Аталған мектептің 12-сыныбында оқитын Гүлсім Әзірахмет пен Ұлан Құндызбай Әбу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің толық грант иегерлері атаныпты. Бұл оқу орнында олар инженерлік сала бойынша білім алатын болады.
Авиация инженері мамандығын таңдаған Гүлсім болашақта әуе апаттарының алдын алуға көмектесетін жүйені құруды арман етеді. Ол өзінің бакалавриатта алған білімі ұшақтың құрылымын және автоматтандырылған жүйелерді құру алгоритмін түсінуге көмектесетініне сенімді.
Ал Ұланның таңдауы физикаға түсті. Нью-Йорк университетінде ол осы саладағы білімі мен дағдыларын тереңдеткісі келеді.
– Инженер болғым келеді, дейді талапты жас. – Әрине университетте нақты саланы таңдайтын боламын. Инженерия қоғам үшін маңызды, өйткені инновациялар мен өнертабыстар адамдардың өмірін жеңілдетеді және адамзаттың дамуын алға жылжытады.
Әбу-Дабидегі Нью-Йорк университетінің филиалы 2010 жылы ашылған. Қазірдің өзінде абырой мен бедел жиып үлгерген бұл оқу орны жыл сайын дүние жүзі бойынша дарынды студенттерді іздейді және оларға түрлі стипендиялар мен гранттар түрінде қаржылық қолдау көрсетіп отырады.
ҚАРАҒАНДЫ