Экономика • 02 Наурыз, 2021

Өзбекстан нарығына шығады

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Өзбекстан 2021 жылы сауда серіктестігін нығайтып, экономикалық мүмкіндіктерді бірлесіп игеруге ниетті. «QazTrade» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы Өзбекстан Республикасына ж­ұмыс сапары аясында инвес­тициялар және сыртқы сау­да министрінің орынбасары Бадриддин Абидовпен кездесу өткізді.

Өзбекстан нарығына шығады

Қазақстан Өзбекстанның жетек­­ші сыртқы экономикалық әріп­тес­терінің бестігіне кіреді, бұл рет­те Ташкент Қазақстанның Орта­лық Азия өңіріндегі негізгі сауда серік­­тесі саналады. Азамат Асқар­ұлы екі елдің үкіметі екіжақты тауар ай­на­лымын 10 млрд долларға дейін арт­тыруды жоспарлағанын еске салды.

– Өкінішке қарай, пандемияға байланысты 14 пайызға төмендеді. Бірақ биыл елдеріміздің тауар айналымын қалпына келтіріп, арттыра алатынына сенімдіміз, – деді «QazTrade» басшысы.

Дәл қазір Қазақстан Өзбекстан­ның жеміс-көкөніс және жеңіл өнер­кәсібіне мүдделі және ауыл шаруа­шылығы тауарларын, фар­мацевтикалық тауарлар мен құры­лыс материалдарын ұсынуға дайын. Келіссөз барысында ірі қазақстан­дық Magnum ритейлерінің Өзбек­стан нарығына кіруі де сөз болды. Сауда орталығы 2021 жылдың қыр­күйегінде Өзбекстанда алғашқы гипермаркетті ашуды, ал 2023 жыл­ға қарай тағы 11 дүкен ашуды жос­пар­лап отыр. Оның үшеуі гиперма­кет болмақ. Азамат Асқарұлы бұл ри­тейлердің Қазақстанда кең дәре­же­де танымал екенін де айтып өтті.

Өзбекстандағы Magnum сөре­лерінің 30 пайызы қазақстандық өндіріс өнімдерімен толықпақ. Оның ішінде бұрын Өзбекстан нарығына шықпаған қазақстандық брендтер де бар.

Келіссөздер кезінде тараптар екі елдің өндірушілерін қолдау және олардың өнімдерін Қазақстан­ның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, үшінші елдердің нарықтары­на шығару бойынша бірлескен іс-шаралар құру мүмкіндігін де талқылады.

– Қазақстанның дамыған көлік инфрақұрылымы, соның ішін­де транзиттік инфрақұрылымы бар. Бірлескен кәсіпорындар құру арқылы, оның ішінде «Бола­­шақ» ха­лықаралық сауда-экономи­­ка­лық ынтымақтастық орталы­ғы шеңберінде бірлескен қазақ-өзбек кәсіпорындарының өнім­дері Еуразиялық одақ елдерінің нары­ғына кеденсіз қол жеткізе алады. Бұдан басқа біз бірлесіп өнді­ріл­ген тауарларды логисти­ка­лық орталық­тарымыз арқылы Қытай нарығына да, ЕО елдеріне де ілгерілете аламыз, – деп атап өтті Азамат Асқарұлы Өзбекстан Республикасының сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Фаризшох Усмановпен болған кездесуде.