Неге десеңіз, бабаның мөрдей қанымен, ананың көлдей жасымен келген азаттықтың ақ таңын кәдесыйдай көру – тарихы ықылым дәуірлермен шектесіп жатқан жас мемлекетіміздің байтақ мәнін бәсеңдететіндей.
Ұлы Отанымыз бүгінге дейін небір қиындықтарды еңсерді. Алда ұлы мұрат жолында әлі талай асулар жатыр. Біздіңше, тәуелсіз буын түсінігіндегі «Тәуелсіздік» басқаша болуы тиіс.
Шынында, тәуелсіз мемлекет құру бақыты XX ғасырдың соңында біздің ұрпақтың тәлейіне бұйырды. Ал «оны ақылмен, жауапкершілікпен жүзеге асыру – біздің парызымыз», деді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде. Сол асқақ арман биігіндегі күрес тұтас ұлттық идеяға айналуымен ерекшеленді. Қараша халық қолдады, баянды ету бәрімізге ортақ іс саналды. Бұл егемен елдің жаңаруына кең жол ашты. Өйткені халық қажет етпеген, қолдамаған жағдайда бостандық ұғымын орнықтыру мүмкін емес еді.
Жалпы, еркіндік пен Елбасы егіз ұғымдай. Біздің ой ішінде осындай ұғым қалыптасты. Себебі қаз-қаз қадам басып, тәтті тілмен былдырлап сөйлей бастаған бал балалығымыз тәуелсіздіктің шуақты таңдарымен тұспа-тұс келді. Сан ғасырлық төзіммен, мың жылдық толқумен жеткен, атқа қонып, алдаспан асынғандардың арманына айналған, Алаш арыстарының талпынысы, тізе қосып, күні-түні Тәңірден тілегені, кешегі мұз жастанған Желтоқсан жастарының намысын жанып, жалын атқан жүрегіне түрткі болған, одан қала берді көне түркі дәуірінің дарабоздары кір жұқтырмаған кәдімгі қымбат тәуелсіздік. Қазақ үшін құндақтаулы сәбидей аяулы, жылдап күткен шақалағын кеудесіне құшырлана басқан асыл ананың аңсарындай қастерлі, естілген мезетте еңсеңді көтеріп, рухыңды оятатын тұтас ұлттың ұран сөзіндей ұлы ұғым.
Ақ түйенің қарны жарылып, Алаш жұрты ақсарбас айтқан тарихи күн ел жадында. Көш бастағандарды кісендеп, ұлт серкелерін сүргінге ұшыратқан ұзақ жылдық езгіден егемендікке қарай өткел салу тағдыршешті қадам жасауды талап етіпті. Кеңестік биліктің он бес елді бір-бірінен ажыратпас үшін құрған айла-шарғысы – өрмекшінің торындай шырматылған өнеркәсіптік жүйесі қиратылып, әр республика өзінше отау тікті.
Сырт көз жер аумағы жағынан жаһанда тоғызыншы орынға табан тірейтін Кеңес құрамындағы елдің болашағына сенген жоқ. Саяси сарапшылардың кейбір тобы шикізат көзі саналған алып жердің аумағынан өндіріс орындары ашылып, асқақ астананың іргетасы қаланарын, ұлттық валютасы шығарылып, Әнұраны шырқаларын, Көк туы желбіреп, қос пырақты Елтаңбасы ілінерін дәл болжап біле алмапты. Осыған орай: «Ел болудың, мемлекет болудың жөн-жобасын көрсетіп, көмекке келген ешкім болған жоқ. Біз бәрін де тыңнан бастап, халқымызбен бірге қалыптастырдық. Жоқтан бар жасадық, барды берекеге айналдырдық. Сол ырысты өсу мен өркендеудің негізі етіп алдық», деп жазады Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы дала ұлағаттары» атты ғибратты кітабында.
Кітап демекші, «Ұлы дала ұлағаттары» атты Елбасының ойтолғамдарын қолымызға алғанда, әр парағын ыждағаттылықпен ақтарғанда, көңілді бір ізгілік билейді. Оның жүріп өткен жолы сырт көзге гүлзар бақтың арасымен өткен ертегідегі патшаны елестететіні анық. Әйтсе де дүрбелеңі көп дулы дүниеде ұлан-ғайыр жері бар үлкен мемлекетімізді тұтастай сақтап қалу оңай шаруа емес екен. Сіз ойлағандай, біз даурыға сөйлегендей. Жо-жоқ, саясат деген – ақылдың бәске түсер алаңы. Саны аз, қайғысы ауыр, намысы найзағай қазақ халқының бірлігін бекем қылып, ұлыстарды бір шаңырақ астында тату ұстау – үлкен өнер. Абырой мінберіне көтеріліп, осынау құс қанаты талатын алып даланы әлемге таныту оның басты ұстанымына айналғандай. Ұлттың мәдени көрінісі, экономикаға ептілігі, рухани тынысы, әдеби өмірі, әлеуметтік икемділігі отыз жылда әжептәуір ілгеріледі. Тіпті, Америка санасып, Ресей қадірлі көрші санап, Қытай ақылға жүгінетін болды. Бұл – үлкен жетістік, үлкен мінбер.
Ел үшін етілер еңбек компьютердің алдында отырумен өлшенбейді. Кез келген істі технологияға итере беретін болсақ, адамзатты еңбектендірудің орнына енжар етуі мүмкін. Дала төсінде дәнді дақыл себетін, ми қайнатқан мың градустық ыстықта темір қорытатын, білек күшімен зәулім үйлер тұрғызатын, механика мен машиналарды техникалық жөндеуден өткізіп, жүргізе білетін шын мәніндегі жұмысшы жастарды құрметтеуге міндеттіміз. Ел экономикасы осындай күн астында маңдай терін төккен жұмысшылардың қолымен ғана дамиды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі өз сөзінде білім мен ғылымда, мәдениет пен спортта, өнер мен өндірісте алда жүрген өрендерге азаттық алған алғашқы жылдардағы уақытша экономикалық қиындықтарды, әлеуметтік ауыртпалықтарды айтып отырады. Расында да, Елбасы әр сұхбатында сонау егемендік алған алғашқы жылдардағы қиындықтарды жиі мысалға келтіреді. Мұның да өзіндік тағылымы, кейінгі буын жастар алар сабағы бары екені айтпаса да түсінікті.
Еліміздің талантты да алғыр жастарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелге оқытып алуға жол ашты. Нәтижесінде, қазір технологияның құлағында ойнайтын ойы орамды, ақылы зерек жастар елдің басқару жүйесінде, ғылыми-зерттеу институттарында, өндіріс ошақтарында білек түріп жұмыс істеуде.
Адам ғұмыр бойы білім іздеп, өзін ұдайы дамытып отыруы шарт. Әрдайым өзін-өзі қамшылау, білімдіден үйрену, білгеніңді үйрету, сол арқылы қоғамды алға сүйреу – Елбасының айрықша қасиеті. «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы» – ұлт болып өзін-өзі қамшылаудың айрықша көрінісі. Бәсекеге қабілетті болу үшін адам факторы алғы межеге шығады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, ең бір қиын кезеңде 1993 жылы бюджет саласының қызметкерлеріне жалақы төлеуге қаржы табылмай жатқанда мемлекет өзінің ертеңін ойлады. Халықаралық «Болашақ» стипендиясын тағайындады. Білім берудің қазақстандық моделін жасады. Мұны бір деңіз.
Елдің мәдени өмірінде де үлкен өзгерістер орын алды. 2003 жылдың көктемінен «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырылды. Бұл бағдарлама жоғымызды түгендеуді, барымызды қадір тұтуды үйретті. Бүгінде жылдан-жылға қарқын алып, ұлы істердің ұйытқысына айналуда. Дүниенің төрт бұрышына шашылып кеткен, жоғалған, қолды болған, уақыт топырағына көміліп қалған, шетел асып кеткен небір ғажайып жәдігерлер қайтып оралды. Ауыз толтырып айтуға тұратын жауһарларымыз жарқ етті. Алтын Адам дүниені шарлады. Алтынмен апталған, күміспен күптелген патша әбзелдері, сармат көсемдері күн көзіне шықты. Ұлтымыздың жоғалған рухани құндылықтарын іздеп тауып, жүйеге түзіп, халықтың қажетіне жаратуға тәуекел жасалды. Ғажайыптарды ғылыми айналымға енгізіп, сіңіру жұмыстары қолға алынды.
«Мәдени мұра» кезең-кезеңге бөлініп, қыруар қаржы шығарып, оны қандай көздерден алып-жаратуды Елбасы өзі бағдарлады. Әлемдік ақпарат құралдары «Өзге елдер ат ізін салмаған бастама», «Ұлттық құндылықтың қайта түлеуі», «Тәуелсіздік алғышартының игі қадамы» деп дүрілдеп жазып жатты. Шынында солай болды. Оған көз куә. 1999 жылы азиялық экономиканың құнсыздану құйынынан, 2008 жылдан басталған дүниежүзілік дағдарыстан қиналып жатқанда, біздің ел шайқасқа төтеп бере отырып, бабалар ізін, қасиетті тірі сөзін түгендеуді жалғастырды. Мұның бәрі – ел тарихындағы маңызды оқиғалар мәзірі.
Иә, тарихтың қайнар көзі – дерек. Тарих ғылымының маңызды саласы – деректану. Өкінішке қарай ұзақ жылдар бойы осы ақиқат еленбей келді, тарихымыз деректанусыз жазылды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін деректануға мән беріліп, ұлттық деректер тарих ғылымына қызмет ете бастады. Мәселен, Ресейде деректану ғылымының тұтас мектебі қалыптасқан, Батыста да солай. Сондықтан да өркениетті елдердегідей тарихи деректану іліміне сүйеніп қана жазу керек. Тарихқа қатысты зерттеулер де, тарих саласынан қорғалып жатқан диссертациялар да – бәрі де тарихымызға тұтас қызмет етуі тиіс. Бүгінде «Мәдени мұра» бағдарламасы нәтижесінде жер-жерден бірталай дерек жинақталды. Сол деректерді бұрынғы тарих көздерімен салыстырып, Ұлы даланың тарихын жазуға пайдалану – ендігі міндет.
Елбасының кітабын ақтарып отырып, тәуелсіздіктің бағасын анық білгендейміз. Қолда барда ештеңенің қадірі жоқ. Ол – ақиқат. Ата-апаларымыз осы күнімізге шүкір айтып, талайғы тарихты қайта сілкілейді. Көрген кесапаты көңілден оңайлықпен кете қойсын ба? Сондықтан бостандық олар үшін батпандай бақытпен пара-пар. Ал біз, тәуелсіз буын сын айтуға, сырт қарап өкпелеуге әуеспіз. Зымырандай атқылаған заманауи ақпараттар санамызға әртүрлі жағымсыз жаңалықтар құюда. Сондықтан өткен өмірді ой елегінен өткізіп, баба аманатын ұмытпауымыз керек.
«Өткен күндердің жылнамасы да адамдардың өмірбаяны секілді. Шаттанған шағың, ренжіген сәттерің, үкілеген үміттерің мен асқақ армандарың, міне, осының бәрі – ғұмырнама тарихы. Еліңнің тарихы. Мемлекетіңнің тарихы. Сол тарихқа тікелей өзің араласқаның, сан қилы сын сағаттарда шешім қабылдағаның, талай іс-шараларға куә болып, халқың үшін қуанғаның, елің үшін еткен еңбегіңнің нәтижесін көргенің – бәрі жадыңда жатталып, санаңда сақталып, жүректің жазбасына түседі», дейді Нұрсұлтан Әбішұлы кітабының кіріспе парағында.
Иә, Елбасы сонау егемендіктің алғашқы жылдарында, біздің балалық шақта көрген әлеуметтік, экономикалық ауыртпалықтарды, сол сәттегі тарихи шешімдерді еске алуды ұмытпайды. Мемлекет басындағы маңызды басқосулар, тұңғыш шығарылған тәуелсіз шешімдер, әрине, балдәурен қызығына батқан бізге білінбеді. Алғашқы адымдардың ауыртпалығынан, экономикалық дамудың қиындықтарынан, әлемдік жаңа нарық талабына бейімделу жұмыстарынан ойын баласының мүлде бейхабар болғаны анық. Алайда біздің буынның маңдайына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тұрмыс тапшылығын көру, экономикалық дағдарысты еңсеру жылдарына куә болу жазылыпты. Әлі есімде, көше-көшеде «күн көсемнің» басы бар сарғылт ақшаны арқалап, ерсілі-қарсылы ағылған адамдар сеңдей соқтығысып жататын. Кеңес кезінде есігі жабылмайтын зәулім дүкендер, екі-үш ауысыммен істейтін зауыттар қараң қалды. Халық мемлекет асырайды деген әлеуметтік инфантилизммен өмір сүруге көшті. Нарық әлемімен тұңғыш рет бетпе-бет келген адамдар бірінші кезекте кез келген бұйымды сатуға кірісті. Елбасы осындай қиындықтарды қайыра еске түсіріп, халықты «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл», деген ертегідегі нақылға жүгінуге шақырды. Яғни әрбір адам табысына тасымай, артылса, ағайын-туысқа, алыс-жақын дос-жаранға, мұқтаж жандарға қолұшын созып, қандай жағдайда да шүкіршілікпен өмір сүруді әдетке айналдыруы керек. Тәуелсіз Қазақстанның басты әлеуметтік қағидасы да осыған саяды.
«Осынау тәуелсіздік жылдарында небір оқиғаларды бастан кешірдік. Қилы кезеңдер мен бейтаныс бөгеттерді басып өтіп, өз жолымызды табуға ұмтылдық, – дейді Елбасы. – Қашанда халық бірлігі сарай салғызып, қамал тұрғызады. Бұл сөзді де талмастан айтып, ту етіп көтеріп келеміз. Бағзы бабаларымыздың ұлы аманатын орындау жолында иыққа түскен жүкті ешқашан ауырсынған емеспіз». Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Елбасы әр сөзінде бұл ойын түрлі мысалдармен сабақтастырып, өрбітіп отырады. Әрбір қазақстандық тарихтың тағылымды парағын ашуға, оқуға, білуге міндетті. Сонда ғана отансүйгіштік рух оянып, ел мен жерге деген жауапкершілік қалыптасады.
Тәуелсіздік қандай қастерлі ұғым болғанын бізден бұрын кеңестік кезеңнің қысымын сезінген аға буын жақсы білді. Мұндай жағдай ушыға келе Желтоқсан көтерілісіне ұласқаны, ұлт араздығын қоздыратын, намысын таптайтын қитұрқы әрекеттің басы Мәскеуден шыққан шалағай шешімде жатқанын 1986 жылдың толқуы айқындап берді. Осындай қиын-қыстау кезеңде тұрғындар психологиясын нарыққа бейімдеп, тәуелсіздік ұғымын ұлықтау жұмыстарын жүргізу оңай болған жоқ. Алыс-жақын кейбір елдер бұл кезеңде қантөгіске жол беріп, азаматтық соғыстың аз-ақ алдында тұрды. Бірақ Мемлекет басшысы саясаттан бұрын экономикалық жаңғыртуларға күш салып, халықты демократиялық дамудың даңғыл жолына түсірді.
Жетістікке толы отыз жыл. Өйткені ХХ ғасырдың соңындағы дағдарыстарды дін аман өткеріппіз. Бір сөзбен айтқанда, өткен ғасыр мен қазіргі кездегі Қазақстанды салыстыруға келмейді. Ішкі өнім еселеп өсті. Экономикасы тұрақталды. Осыған дейінгі мемлекеттік бағдарламалар тек әлеуметтік бағытқа, өнеркәсіпті өркендетуге, жұмыссыздықты жоюға, инфрақұрылымды дамытуға, инвестиция құюға арналып келсе, күні кешегі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы халыққа мүлде жаңа сілкініс әкелді.
Рухани жаңғыру – халық тарихын ешбір кеңестік идеология тұрғысынан емес, шынайы ақиқат жолында зерттеу, туған жеріне тағзым ету, алыстап кеткен бабалар мұрасымен сусындау, беймәлім киелі аймақтарды тізімдеу, ең бастысы латын графикасына өту реформасы. Әлемнің алпауыт елдері Қазақстанның руханиятқа бет бұрған қадамын өте жоғары бағалап отыр. Себебі дамыған Еуропа бүгінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өрістегенімен, рухани тығырыққа тірелгені туралы түрлі ақпарат тарауда. Демек осы тұста Елбасы тағы да дер кезінде шешім қабылдап, мемлекетін рухани байлыққа қарай ойыстырды. Бұл – болашақта жемісін беретін бірегей бастама.
Шындап келгенде, рухты адамның ойлау жүйесінің басты қазығы – әдебиет пен өнер. Осы екеуінің шығармашылық анасы – поэзия. Біз бүгінде жеті қат жер астында жатқан тарихымызды – «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды» атты поэзиялардан іздеп таптық. Ол құдірет күш қаламмен жазылып, қағазға түспей-ақ, қазақ жыршы-жырауларының жадында жаңғырған. Міне, бүгін тәуелсіздігіміздің төріне енді.
Біз – тұғырлы елдің тастүлегіміз. Еркіндіктің ауасын еркін жұтқан азат ұрпақпыз. Тәуелсіздік – біз үшін ең аяулы түсінік. Дарқан далада бір-ақ ұлы ұғым бар. Ол – тәуелсіздік! Елбасы айтқандай, Қазақстан ендігі кезекте әлемге Ұлы дала елі деген ауқымды атпен танылуы тиіс. Біз сол жолда келе жатырмыз. Бақыт дегеніміз бостандық, оның ішінде рухани бостандық екенін ұғынатын кез жетті. Білге мен Тоныкөк, Күлтегін мен Ер Тоңға, Қабанбай мен Бөгенбай, Абылай мен Бұқар жырау, соңғы ханымыз Кенесары, кешегі Алаш арыстары армандап кеткен азаттық, міне, біздің қолымызда тұр. Тәуелсіздік тәубемен таразыланбайды, тегеурінді жас ұрпақтың білімімен, білігімен, ел іргесін нығайтар бастамасымен, Мәңгілік ел жолындағы жарқын соқпағымен сақталады. Сол жолда аянбай қызмет етсек қана мәңгілік даңқтың шыңына шығатынымыз кәміл.