Қазақстан • 26 Ақпан, 2021

Тарихи маңызы зор шешім

370 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде ұзақтан бері дау болып, халықтың көңілін күпті қылып келе жатқан жерге байланысты мәселенің біржақты шешілгені – ерекше тоқталатын мәселенің бірі.

Тарихи маңызы зор шешім

Президент сөйлеген сөзінде шетел­діктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Сондай-ақ бұл тапсырманы тез арада орындауды айтты. Бұл Кеңес мүшелері ғана емес, жалпы дүйім жұрттың күткен шешімі еді. Сол себепті де Мемлекет басшысының бұл шешімін тарихи оқиға ретінде бағалаймын.

Тағы бір разы болғаным, Қасым-Жомарт Кемелұлы тоқталып, тапсырма берген бес мәселенің бесеуі де қарапайым халықтың өмірі мен тұрмысына қатысты. Мысалы, тұрғын үй және экономика саясатын жетілдіру. Ендігі уақытта ауылды жерлерге тұрғын үй салған компаниялардың жалпы шығынының жартысын Үкімет төлеп беретін болды. Ауыл халқының қалаға ағылуын тоқтатуға, ауыл шаруашылығын дамытуға өте пайдалы шешім.

Кеңесте мүмкіндігі шектеулі адам­дардың мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Президент мүгедектікті анық­тау рәсімдерін түбегейлі жеңіл­детуді тапсырды. Шыны керек, Nur Otan партия­сына мүгедектік мәртебесін алудың қиындығы туралы азаматтар көп арызданады. Міне, енді бұл мәселе де өз шешімін тапты. Өз басым Президенттің бүгінгі шешімдері мен тапсырмаларына қатты риза болдым.

 

Ауыт МҰҚИБЕК,

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері