Аймақтар • 02 Наурыз, 2021

Шымкенттік дәрігер 3 мыңға жуық ананы босандырған

168 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкенттегі қалалық перзентханада жыл басынан бері 1837 сәби дүниеге есігін ашқан. Оның ішінде 941 ұл болса, 896 қыз баласы. Ана мен баланың өмірі үшін күресте өзін ұмытып, өзгелерге қуаныш сыйлаушы акушер-гинеколог маманның еңбегі өлшеусіз. Сол нәрестелердің өмірге аман-есен келуіне үлес қосқан ақ халатты абзал жандардың бірі – Жарқынбек Данияров.

Шымкенттік дәрігер 3 мыңға жуық ананы босандырған

Аналардың алғысына бөленіп жүрген абзал жан – қалада коронавирус инфекциясы өршігін кезде инфекциялық ауруханада ең алғашқылардың бірі болып жүкті әйелге ота жасаған акушер-гинеколог. Қауіпті инфекцияға шалдыққан әйелдің өмірін аман алып қалу үшін білікті маманды жұқпалы аурулар ауруханасына арнайы шақыртқан.

Акушер-гинеколог ауыр жағдайдағы 21 жастағы жүкті келіншекке кесір тілігі арқылы ота жасап, ана мен баланың өмірін аман алып қалған. Ковидке шалдыққан әйел дені сау қыз баласын дүниеге әкелген болатын. Дәрігер індет кезінде қалалық перзентхана жанынан ашылған провизорлық орталықта науқастарға медициналық көмек көрсеткен.

Ана мен баланың денсаулығы басты назарда екенін айтқан дәрігер перзентхана қызметкерлері үшін тәуліктің әр минуты мен сағаты қарбалас сәтпен жалғасатынын атап өтті.

«Адамнан адам шығу әрқашан да оңай емес, бұл өте маңызды әрі қауіпті сәт. Өз жұмысымды сүйіспеншілікпен атқарамын. Сондықтан инфекция өршіген тұста жұмыстан алшақтамай, керісінше тәуліктеп, отабасымнан шырақта жүріп жұмыс істедім. Мұны мақтан етпеймін. Бұл менің халық алдындағы міндетім деп білемін», дейді Ж.Данияров.

Жаркынбек Жақыпбекұлы еңбек жолында 3 мыңға жуық әйелді босандырып, баланың дүние есгін ашуға көмектескен. Оның ішінде 1 мыңнан астам ананы кесір тілігі арқылы босандырған.