Медицина • 25 Ақпан, 2021

Кеспей операция жасау әдісі Алтайға жетті

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуықта Алтай ауданының орталық ауруханасында ангиографтың жұмысы іске қосылды. Осыдан былай, науқастарға рентгендік эндоваскулярлық әдісін қолдана отырып, скальпельсіз операция жасалады.

Кеспей операция жасау әдісі Алтайға жетті

10-15 жыл бұрын науқастар күрделі операцияға жату үшін Нұр-Сұлтанға, сәл кейін облыс орталығына сабылатын. Оның өзінде алдымен науқасты порталға қояды. Әрине, жедел операция қажет болмаса. Содан соң уақыты келгенде бума-бума қағаз құшақтап жүріп, кабинеттен кабинетке кіреді. Тапсыратын талдаулары да аз емес. Ұзын-сонар кезек те бар еді.

Қазір медицина дамып келеді. Бас­шылар «бармақ басты, көз қыстыға» жол беріп қоймаса, аудандарға да көңіл бөлініп жатыр. Көтермеақысы мен бас­панасын берсе, алыс елді-мекендерге барудан ақ халаттылар да тартынбайды. Соның бір айғағы, биыл 15 ақпанда Алтай ауданының орталық ауруханасында ангиографтың жұмысы іске қосылды. Қарапайым тілмен айтсақ, осыдан былай науқастарға операциялар скальпельсіз жасалатын болады. Оны тәжірибелі маман, дәрігер-интервент Дамир Маратұлы жүргізеді.

Интервенциялық немесе эндоваску­лярлық хирургия – рентгендік эндовас­ку­лярлық әдісін қолдана отырып, адам денесіндегі ақауды скальпельсіз қа­лыпқа келтіру. Яғни медициналық құ­ралды зақымдалған мүшеге тамырлар арқылы жеткізеді. Аудандық аурухана операцияға қажетті жоғары техноло­гиялық ангиографиялық жабдықпен қамтамасыз етілді. Енді науқастарға облыс орталығына барудың қажеті жоқ, көптеген операциялар ауданда-ақ  жасалады.

– Кез келген инфаркт ескі тәсілмен емделмесе, жүрек бұлшықетінің некрозына, өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Қазір бізде стенокардиямен ауыратын 61 жастағы науқас ем алып жатыр. Бұл әдіс оның ишемиясы бар-жоғын, буындарының жұмыс істеуін, тамырлардың тарылғанын анықтауға мүмкіндік береді. Қажет болса, стент орнатылады. Мамандарды даярлау үш жылға жуық уақыт алады. Сондықтан ауданға облыс орталығынан арнайы дәрігер-интервентті шақырдық, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігері Олжас Нұркенов.

Алтай ауданы наурыздан бастап бүкіл жылдық көлемде жасалатын операцияны толығымен қамтуды жос­парлап отыр. Әзірше, операция Алтай тұрғындарына ғана жүргізіледі. Ал алдағы уақытта ангиограф толық қуатта жұмыс істей бастайды.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Алтай ауданы