Экология • 26 Ақпан, 2021

Экология вице-министрі жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов жұмыс сапарымен өңірдің биылғы жылғы вегетациялық кезеңге дайындығын білу, «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы филиалының бүгінгі күні атқарып жатқан жұмыстарымен танысу, сондай-ақ облыстағы басқа да мәселелерді зерделеу мақсатында Қызылорда облысына барды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Экология вице-министрі жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды

Өткен 2020 жылы оңтүстік өңірлердегі өзендерде судың мөлшері аз болып, оның суармалы егіншілікке әсер еткені де жасырын емес. Осындай жағдай орын алмас үшін вице-миинстр Қызылорда облысының 2021 жылға вегетациялық кезеңге дайындығын пысықтады.

«Су шаруашылығы жағдайын ескере отырып, биылғы жылға жоспарланған күріш алқабының көлемін 84,4 мың гектардан асырмау және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесін жандандыру қажет»,- деп атап өтті Серік Қожаниязов.

Өз кезегінде «Қазсушар» РМК Қызылорда облысы филиалының басшысы Хамит Бейімбетов осыған орай, Филиал тарапынан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына және аудан әкімдіктеріне биылғы жылы егілетін егіс көлемін индикативтік жоспардан асырмау қажеттігі жөнінде ескерту хаттар жіберіліп, артық егілген егістік үшін су жеткізіп беру қызметіне шарт жасалмайтынын жеткізді.

Экология вице-министрі «Қазсушар» РМК Қызылорда облысындағы филиалында болып, шаруашылық каналдары мен механикалық тазарту жұмыстарын да пысықтады.

«Қазсушар» РМК филиалының басшысы «Егістікке су беру науқанына дейін 21,9 шақырым каналға механикалық тазалау жұмыстары (Келінтөбе магистралді каналы (Қоржын учаскесі), Шиелі ауданы О-2, Р-10, Р-7 каналдарында тазалау жұмыстары жүргізілуде) орындалуда», деп сөзін жеткізді.

Сонымен бірге вице-министр «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» РММ, «Қызылорда-1 ирригациялық-дренаждық жүйесі», «Қызылорда облысының Қызылорда су торабын қайта жаңарту» және өңірдегі өзге де су шаруашылығы нысандарына барып, суды пайдаланушы шаруалардың көкейкесті мәселелерін тыңдады.

Сондай-ақ, Серік Қожаниязов Су ресурстары комитетіне Әйтек су торабындағы жөндеу жұмыстарын биылғы жылғы 10 сәуірге дейінгі мерзімде аяқтау, «Көкарал бөгетін сақтап қалу және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» және «Қызылорда облысының Қараөзек ағысындағы суды шоғырландыру үшін су қоймасын салу» жобаларын, ағымдағы жылы бастау бойынша шаралар қабылдау сияқты міндеттер қойды.

Іссапар соңында Қызылорда облысы бойынша жұмыс сапарының хаттамасы толтырылып, өңірдегі су шаруашылықтары нысандарына, Қазсушар филиалына, сондай-ақ Су ресурстары комитетіне бірқатар тапсырмалар берілді.