Оқырманға сан алуан тақырыпты қамтыған мақалалар мен очерктердің, қайнаған тіршілікті көркем ойдың сүзгісінен өткізген оннан астам кітаптың авторы ретінде таныс Өтеш Қырғызбаевтың журналист мамандығына әуестігі алғашқыда мектептің қабырға газетіне мақала, аудандық, облыстық газетке хабар-ошар жазудан басталған екен. Мектептен соң үш жыл қатарынан Қазақ университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырып, ақырында дайындық бөліміне қабылдану арқылы студент атанады. Бес жыл оқып, жоғары білім алады. Осылайша, Өтекең бала кезден армандаған мақсатына қол жеткізгендей болады. Бірақ, қаламгерліктің жалына оңайлықпен қол тигізе қоймайтын асау өнер екенін де ұғады.
Оқырманға сан алуан тақырыпты қамтыған мақалалар мен очерктердің, қайнаған тіршілікті көркем ойдың сүзгісінен өткізген оннан астам кітаптың авторы ретінде таныс Өтеш Қырғызбаевтың журналист мамандығына әуестігі алғашқыда мектептің қабырға газетіне мақала, аудандық, облыстық газетке хабар-ошар жазудан басталған екен. Мектептен соң үш жыл қатарынан Қазақ университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырып, ақырында дайындық бөліміне қабылдану арқылы студент атанады. Бес жыл оқып, жоғары білім алады. Осылайша, Өтекең бала кезден армандаған мақсатына қол жеткізгендей болады. Бірақ, қаламгерліктің жалына оңайлықпен қол тигізе қоймайтын асау өнер екенін де ұғады.
Осы орайда Өтекеңнің қырық жылдан астам уақыттан бері атқарып келе жатқан журналистік қызметінде еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласып, әртүрлі әлеуметтік мәселелерді көтерген сараптамалық, талдау мақалаларының оқырман көңілінен шығып, жоғары бағасын алып жүргенін атап өткіміз келеді. Және бір сүйсінерлігі – оның қатардағы мақалаларының өзінен журналистикаға тән қасаң баяндаудан гөрі сөзді ойнату, кейіпкерін әдеби бейне дәрежесіне көтеруге ұмтылушылық айқын байқалып тұрады. Бұған дарынды журналист-жазушының ертеректе «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарияланған мақалалары мен очерктері дәлел бола алады. Өтекең бұдан кейін республикалық «Жалын» баспасында редакторлық қызметті абыроймен атқарды.
Бұл жылдары проблемалық мақалалары, очерктері арқылы оқырманға талантты журналист ретінде танылумен қатар, тілі құнарлы, қаламы қарымды жазушы ретінде де көріне бастайды. Осы жылдары ол оқырманға «Жалын» баспасынан жарық көрген «Немере» және «Адыраспан» атты алғашқы повестер мен әңгімелер жинағын тарту етеді. Біз бұл арада жазушының шығармаларына талдау жасап, баға беруді мақсат етпейміз. Себебі, Өтеш Қырғызбаевтың жоғарыда аталған және басқа да шығармалары көркемдік қуаты мол, шымыр туындылар ретінде оқырман тарапынан жылы қабылданып, кезінде өз бағасын алған болатын. Бір ғана айтарымыз – журналист-жазушының әдебиеттегі аяқ алысын сырттай жіті қадағалап жүретін Тәкен Әлімқұлов кезінде Өтештің «Немере» атты алғашқы жинағын оқып шыққаннан кейін оң пікір білдірген.
Содан бергі уақытта Өтеш Қырғызбаев ұстаз сенімін ақтай білген қаламы жүйрік журналист, көркем ойлы жазушы болып қалыптасты. Әдебиет пен өнер саласында бұрын-соңды Созақ өңірінен шыққан тарлан таланттар Тәкен Әлімқұловтың, Асқар Сүлейменовтің, Төлеген Тоқбергеновтің шығармашылық дәстүрін одан әрі жалғастырып келеді.
Ол қырық жылға жуық қалам тербеп, оннан астам прозалық кітап жазды. Олардың ішінде әр жылдары жарық көрген «Сүгір», «Аллаһу» романдары, «Тарланбоз Тәкен», «Асқаршың», «Қобызшы Жаппас Қаламбаев» және «Созақ қасіреті», «Ұлым менің, ғұмырым менің» атты деректі повестері мен көркем хикаят, әңгімелер жинақтары жұртшылыққа жақсы таныс. «Ақбөкендер ауған жаз» атты повесі 2008 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен «Жерсу» корпорациясы ұйымдастырған балалар шығармаларына арналған бәйгеде екінші орын алды.
− Шынымды айтсам, о баста жазушы болам деп ойлаған жоқпын. Әкем Өтеулі алты жасымда өмірден өтіп, жоқшылық қамыты мойныма ерте түсті. Анам Ақжан шиеттей төрт баланы жеткізу үшін белін бекем буып, тер төкті. Әкеміздің көзі кеткен соң қоржын тамның есігін анамыз іліп алатын болды. Алғашқыда әкем қайтып келетіндей көрініп: «Апа, апа, апатайым, ілмеші, ілме есікті, Келіп қалар, келіп қалар, әкем неге кешікті?», – деген шумақ ойыма оралды, – деп өткен күндерді еске алады ол. Осы шумақты іштей қайталап жатып, көзім ұйқыға кететін. Бала кезімде сурет салуға да қызықтым. Қара тушпен табиғат көріністерін, балалар ұғымына жеңіл суреттер салдым. Қолына қолғап киген баланы бұзаумен қосып салып: «Боламын деп боксшы, бұзауменен шоқысты. Болғанымен күшті, нокаутқа түсті» деп жазып, «Қазақстан пионеріне» салып жіберсем, газетте жарық көріп тұр. Мектеп оқушылары арасында сурет салудан бәйгеге қатысып, жүлде алып, орыс суретшісі В.Саврасовтың кітабын олжаладым.
Өтекең қаламы төселген журналист ретінде қоғамның күнделікті өміріне белсене үн қатып отырады. Өткен жылдар бедерінде «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» республикалық байқауында бірінші орынды иеленді. Алматы қаласындағы жарнамалар мен маңдайша жазулар, ақпараттық хабарламалардағы қателер, шетел тілінде жарнамалануы, көрнекіліктерінің талапқа сай болмауы, сауда, бизнес орталықтарының шет ел тілінде рәсімделетіні туралы жазылған мақалалары «Алматы ақшамы» газетінің бетінде үзбей жарияланып келеді.
Созақ өңірінде журналист болып қызмет атқарған жылдары көп зерттеген тақырыбы – Сүгір күйші мен отызыншы жылғы Созақ көтерілісі туралы болды. Даңқты күйші мен қанды қырғынды көзі көрген тірі куәлардың 70-80 жылдары көзі бар еді. Сол қарттардың естелік әңгімелері шындық оқиғалардың арқауына айналып, ұзақ жылдық еңбектің арқасында жазушының «Сүгір» және «Созақ қасіреті» романдары мемлекеттік тапсырыспен «Ана тілі» баспасынан жарық көрді. Одан бұрын бұл тарихи романдардың журналдық нұсқасы «Жұлдыз» журналында жарияланған болатын.
Өтеш Қырғызбаев «Қобызшы Жаппас Қаламбаев» деректі повесі үшін Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы Өтештің «Сөз зергері Ісләм Жарылғапов» атты кітабына: «Термин мәселесімен айналысып жүрген жандардың есіне сала кеткім келіп отырған бір жайт бар. Әңгіме ісләмтану ілімінің қалыптаса бастағаны туралы. 2008 жылы жұртшылық қолына тиген жазушы Өтеш Қырғызбаевтың «Сөз зергері Ісләм Жарылғапов» дейтін кітабын ерекше атауға болады. Бұл ісләмтану іліміне қосылған үлкен үлес болды. Егер ғылым әлеміндегі бұрынғы жүйе орнында болғанда, бұл еңбекті ғылыми атақ беретін ғылыми кеңеске ұсынуға болар еді», деген пікірі есімізде қалыпты.
Өтешпен Қазақ университетінің журналистика факультетінің алғашқы курсында оқып жүрген кезімізде танысқан едім. Мінезі біртоға, жымиып, күліп қоятын жігіттің жан дүниесі терең екеніне біртіндеп көзім жете бастады. Жолдастыққа адал, ешқашан тастап кетпейтінін қиын сәттерде қасымда болғанынан жақсы білемін. Жора-жолдастардың арасында ол туралы айтылған бөгде сөзді естіген емеспін. Студент кездің өзінде көлемді мақалалары мен әңгімелері газет-журнал бетінде үзбей жарық көріп, қаламы қалыптасқан қаламгер ретінде танылып қалған еді. Өзінің қатарластары арасында алғашқы кітаптарын шығарып үлгерген де сол болды. Бұдан қырық жыл бұрын ерте танылған Өтеш сол баяғы қарқынынан әлі танбай жазып келеді. Бір жазғаны екіншісіне, бір көтерген тақырыбы екіншісіне ұқсамайды. Күннен-күнге түрлендіріп, тартымды, көркем жазуды еркін меңгеріп алған. Ол бүгінгі оқырманға не керек екенін жақсы біледі.
Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты.
Алматы.