Аймақтар • 25 Ақпан, 2021

Атырауда жолда қалған 63 адам құтқарылды

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысында қолайсыз ауа-райы әлі жақсара қойған жоқ. Осыған орай арнайы құралған штаб мүшелері бір аптада жолда қалып қойған 63 адамды құтқарды. Оның бесеуі – бала.

Атырауда жолда қалған 63 адам құтқарылды

«Өңір тұрғындарына мобильді байланыс операторларының көмегімен ауа-райының қолайсыздығы туралы дауылды ескерту туралы смс-хабарлама жіберілді. Соған қарамастан, 22 ақпанда сағат 20:17-де мал іздеуге шыққан азаматтың  үйіне оралмағаны туралы хабар түсті. Мақат аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірге іздестіру жұмысын жүргізді. Соның нәтижесінде 23 ақпанда сағат 00:44-те «Мақат-Индер» темір жолының 20-шы шақырымынан жоғалған азамат табылып, үйіне жеткізілді» деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Сол күні сағат 19:08-де Жылыой ауданында 4 жолаушысы бар көлік жолда тұрып қалған. Құтқарушылар сағат 20:32-де Құлсары қаласынан 15 шақырым қашықтан «Нива» автокөлігін тауып, жолаушыларды үйіне жеткізді.

«Ауа-райының қолайсыздығына байланысты 23 ақпанда сағат 17:00-де барлық бағыттағы республикалық, облыстық маңызы бар автожолды жабу туралы шешім қабылданды. Бірақ,  ескертулерге қарамастан, адамдар жоғалып, техникалардың джолда тұрып қалғаны туралы деректер тіркелді. Мәселен, Қызылқоға ауданындағы Сағыз станциясынан 10 шақырым жерде қар кептелісінде 3 жүк, 8 жеңіл автокөлік қалған. Бұларда 34 адам болған, оның 5 –уі кәмелетке толмаған балалар. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көліктерді тазартылған учаскеге, адамдарды елді мекендерге жеткізді» деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, 23 ақпанда Исатай ауданында тұратын 41 жастағы азамат 2006 және 2007 жылы туған балаларымен Батыс Қазақстан облысына бару үшін қара жолмен (төте жол) шығып кеткен. Бірақ, олардан ешқандай хабар болмаған. Сол себептен, іздестіру-құтқару топтары құрылған. Жоғалған азамат баларымен бірге 24 ақпанда сағат 15:30-да аудан орталығы – Аққыстау ауылынан 80 шақырым жердегі «Насихат» қыстағынан табылды.

«Атырау облысында ауа-райының қолайсыздығына байланысты тұрғындардың жоғалу дерегі көбейді. Тек 17-24 ақпанда қар құрсауында қалған 63 адам (58 ересек адам, 5 бала) құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Сондай-ақ, қар құрсауында тоқтап қалған 10 техникаға көмек көрсетілді» деп мәлім етті баспасөз қызметінен.