Тәуелсіздіктің 30 жылдығы • 02 Наурыз, 2021

Тәуелсіздік құрдастары

289 рет көрсетілді

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Қазақстанның спорттағы қол жеткізген табыстары аз емес. Егемен елдің спорттағы жетістіктерін еселеп жүргендердің қатарында тәуелсіздікпен тел өсіп келе жатқан саңлақтарымыз да бар.

Спортты дамытуға мемлекет тарапынан жасалған тұрақты қолдаудың нәтижесінде ірі халықаралық турнирлерде, Азия, әлем чемпионаттары мен Олимпиадада ел намысын абыроймен қорғап, Көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқан тәуелсіздіктің құрдастары туралы әңгімелегенді жөн көрдік. 

Данияр Елеусінов (кәсіпқой бокс)

Данияр Елеусіновте (суретте Елбасымен бірге) әуесқой бокстағы жүлде атаулының барлығы бар. Ол екі дүркін Азия, екі дүркін Азия ойындарының жеңімпазы. Әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Рио Олимпиадасының жеңімпазы.

2016 жылы Рио Олимпиадасынан жеңімпаз болып оралғаннан кейін Данияр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Көк туды тапсырып тұрып, рахметін былай жеткізген еді: «Аса мәртебелі Елбасы! Біз Риоға аттанарда «Жеңіспен оралыңдар» деп тапсырма берген едіңіз. Сол тапсырмаңыз орындалды. Сол сенімді, үмітті ақтап шыққаныма мақтанамын. Мен тәуелсіздіктің төл құрдасымын. Осы тәуелсіздік жылдарында еліміздің жеткен жетістіктерін айтып жеткізу мүмкін емес. Біз, тәуелсіздіктің перзенттері, әрқашан Сіздің және елдің сенімінен шығуға тырысамыз», деді.

II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Данияр бүгінде кәсіпқой бокста да үздік нәтиже көрсетіп жүр. 10 кездесудің барлығын жеңіп, оның ішінде алты кездесуін уақытынан бұрын аяқтады. IBF Intercontinental белбеуінің иегері Елеусінов алдағы уақытта бұдан да биік шыңға жететініне сеніміміз мол.

Ілияс Сүлейменов (бокс)

1991 жылы наурызда дүниеге келген Ілияс Сүлейменов бокспен 2002 жылдан бері шұғылданып келеді. Ол – Азия ойындарының чемпионы, Азия біріншілігінің күміс жүлдегері. «Астана Арланс» сапында бірнеше кездесу өткізген. Бір қызығы, 2020 жылғы Қазақстан чемпионатында 60 кило салмақта қола жүлдегер атанған Ілияс Қазақстан құрама сапына алынған жоқ. Себебі 60 кило салмақта Олимпиада жолдамасы берілмейтіндіктен, чемпионатта финалға шыққан екі спортшы ғана құрамаға қабылданды.

Артем Захаров (велоспорт)

1991 жылы 27 қазанда Петропавлда дүниеге келген Артем Захаров 2017 жылдан бері Astana Pro Team командасында ел намысын қорғап келеді. Ол велотректен де, велоспорттан да үздік нәтиже көрсеткен әмбебап спортшы. Велотректен Азия чемпионы атанса, тура осындай жетістікке велоспортта да жеткен. Азия кубогының екі дүркін жеңімпазы. Әлем кубогының қола жүлдегері, Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері. Рио Олимпиадасына қатысушы.

Гүлісхан Нахбаева (шахмат)

Гүлісхан Нахбаева қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер (2012 жыл). Қазақстанның жеті дүркін чемпионы. Жасөспірімдер арасында Азияның екі дүркін жеңімпазы (16 және 18 жас). Азияның күміс жүлдегері (20 жасқа дейін). Әйелдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері.

– Мен халқы қонақжай, білімді келетін тәуелсіз Қазақстанда, оның ішінде Шымкент қаласында тұратынымды мақтан тұтамын. Шетелдерге барғанда Қазақстанды айтсаң, шикізаты бай, қарқынды дамушы ел деп біледі. Оларға спорттан да, оның ішінде өзімнің сүйікті спортым шахматтан да мықты екенімізді айтудан жалықпаймын. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, яғни 2011 жылы Лондондағы ірі халықаралық турнирде жеңімпаз атанып, гроссмейстерлік нормативті орындадым. Арада 10 жыл өткенде екі баланың анасы ретінде 30 жасқа келіп отырмын. Басты арманым – әлем чемпионы болу. Сәтін салса, алдағы уақытта осындай үлкен межені бағындырсам арманымның орындалғаны, – деді қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер.

Ольга Сафронова (жеңіл атлетика)

Тәуелсіз елмен түйдей құрдас (05.10.1991 ж.) Ольга Сафронова желаяқтар арасында ең тәжірибелі әрі жүлдені молынан жинаған спортшы. 2014 жылғы Инчхонда өткен Азия ойындарында 200 метр жүгіруден алтын, 4х100 эстафета бойынша күміс және 100 метрге жүгіруден қола медаль жеңіп алды. 2015 жылғы Азия чемпионатында күміс медаль, 2017 жылғы өткен сары құрлық додасында 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль иеленді. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Сафронова – Лондон Олимпиадасына қатысушы.

Нұрсұлтан Белгібаев (хоккей)

Нұрсұлтан Белгібаев – еліміздің ішкі чемпионатында мұзайдынға шығып жүрген санаулы қазақтың бірі. Астананың хоккей мектебінің түлегі Нұрсұлтан 2007 жылдан бері «Барыс», «Номад» «Алтай-Торпедо», «Алматы» хоккей командаларының жейдесін киді. Қысқы универсиаданың екі дүркін жүлдегері. «Номад» хоккей клубы сапында Қазақстан чемпионы атанды.

Феруза Ергешова (таэквондо)

Таэквондодан бірнеше халықарылық жарыста олжа салған Феруза Ергешова Түркістан облысында дүниеге келген. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атанған ол – қара белбеу, I дан иегері. Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азия чемпионы. Лондон Олимпиадасына қатысушы.

Расул Қалиев (еркін күрес)

Еркін күресте 57 килода сынға түскен Расул Қалиев 2013 жылы Үндістанда өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері. 2014 жылы Астанада өткен Азия біріншілігінің жеңімпазы. Азия ойындарының күміс жүлдегері. 2014 жылы FILA-ның рейтингісінде көш бастаған Расул – жастар арасында әлем чемпионатының финалисі. Ресей, Румыния, Иран, Болгарияда өткен турнирлерде олжа салған.

Виктор Демьяненко (дзюдо)

10 жасынан бастап дзюдомен шұғылданатын Виктор Демьяненко Алматы қаласында дүниеге келген. Бүгінде 100 кило салмақта сынға түсіп жүрген ол Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Жастар арасында әлем чемпионатының (2010), Азия біріншілігінің қола жүлдегері (2012). Азия кубогының жеңімпазы (2019). Виктор бокстан Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Виктор Демьяненконың немере інісі.

Нұрсұлтан Тұрсынов (грек-рим күресі)

2014 жылы күрес түрлерінен елордада өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған Нұрсұлтан Тұрсынов Испанияда өткен гран-придің жеңімпазы және көптеген халықаралық турнирдің жүлдегері. 2020 жылғы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы. Нұрсұлтанның әкесі Шыңғысбек Тұрсынов қазақ күресінен білікті жаттықтырушы. Ағасы Мұхит Тұрсынов қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы, «Қазақстан барысы». 

P.S. Жоғарыда сөз еткен он спортшы үздіктердің бір шоғыры ғана. Әйтпесе елімізде футболдан құраманың ойыншылары – Бауыржан Тұрысбек, Сергей Хижниченко, Алексей Щеткин бастаған тәуелсіздік құрдастары бар. Жеңіл атлетикадан Универсиада чемпионы, Азия біріншілігінің қола жүлдегері Юлия Рахманова секілді атлеттеріміз тағы бар. Дзюдодан Қазақстанның екі дүркін чемпионы, Гуанчжоуда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері Ислам Бозбаев та орда бұзар жаста қазір.

 

Соңғы жаңалықтар

Шаманың әні

Өнер • Бүгін, 23:15

Сотталған жырлар

Әдебиет • Бүгін, 23:05

QazVac Қырғызстанға жеткізілді

Қазақстан • Бүгін, 22:40

9 ай «толғатқан» 9 пайыз

Экономика • Бүгін, 22:33

Көзі тірі классикке құрмет

Әдебиет • Бүгін, 22:21

Қасиетті Нарын поэтикасы

Аймақтар • Бүгін, 22:05

Жақсыдан қалған жәдігер

Тарих • Бүгін, 21:57

Алматыдағы ахуал күрделі

Аймақтар • Бүгін, 19:45

Балалар Ashyq жүйесіне енгізіле ме?

Қазақстан • Бүгін, 19:20

Шымкентте карантин күшейтіледі

Аймақтар • Бүгін, 15:47

Атом көлге сапар

Аймақтар • Бүгін, 15:37

Қазақстанда жаңа телеарна ашылды

Қазақстан • Бүгін, 11:55

Ұқсас жаңалықтар