Қоғам • 26 Ақпан, 2021

Ұлттық кеңес саяси реформалар алаңына айналды

109 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ел Президентінің қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық кеңес отырысында бүгінгі күнгі өзекті деген бірқатар мәселе талқыға түсті. Басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың назарында жүрген мәселелер жөнінде маңызды мәлімдеме жасады.

Ұлттық кеңес саяси реформалар алаңына айналды

Бұл мәлімдеме еліміздегі саяси реформалардың жалғасы болып отыр. Яғни бұл партиялардың парламентке өту межесінің азаюы, сонымен қатар бюллетеньдердің барлығына «қарсы» деген норманың енгізілуі заң бойынша әрі қарай жалғасын табады деген сөз.

Келелі басқосуда ауыл әкімдерін сайлау жөніндегі нақты мерзім анықталып, 2024 жылдан бастап аудан әкімдерін сайлайтын тетіктер енгізілмек. Бұл біз­дің еліміздегі саяси көзқарастың қалып­тас­қанын білдіреді. Қазақстандықтарды толғандырған ең басты жайт – жерді шетелдіктерге жалға беру-бермеу мәселесіне нүкте қойылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстандағы шетелдік азаматтарға жерді жалға беруге, сатуға толық тыйым салу жөніндегі заң нормасы енгізілетінін айтты. Бұл біздің еліміздегі жер мәселесіне қатыс­ты жалпыұлттық дискуссияға нүкте қойыл­ғандығын көрсетеді. Яғни жер ресурс­тары тек Қазақстан азаматтарына қыз­мет ететін болады. Дегенмен жер – эко­номикалық ресурс. Ол біздің халқы­мызға игілік әкелуі керек. Біздің еліміз­дегі жер ресурстарын мемлекеттің дамуы үшін пайдалану жөнінде мәселені шешу үшін Үкімет жанынан қоғамдық комиссия құрылады. Бұл қоғамдық комиссия жер мәселесін пысықтайтын болады. Жылдың аяғына дейін Үкімет бұл мәселеге қатысты өз ұсыныстарын енгізуі қажет. Қазақстанның жер ресурс­тарына байланысты мәселелері бүгінгі таңдағы ең негізгі екені ешкімге жасырын емес. Сол себепті бұл мәселе жан-жақты пысықталып, түйткілдері толық анықталуы қажет.

Басқосуда Кеңестің мемлекетіміздің, ел азаматтарының мүддесі үшін жұмыс істейтіндігін тағы бір байқадық. Бү­гінгі таңда Ұлттық кеңестің тек қоғам­дық ұйым емес, еліміздегі саяси-эконо­микалық реформалардың басты алаңына айналғанын да аңғару қиын емес.

 

Ерлан САИРОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

Ұлттық қоғамдық сенім
кеңесінің мүшесі