің дамуына теріс әсер ете бастады. Мысалы, қазір облыстағы «Проммашкомплект» ЖШС, «Қазэнергокабель» АҚ, KSP Steel ЖШС кәсіпорындары індет­тің және сұраныстың төмендеуі жағ­да­йында жаңа өткізу нарықтарын іздестіріп, Израильге кабель-өткізгіш өнімдерін, Канадаға құбыр өнімдерін жеткізуді бастап кетті. Бұл тұрғыда мемлекеттің белсенді түр­де қолдау көрсетуі ерекше маңызды. Отан­дық экспорттаушыларды қолдау үшін оларды мемлекеттік бағдарламаларға қа­тысуға тарту бойынша барлық шаралар қабылдануда. Kazakh Export, Qaz Industry индустрия және экспорт орталығының өкілдері Павлодар өңірінің кәсіпорындары үшін мем­ле­кет­тік ынталандыру шаралары бойынша онлайн-вебинарлар мен облыс кәсіпорындарына көшпелі консультация­лар өткізуде.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша экспорттық шығындарды өтеуге 23 нысаннан 77 өтінім берілді, оның ішінде 16 субъектінің жалпы сомасы 183,8 млн теңгеден асатын 30 өтінімі мақұлданды. Биыл экспорт бо­йынша шығындардың бір бөлігін өтеуді Qaz Trade сауда саясатын дамыту орталығы АҚ жүзеге асырады. Өті­німдерді қабылдау 26 қаңтардан 1 маусымға дейін жалғасады, – дейді басқарма басшысы.

Былтыр павлодарлық кәсіпкерлер 8 152 тонна ұнды экспортқа жө­нелт­ті. Сондай-ақ 97,4 мың өнім өнді­рілген. Өнімдер жақын шетелдермен бірге, Германия, Польша, Аустрияға жеткізілді. Экспорттаушы кә­сіпорындар қатарында «Ертіс диір­ме­ні», «Ақтоғай Агро», «РубиКом», «КЭММИ» сияқты басқа да ірі кәсіп­орын­­дар бар.

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов Business Ertis бағ­дарламасы барысында алдағы уа­қытта кәсіпкерлерге қажетті кезде­су­лер басқа бағыттарға жауапты ірі ком­пания өкілдерімен өтетінін айт­ты.

Облыс орталығында ұлттық на­қыш­­­тағы бұйымдар жасайтын «Қаз­Өнер» мультибренді дүкені Business Ertis бағдарламасы аясында кәсібін бастады. Жеке кәсіпкерлік иелері – Гүлнәз Қадыр мен Мейіргүл Бағытқызы бұған дейін сау­да үй­ле­рі­нен орын жалдап келіпті.

– Шағын экономикалық аймақ ашылады деген соң, кәсіпкерлік бөліміне барып шарттарымен та­ныс­тық. Бағдарламаға қатысып, былғарыдан аксессуарларды тігу түрлерін онлайн барысында таныс­тырып, жобамызды қорғап шықтық. Қа­зір біз сияқты 10 кәсіпкерге ком­му­нал­дық шығынды ғана төлейтіндей шағын экономикалық аймақтан әрқайсымызға 17 шаршы метрден орын берілді, – дейді Гүлнәз Қадыр. Кәсіпкердің айтуын­ша,былғары сөмке шығару үшін шетелден құрал-жабдықтар сатып алған. Ұлттық нақышта безендірілген сандықтар жасай­ды. Бүгінде «ҚазӨнер» жеке кәсіп­керлігінде 5 адам еңбек етуде. Сол сияқ­ты, «Темірова» жеке кәсіпкерлігі де по­лиэфирлі бау мен түрлі бұйымдар өнді­рісін ашу үшін 500 мың теңге грантқа қа­жетті құрал заттарын сатып алған, оған Business Ertis бағдарламасы аясында кәсіп бастау үшін орын берілген.

 Облыс орталығы аумағында ав­томобиль шиналарын жинау және одан әрі іске жарату бойынша ECO GOLD ЖШС-мен келісім жасалды. Бұл жоба да Business Ertis бағдарламасы барысында жүзеге асырылады.

 Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында ша­­ғын және орта бизнеске назар ауда­­рып, оларды ішкі нарыққа ғана емес, сыртқы нарыққа да бе­йім­­деу керектігін айтты. Ша­ғын биз­нес­тің де экспорттық әлеуе­тін арт­тырып, қолдау қажет деп Үкі­мет­ке тапсыр­ма берді.

Жуырда облыс тұрғындары ал­дын­дағы есептік кездесу кезінде облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы отбасылардың әл-ауқа­тын көтеру көзделгенін жеткізді. Ін­дет сал­дарынан болған карантиндік ша­ралардың шағын және орта бизнеске қан­ша­лық­ты ауыр болғанын айтып, кәсіп­­кер­лікті қолдау мақсатында қолға алын­ған іс-қимылдарды баяндады.

– Біз шағын және орта бизнес жобаларын мемлекеттік бағдар­ла­малармен қамтуды барынша арт­тыруға тырыстық. Кредиттеу көле­мін 1,5 есеге ұлғайттық, – дейді өңір басшысы. Облыс бойынша шағын индустриялық аймақтар іске қосылды, бүгінде 70 кәсіпкер жал­дау ақысын төлемей жұмыс істей­ді және жүздеген адамға жұмыс бере­ді. Орта бизнестің өндірістік қуа­ты­ның жүктемесі 75 пайызға дейін артты. Halyk Bank-пен бірлесіп Zhas-Halyk.Ertis кепілсіз кредит беру­дің өңірлік бағдарламасы іске қосылды. Бірақ олардың арасында жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдаудың бәсеңдігі мен кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау тетіктері жөніндегі ақпараттың азды­ғын алға тартты.

– Кәсіпкерлерді, оның ішінде бас­тапқы бизнеске қызмет көрсету режі­міне көшу керек, – деді Ә.Сқақов. – Кәсіпкерлердің біразы бюро­кра­тияға тап болып, іс бастаудан ай­нып қалатынына еш шүбәм жоқ. Мұндай келеңсіздікті шағын және орта бизнеске көрсетілетін қызмет сапасын арттыру арқылы жою керек.

Иә, өңірде шағын және орта бизнесті қолдаудың «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек», «Бизнестің жол картасы», «Жас Халық» және басқалары сияқты көптеген түрі бар. Мәселе – ақ­парат­тың халыққа жетуінде, шағын және орта бизнестің жұмысына жанашыр болатын жергілікті басқармалардың қол­дауында.

 

Павлодар облысы