Аймақтар • 03 Наурыз, 2021

Батыс Қазақстанда 85 елді мекенді су басуы мүмкін

108 рет көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында көп жылдық мониторингке сәйкес 36 мыңнан астам адам тұратын 85 елді мекенге су басу қаупі жоғары, деп хабарлайды Egemen.kz

Облыстық ТЖ департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, Орал қаласы, Тасқала, Қазталов және Бәйтерек аудандары ең қауіпті аумақтар қатарына жатады. Жасұлан Қыдырғожаұлының сөзіне қарағанда, елді мекендерді су басу қаупінің үш деңгейі анықталған.

Атап айтқанда, 27 елді мекен су басудың жоғары, 50 ауыл орташа, тағы 8-і төмен деңгейіне жатқызылған. Қазіргі таңда «Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша қардың биіктігі – 35 см, топырақтың қату көрсеткіші – 35-69 см. Шыңғырлау, Шежін 2, Өлеңті және Шідерті өзендерінде ылғал қоры қалыпты деңгейде. Деркөл мен Шаған өзендерінде көп жылдық көрсеткіштерден 13-16 пайызға төмен.

«Облыстағы көктемгі су тасқыны шекаралық өзендердің табиғи ағысына ғана емес, сонымен қатар Ресей аумағында орналасқан су қоймаларынан жіберілетін су көлеміне де байланысты. Осы орайда ресейлік әріптестермен су тасқыны, атап айтқанда, Орынбор және Саратов облыстарындағы Ирикла мен Варфоломеев су қоймаларын қауіпсіз және өзара тиімді пайдалану мәселелері бойынша өзара ақпарат алмасып отырамыз», деді Ж.Жұмашев.

Оған қоса түскен қарды уақтылы жинап, қала мен елді мекендерден дер кезінде шығарудың да маңызы зор. Қазіргі кезде еріген қар суының басу қаупі бар учаскелерді тексеру жұмыстары жүргізілуде. Күні бүгін елді мекендерден 494 мыңнан астам текше метр қар шығарылды. 1150-ден астам текше метр еріген су сорылды.

Көктем кезіндегі төтенше жағдайларды жою жұмыстарына 2591 адам, 734 техника, 45 жүзу құралы, 295 мотопомпа тартылмақшы.

Облыс бойынша түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға резервте 1,5 млрд теңге қарастырылды. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда тағы бір республикалық жол жабылғанын жазған болатынбыз. Бүгін барлық бағыттар бойынша жол ашық.

Соңғы жаңалықтар

Елданаға ел риза

Спорт • Кеше

Жұмекеннің «Балаусасы»

Руханият • Кеше

Сүйіспеншілік сабағы

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар