Экономика • 25 Ақпан, 2021

2021 жылы көлік сатылымы былтырдан да асып түсе ме?

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылы Қазақстан көлік сату және сатып алу бойынша өсімге ие болғандығы белгілі. Қызметкерлердің онлайн жұмысқа көшуі, интернет-сауданың артықшылыққа ие болуы да көлік сатылымына кедергі бола алған жоқ. Жылдың артық-кемін бағалау мақсатында Қазақстан автобизнес қауымдастығы ресми дилерлер арасында сауалнама жүргізген, деп хабарлайды Egemen.kz.

2021 жылы көлік сатылымы былтырдан да асып түсе ме?

Сауалнамаға қатысушылардың 50 пайызы теңге курсының құбылуы нарыққа кері әсер еткенін айтса, 36 пайызы айтарлықтай әсері болмағандығын айтады. Қатысушылардың 57 пайызы Қазақстанның ЕАЭО аясында болуын ыңғайлы деп бағаласа, 36 пайызы армениялық көліктерді есепке қоюдың кері әсер бергенін айтқан. Сондай-ақ 42 пайыз дилерлер 2020 жылы сатылым жоспарлы көрсеткіштен асып түскенін мәлім еткен.

Респонденттердің 93 пайызы 2020 жылы жаңа автомобильдер бағасының өзгергенін атап өтті. Олардың 79 пайызы бұл фактордың сатылымға кері әсері болды дейді. Соған қарамастан баға айтарлықтай көтерілмеген. Егер 2018 жылдың соңында бағалар орташа алғанда 11 пайызға жоғарыласа, 2019 жылдың соңында 6,3 пайызға, 2020 жылдың соңында жекелеген брендтер мен модельдер үшін 5-7 пайызға көтерілді.

Дилерлер 2021 жылы сатылым былтырдан да жоғары болады деп болжайды. 50 пайызы былтырғыдан 5-10 пайызға жоғары деңгейде көлік сатуды жоспарласа, 14 пайызы 10-20 пайызға, 21 пайыз дилер 20-30 пайызға артық сатылым жасауға ниетті.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметінше, 2020 жылы жаңа автомобилдер сатылымы 93 371 бірлікке жеткен. Елімізде былтыр 75 235 жеңіл автокөлік, жүк және жолаушылар автотранспорттары құрастырылған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 52 пайызға жоғары.

«Нарық пен саланың даму перспективасына анализ жасай отыра биыл нарықтағы жергілікті автомобильдер үлесінің өсу тенденциясы жалғасады. Өз кезегінде автоөндіріс саласы өндіріс қуаттылығын арттырып, шығарылған өнімді локализациялау және экспорттауды ұлғайтпақ. 2021 жылы қауымдастық 100-120 мың жеңіл және коммерциялық автокөліктер сатылымы болады деп болжайды» делінген қауымдастық хабарламасында.