Қоғам • 26 Ақпан, 2021

Қарапайым халыққа арналған ұсыныстар айтылды

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеңесте Президент ұсынған ұсыныс-талаптардың басты ерекшелігі – олардың барлығы ең алдымен қарапайым халықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған.

Қарапайым халыққа арналған ұсыныстар айтылды

Президент ауылдардағы тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту мәселесін көтерді. Бұл үйлер ең алдымен ауыл мұғалімдері, дәрігерлері және ауылдың әлеуметтік саласының басқа да қызметкерлеріне арналмақ.

Мемлекет басшысы экономика ту­ралы айта келіп, өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар ай­мақ­тардың әл-ауқатын дамытудың тетік­теріне айналуы тиіс екенін, сол үшін олар кәсіпкерлермен бәсекелес болмауы керектігін де ескертті. Алқалы жиында «жасыл экономикаға» көшудің, баламалы энергетиканы енгізудің маңыздылығы да кеңінен сөз болды.

Кадрларды даярлауды дамыту мәсе­лелеріне қатысты көзқарасын білдіргенде Қасым-Жомарт Кемелұлы әлемді әбігерге сал­ған пандемияның білім беру және ден­саулық сақтау салаларында кадр даяр­лауға басқаша бағыт қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы осы мамандықтар бойынша оқитын студенттердің стипендияларын, мұ­ға­лімдер мен дәрігерлердің жалақысын кө­терудің маңыздылығын ашып көрсетті.

Мемлекет басшысының қара­пайым халықтың қамы үшін жасаған тағы бір қадамы – Үкіметке және әкім­дерге мүмкіндігі шектеулі жандар­дың жайлы өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдайды жасауды, олар­ға ғимараттар мен көліктің қолжетім­ділігін қамтамасыз етуді тапсыруы болды. Кеңесте Президент әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен құмар ойындарға қарсы күресті күшейту мәселесіне де ерекше ден қойып, адам құқын қорғауда ерекше рөлге ие адвокатура саласының күшеюіне ерекше тоқталды.

Ұлттық кеңестің осы отырысында айтылған ұсыныстар еліміздегі сая­си реформаларға да тың серпіліс болары сөзсіз. Себебі алқалы басқосуда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі жұмыстардың жаңа қарқын алатыны айтылды. Ауыл және ауылдық округ әкімдерін сайлаудың 2021 жылдың тамыз-желтоқсан, ал аудан әкімдерін сайлаудың 2024 жылға белгіленгені алдымызда ауқымды іс-шаралар атқарылатынын аңғартады.

Президент ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдік азаматтар мен шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға сату және жалға беру мәселелеріне түпкілікті нүкте қойды. Жиында Мемлекет бас­шысы осы жылдың 25 наурызында жұмысын бастайтын Жер комиссия­сын құруды тапсырды. Бұл комис­сия жер мәселелерін заңнамалық реттеу бойынша барлық ұсыныстар­ды тыңғылықты зерделеп, әзір­лейтін орган болмақ. Кеңесте ел да­муы­ның әлеуметтік-экономикалық мәсе­ле­лерінің өткір әрі ашық талқыланғаны Кеңес мүшелері үшін де, қарапайым халық мүддесі үшін де өте қажетті.

 

Төлеутай РАҚЫМБЕКОВ,

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі