Денсаулық сақтау министрлігі 2014 жылы Екінші дүниежүзілік және ауған соғысы ардагерлеріне арналған қосымша госпиталь ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Денсаулық сақтау министрлігі 2014 жылы Екінші дүниежүзілік және ауған соғысы ардагерлеріне арналған қосымша госпиталь ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Емдеу мекемесі Алматыдағы Ішкі істер министрлігінің госпиталі базасында ардагерлер мен соларға теңестірілген тұлғалар үшін 90 төсек-орынға шақталып ашылады. Жаңа емдеу мекемесінде сумен және балшықпен, электрмен және жарықпен емдеу, бальнеотерапия жүзеге асып, емдік денешынықтыру сияқты көмек көрсетіледі.
2010 жылы Отан соғысы мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпитальдің уақытша жабылып қалғаны белгілі. Бұл орайда жаңадан ашылатын госпиталь Алматының Каменское плато ауданында орналасқан клиникалық госпитальдің жоғарғы қабатының құрылысы аяқталғанша төсек-орынға қажеттілікті жаппақ.
Жалпы, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі медициналық оңалту және паллиативтік көмек жүйесін жетілдіру болып табылады. Елімізде ардагерлерге стационарлық медициналық көмек екі арнаулы республикалық госпитальде көрсетіледі. Оның бірі Алматыда 90 орынға, Астанада 80 орынға арналған емдеу мекемелері. 8 өңірде облыстық және қалалық ауруханалар жанында 325 төсекке лайықталған арнаулы бөлімшелер ұйымдастырылған. Аудандық, қалалық, облыстық және ірі көпбейінді ауруханаларда арнаулы палаталар қарастырылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі ағымдағы жылы республика стационарларында 1897 мүгедек және Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерінің, 3163 ауған соғысының ардагерінің, Семей ядролық полигонынан зардап шеккен 50 700 адам мен Чернобыль АЭС апатын жоюға қатысқан 19000 адамның емделіп шыққанын да хабарлап отыр.
«Егемен-ақпарат».