31 Желтоқсан, 2013

«Хақ жолы»

99 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырауда теріс діни ағымға ерудің өкініші туралы спектакль қойылды

Мұнайлы өңірде теріс жолға түсіп, өкінішке ұрынған жастар аз емес. Солардың біразы істі болды. Енді жас­тарды осындай өкінішке ұрындыратын ағымдардан қалай сақтандыру қажет? Осы сауал баршаны алаңдатары дау­сыз. Махамбет атындағы қазақ драма театрының директоры Асылбек Ықсановтың режиссерлігімен қойылған «Хақ жолы» деп аталатын спектакль көптің көкейіндегі осы сауалдың кілтін ашты деуге болады.

Мұнда мұсылман елдерінің біріне діни оқуға барып, радикалды ағымның қармағына түскен қазақ жігітінің өкініші арқау етілген. Қандасымыздың өмірлік көзқарасы өзгеріп, тіпті отбасынан, ата-атасынан бас тартады. Өзі өскен ортаның, өмірге әкеліп, мәпелеген ата-анасының амандығын білуге жарамайды. Жат ағымның жетегіне ерген қазақтың бейкүнә баласы түрмеге түседі. Перзентінің өкінішке ұрындырған тағдыры анасының жүрегіне зіл батпан жүк түсіреді. Әбжыланнан балапанын қорғаған қарлығаштай шырылдаған анасы құсалықтан өмірден өтеді. Арада бірнеше жыл өткенде ғана өзінің қателігін түсінген жас жігіттің өкініштен өзегі өртенеді.

– Бұл спектакльдің мақсаты – жастарға ой салу. Экстремистік топтар қыз-жігіттердің санасын улап, жат әрекеттерге итермелеп, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр. Біздің ұжым елді, жалпы жастарды осындай қауіптен сақтандыруды, олармен күресуге үндеуді көздеді, – дейді екі бөлімнен тұратын драмалық туындының режиссері Асылбек Ықсанов.

Енді алдағы күндері театр ұжымы бұл туындыны өңір аудандары мен көрші облыстар жұртшылығына ұсынуды көздеп отыр.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.