Ал «Родинаны» жасы 30-ға да жетпеген Иван Сауэр қолына алғанда шаруашылықтың жұмысы дөңгеленіп сала берді. Іскер азамат артта қалған шаруашылықты алға оздырып, республика бойынша ең танымал әрі іргелі кәсіпорынға айналдырды. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көп қолдау көрсеткенін әсте естен шығармаған абзал.
Сол уақыттан бері елорда маңайындағы осы бір ірі шаруашылықта үлкен оңтайлы өзгерістер болды. Мәселен, бұдан бірер жыл бұрын мұнда сыйымдылығы 20 мың тонналық астық терминалы пайдалануға берілсе, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында желдің күшімен электр қуатын беретін 750 киловаттық генератор орнатылды.
Бас директордың орынбасары Андрей Веревкиннің айтуынша, жыл сайын елордаға жақын орналасқан өңірге Қазақстанның алыс-жақын аймақтарынан келетіндерді есептемегенде, көптеген шетелдік делегация осында ат басын бұрмай кетпейді екен.
«Родина» округінің орталығында орналасқан барлық тұрғын үй бір жылу қазандығымен жылытылады. Ауыз су, электр қуаты, әлеуметтік сала мекемелері тұрғындар үшін тиімді жұмыс істеуде. Көшелер, автокөлік пен жаяу жүргіншілер жолына асфальт төселіп, электр қуатын үнемдейтін заманауи шамдар орнатылған.
Сауэрдің әрбір ісінен адамгершілік пен бекзаттық қасиеттерді, нағыз патриотизмнің үлгісін анық сезінуге болады. Нарық заманының қиындығына қарамастан, мұнда жыл сайын жаңа ғимараттар салынып, әлеуметтік-мәдени нысандар күрделі жөндеуден өткізіледі.
2017 жылы Иван Адамович бастауыш сынып оқушылары үшін орта мектептің жанынан қосымша жаңа ғимарат тұрғызды. Сонымен қатар дәрігерлік амбулатория мен балабақша еурожөндеуден өтті.
Иван Сауэр агрофирма басшылығының тізгінін ұстаған алғашқы күннен-ақ ауыл еңбеккерлерінің тұрмыс жағдайын жақсартуды өзіне ең басты міндет етіп алды. Содан бері ол адамдардың өмірін жеңілдету үшін бірсыпыра ауқымды жұмыс атқарды. Күннен күнге жаңарып, қарқынды дамыған кәсіпорынға жұмысқа тұрғысы келетіндер де көп.
– Кез келген басшы мықты кадрларсыз белгіленген межеге жете алмайды, – дейді Иван Адамович. − Басшының зерделігі мен біліктілігі – креативті ойлау қабілеті жоғары жас мамандарды таңдай білуінде. Бұл тек бізге ғана емес, артына өнегелі із қалдырсам деген ауыл мен аудан басшыларына да қатысты. Осы өңірдегі барлық ауқымды өзгерістің түп-тамыры осындай терең мақсат-тілектерден бастау алған.
«Родина» − шын мәнінде қалалық үлгідегі елді мекен. Олай дейтініміздің жөні бар. Мысалы, қай ауылда хайуанаттар бағы, еуроүлгідегі жабық хоккей корты, мәдени-демалыс саябағы, заманауи кітапхана бар? Мұндай көрнекі орындар республикамыздың шалғайдағы аудандарын айтпағанда, ірі қалалардың өзінде кездесуі екіталай. Ал «Родинада» мұның бәрі бар.
– Бізде 1987 жылы тұрғындардың саны 1206 адам, оның 412-сі – зейнеткер болса, биылғы жылы жас кадрлардың келуіне байланысты халық саны 1800-ге жуықтады, − дейді Иван Адамович. – Қазір бюджеттік саланы қоса алғанда, біздің округте 965 адам жұмыспен қамтылған.
Шын мәнінде, «Родина» агрофирмасында бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі 18 млн 300 мың теңгеге жеткен. Орташа жалақы 236 мың теңгені құрайды. Өткен жылы өндірістен түскен таза пайда 3 млрд 600 млн теңге болды.
«Родинаның» елорданың азық-түлік белдеуіне қосып жатқан үлесі де көп. «Күн сайын Нұр-Сұлтан қаласына 56 тоннаға жуық түрлі сүт өнімін жеткіземіз. Ет тапсыру көлемі де 900 тоннаға жетті. 2020 жылы өндірілген сүттің мөлшері 21 мың 678 тоннаны құрады», дейді И.Сауэр.
Сапалы азық-түлік шығаруды қолға алған агрофирма республикалық байқауда «Алтын сапа» белгісіне, «Қараөткел» алтын медаліне екі мәрте ие болған. Сондай-ақ кәсіпорын «Сүт өнімдері» номинациясы бойынша «Халық маркасы», облыстық «Қазақстанның озық тауары» байқауында бірнеше рет жеңімпаз атанды. 2015 жылы «Сала жеңімпазы», 2016 жылы халықаралық сертификатпен марапатталған.
Қыс − ауыл тұрғындары үшін өте жауапты кезең. Сондықтан «Родина» агрофирмасының ұжымы нәрлі азық қорын − 80 мың, пішен әзірлеуді 5 мың тоннаға жеткізді. Оған қоса, мұнда жүгері, түрлі микро, макро қоспалардың қоры да қомақты.
Агрофирманың егін шаруашылығындағы табыстары да толағай. Егістік алқабы 50 мың гектардан асады. Былтыр диқандар оның әрбір гектарынан 17,3 центнерден өнім алды.
Аталған агрофирма сауын сиыр басын 6 мыңға көбейтіп, оған қоса бордақылауға әрі етті бағыттағы ірі қара малды өсіру үшін 220 бас қазақтың ақ бас сиырын сатып алған.
Жоғары сапалы азық-түлік тауарлары жергілікті жерде өндірілетін болғандықтан, тұрғындар бұрынғыдай мал өсіруге, оның ішінде ірі қара ұстауға аса ынталы емес. Себебі арзан тамақ өнімдері дүкен сөрелерінде толып тұр. Екіншіден, жоғары сапалы ет пен сүт, тіпті жеміс-жидектер де өздерінде өндірілгендіктен, мұнда округ тұрғындарына едәуір жеңілдіктер де қарастырылған. Әрбір ересек тұрғынға заманауи дисконтты карта берілген. Осы картамен олар тауарларды арзандатылған бағамен сатып алады. Жаңадан салынған «Шаруашылық маркеті» дүкенінің өткен жылғы таза пайдасы 734 млн теңгеден асып түсті.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы «Родина» округінде айрықша дамыған. Тауарлы сүт фермасы, кітапхана мен мәдени ошақтарда, тіпті көшелерде оның айқын үлгісі алдымен көзге түседі. Мұнда ұрлық-қарлық деген атымен жоқ. Ешкім көшеге қоқыс тастамайды. Себебі барлық жерде бейнебақылау камералары орнатылған.
Спорттық олимпиадалар мен спартакиадаларды өткізу – родиналықтар үшін дәстүрлі іс. Жыл сайын агрофирма қорынан адамдарды, әсіресе жастарды осындай ілкімді істерге тарту үшін қомақты қаржы бөлінеді. Биылғы қысқы сайыс Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысындағы істер мұнда жақсы жолға қойылған. Айталық, «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жастар мен жаңадан келген мамандарға 20 коттедж бен 8 пәтерлік алты қос қабатты үйлер салынған. Соның нәтижесінде 68 адам жаңа қонысқа көшті.
Округтің жас тұрғындарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуге байланысты арнайы бөліп отырған қаражаты да көлемді. Осы мақсатқа жылына 100 млн теңге ақша бөлінеді. Мысалы, жаңа үйленгендерге, нәрестелі болғандарға 150 мың теңгеден сыйақы берілсе, екінші балаға тағы да 200 мың теңге қосымша төлемақы қарастырылған.
«Ақмола облысының ең озық округі» атанған «Родина» жыл өткен сайын жаңарып, заманауи шағын шаһарға айналып келеді.
И.Сауэр әңгіме барысында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа ризашылығын білдіре кетті. Ол облыстан алшақта жатқан елді мекендерге арнайы барып, көшені жарықтандыруға, асфальт жол төсеуге, ауыз су мәселесін шешуге, мәдени-спорттық кешендер мен ауруханалар құрылысын салуға қолұшын беріп жүрген көрінеді. Облыс әкімінің шапағатын родиналықтар да көрді.
Бүгінде Иван Адамовичтің бастамасымен «Родинада» елге пайдасы мол көптеген игілікті іс қолға алынған. Өңірде жыл сайын жасыл желекке бөленген 2-3 саябақ пайда болады. Көктем сайын ауыл тұрғындары ағаш көшеттерін отырғызуды дәстүрге айналдырған. Тек былтырдың өзінде 25 мың түп ағаш отырғызылған.
Биылғы жазда Иван Адамович жаңа мешіт пен спорттық кешен құрылысын салуды қолға алмақшы. Сәті түссе, оның да ашылу салтанатының куәгері болармыз.
Іскер азамат қарым-қабілетінің арқасында небір күрделі мәселелерді байыппен әрі сәтімен шешіп келеді. Бұған «Родина» елді мекенінде жасалып жатқан іргелі жобалар куә.
26 ақпан күні «Родина» кәсіпорнына 60 жыл толады. Бұл өндіріс ошағының атқарып отырған істері – өзгелерге өнеге. Кәсіпорын басшысы Иван Сауэр мен оның ұжымына біз алдағы уақытта да толағай табыстар тілейміз.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі