Аймақтар • 28 Ақпан, 2021

«Мен мұндай полицияны еш жерден көрмедім...»

187 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркиялық азамат Солтүстік Қазақстан полицейлеріне осылай таң қалып, алғысын жеткізді

«Мен мұндай полицияны еш жерден көрмедім...»

Ол Қызылжардан «Volvo» ауыр жүк көлігімен Түркияға 20 тонна зығыр әкетіп бара жатып, ауыр азапқа түседі. Солтүстіктің сақылдаған сары аязында автокөліктің ауа сүзгісі істен шығады. Кешікпей кабинаның іші мұздай бастайды. Мұндай суықты көрмеген, оған қарсы әрекет етуге машықтанбаған жылы жердің жігіті өмірден түңіле бастайды. Тіпті көмек сұрап тоқтатқан көліктерге де жағдайын қазақ немесе орыс тілінде түсіндіре алмайды. Осылай, әбден қиналған шағында оған көмекке Солтүстік Қазақстан ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері  Қанат Теңізбаев пен Самат Данияров келеді. Олар Мамлютка-Қостанай тас жолында патрульдік етіп жүрген екен. Жолдың 102 шақырымында тұрып қалған «Volvoны» олар алыстан байқап, жағдайын білмекке келген.

Тісі тісіне тимей дірдектеген түрік азаматы оларға да жағдайын толық түсіндіре алмайды. Екі жігіт оны өздерінің машинасының жылы салонына енгізіп, термостан ыстық кофе құйып, бойын жылытып, телефондағы онлайн-аудармашының көмегімен тұрып қалған себебін білген. Істен шыққан ауа сүзгісін полицейлер фотоға түсіріп, ватсаппен Петропавлдағы таныстарына жолдайды. Олар такси жүргізушісінен жаңа сүзгіні беріп жібереді.

Ал бұл уақытта Түркия азаматын полицейлердің өтініші бойынша оқиға орнына келген ТЖ қызметкерлері қонақ үйге апарып, жылы жерге түнетеді. Ал тәртіп сақшылары түні бойы оның жүк көлігін қадағалап жүреді.

Қанат Теңізбаев пен Самат Данияров келесі күні таңертең шетелдік қонаққа жаңа сүзгіні орнатуға да көмектеседі. Сөйтіп оны сау-сәлемет жолға салып жібереді. Рахматтың түрікше «тешекурін» ғана білітін жігіт, қазақша рахматты да аузынан тастамай айтып, жолға шығады.  Ал ПД ағылшынша жазған алғысында ол былай депті: «Мен қаншама жолда жүріп мынадай полиция қызметкерлерін ешқашан кездестірмедім. Тез көмекке келеді деп күтпеген де едім. Шексіз алғыс білдіремін!» - депті ол аударма бағдарламасы арқылы тәржімеленген өзінің сөзінде.

«Біз қала сыртындағы жолдарға қызмет көрсету кезінде батальон қызметкерлерінің қиын жағдайға тап болған барлық адамға көмек көрсетуін тапсырамыз. Адамдар тарапынан білдірілген алғыс — қызметкерлердің құқықтық тәртіп пен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі міндеттерін ойдағыдай орындағанына берілген баға», — дейді СҚО ПД ППБ командирі полиция подполковнигі Ерлан Мәдиев.

Сөйтіп, Солтүстік Қазақстан ПД патрульдері бір адамды ажалдан арашалап, туған жеріне аман аттандырып жіберді. Шын қиналған адамдардың айтқан алғысынан артық қандай сый болушы еді...

Солтүстік Қазақстан облысы