Оқиға • 25 Ақпан, 2021

Турин Олимпиадасына – 15 жыл

115 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 15 жыл бұрын, анықтап айтсақ 2006 жылдың 26 ақпанында Италияның ең көрікті қалаларының бірі – Туринде ХХ қысқы Олимпиада ойындарының алауы сөнген еді, деп хабарлайды Еgemen.kz

Турин Олимпиадасына – 15 жыл

Апеннин түбегінде өткен ғаламдық додада 80 мемлекеттен келген 2663 үміткер күш сынасып, спорттың 15 түрі бойынша 84 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Жарыстың жалпы командалық есебінде Германия құрамасы алдына жан салмады. Немістер 29 (11 алтын+12 күміс+6 қола) жүлдені қоржынға салды. Екінші және үшінші орындарды АҚШ (9+9+7) пен Аустрия (9+7+7) иеленді. Сондай-ақ, Ресей (8+6+8) мен Канада (7+10+7) үздік бестіктің санатынан көрінді. Айтулы бәсекеде барлығы 18 елдің әнұраны шырқалып, 26 мемлекеттің туы көкте желбіреді.

Жекелеген спортшылар арасынан Оңтүстік Кореяның шорт-трек шеберлері – Ан Хен Су мен Чин Сун Ю және неміс шаңғышысы Михаэль Грайсты бөле-жара атап өтуге болады. Олардың әрқайсысы үш алтыннан олжалады.

Турин Олимпиадасына Қазақстанның 67 өрені аттанып, спорттың жеті түрі бойынша өнер көрсетті. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысы жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ. Жерлестеріміздің арасынан ең үздік көрсеткішке Николай Чеботько мен Евгений Кошевой сынды шаңғышылар қол жеткізді. Ерлердің командалық спринтінде айтулы жұп алтыншы орынға табан тіреді.