Құзырлы органдардан қолдау көп
Жобалық қызметті жүйелендіруге қатысты нақты ұсыныстарын жеткізген комитет жетекшісі Жанар Тайжанова елге кеңінен таралған бірқатар жобаға жеке-жеке тоқталды. Ал жиынға қатысушылардың талқысына түскен өзекті мәселенің ішінде бұқараны арнайы жобалар туралы ақпараттандыру мәселесі де бар.
Жыл басында іске қосылған «Адалдық алаңы» ауқымды жобасына қазіргі таңда құзырлы мекемелер де қызу қолдау білдіруде. Бүгінде 17 жергілікті және 18 атқарушы орган мен «Самұрық Қазына» АҚ-да жобалық кеңселер құрылып, өз жұмыстарын бастап кеткен. Жанар Тайжанованың мәлімдеуінше, қазіргі күні елімізде агенттіктің мұрындық болуымен «Адалдық алаңынан» бөлек тағы 10 жоба іске асырылуда. Алдағы уақытта осы жалпы жобалық қызметтерді бір жүйеге келтіру мақсаты тұр. Бұл бағытта агенттік барлық жобаны бір ауқымды бағдарламаға біріктіріп, ұлттық жоба шеңберінде қарастыруды қолға алмақ.
Сапалы коммуникация орнату – жобалық басқарудағы ең маңызды қадамның бірі. Аппарат жиынында осы мәселе қызу талқыланды. Себебі өңірлік кеңселерде бұл мәселе оң шешімін тапқанымен, министрліктер арасында және орталық пен жергілікті атқарушы органдар деңгейінде байланыс әлі де әлсіз. «Аймақ – сала – жоба» үшжақты әріптестік қағидатын ұсынған комитет жетекшісі орталық деңгейдегі жобалық кеңселер мен өңірлік кеңселер арасындағы коммуникацияларды тәжірибе алмасу арқылы нығайтуға болатынын жеткізді.
Агенттікте келіп түскен ұсыныс-пікірлерді, сұрақтарды тез және сапалы түрде қарастыру мақсатында жүйелі кездесулер ұйымдастыру көзделіп отыр. «Осы мақсатта наурыз айынан бастап күн сайын бір өңірлік және бір салалық жобалық кеңсемен жарты сағаттық кездесулерді бастауды қолға алдық. Мұндай басқосуларға міндетті түрде жоба кураторлары, яғни облыс әкімінің орынбасарлары мен вице-министрлер немесе аппарат басшысы және жобалық топ толық құрамда қатысуы қажет. Өз кезегінде әр куратор осындай кездесулерді аудан әкімдерімен ұйымдастырып, әр мекеме басшысы күніне жоқ дегенде 15-20 минут уақытын сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа бөліп отырса, қолға алған жұмыстардың нәтижесіне жетуіміз әбден мүмкін», деген Жанар Тайжанова сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобаларды іске асыру мәселелері бойынша аумақтық департаменттер басшылары мен аймақтық бағдарлама кураторларының жұмыс кестесін ұсыныс ретінде нақты мысалмен көрсетіп өтті.
Бұқарамен берік байланыс керек
Халықпен жұмыс істеу, ел-жұртқа жобаға қатысты ақпаратты толық және уақтылы жеткізу. Аппарат жиынында сөз болған маңызды мәселенің бірі – осы. Агенттік өкілдері бұл бағытта коммуникациялық жоспар құрып, оның нақты орындалуын қадағалауды ұсынса, жиынға қатысушылар қарапайым халықпен байланыс орнатудың уақыт тезінен өткен тәсілдерін қайта жаңғырту қажет деді.
Мәселен, жиында сөз алған «Парасат жолы» орталығының басшысы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел «Адалдық алаңының» халықтың, соның ішінде зиялы қауымның қызу қолдауына ие болып отырғанын жеткізді. «Адалдық алаңы» – жемқорлыққа бұрын-соңды болмаған жойқын соққы. Қазіргі таңда бұл бастама жалпыұлттық сипатқа ие болып келеді. Біз өз кезегімізде бұл жобаға ақын-жазушыларды көптеп қатыстырудамыз. Алайда жобаны одан әрі жетілдіру үшін бізге алдағы уақытта қосымша анықтамалық материалдар қажет», деді ол.
«Қазіргі таңда агенттіктің мұрындық болуымен іске қосылған 13 жоба бар. Әр жобаның өзіндік көтерген жүгі мен жауапкершілігі жетіп артылады. Ал «Парасат жолы» – екі беделді құрылымның бастамасымен қолға алынған бірегей жоба. Біз осы ерекшеліктерді ұтымды пайдалануымыз қажет. Мұндай жоба бізде бұрын-соңды болған жоқ. Бізге әр жобаның мақсат-мұраты, маңызы жөнінде толыққанды ақпарат беретін брошюра қажет. Ауқымды бастамаға бір кісідей қатысып жүргендердің алдыңғы қатарында ақын-жазушылар тұр. Ал Жазушылар одағында 800 жазушы бар. Олар – 800 әлем. Сондықтан ақын-жазушыларды елге, халықтың ортасына жіберу қажет. Алдымен оларға агенттіктің осы жобалары туралы толыққанды ақпарат беретін толыққанды материал керек», деген жазушы Жемқорлыққа қарсы жобалар бойынша басқарушы комитет жетекшісіне тағы бір мәселені ашып көрсетті. Ол – сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға қатысты қысқа, бірақ өте мағыналы, халықтың күдігін сейілтіп, көзқарасын өзгертетін бейнероликтер дайындауға қатысты. Бұл жөнінде орталық басшысы: «Аудитория бейнероликтерді өте жақсы қабылдайды. Айналасы 1-2 минуттық мағыналы роликтер халыққа ұзын-сонар жасалған баяндамадан гөрі пайдалырақ. Халық көп жиналатын жерлерге осындай сюжетті бейнероликтерді жиі көрсетудің тәрбиелік мәні зор. Сондықтан алдағы уақытта жемқорлыққа тұсау болар қысқа әрі психологиялық әсері мол мақсатты роликтер түсіруді мықтап қолға алған жөн. Себебі агенттіктің атқарып жатқан жұмыстары ауқымды. Алайда сол атқарылып жатқан іс-шаралардың жартысынан көбі қарапайым халыққа жетпейді. Егер қолға алынған осындай қажетті жұмыстар бұқараға жетпесе, оның пайдасы қанша?! Осы мәселеге ерекше көңіл бөлген дұрыс», деді С.Түгел.
Жүйеге күйе жаққан жазасыз қалмайды
Басқосу барысында Ж.Тайжанова агенттік төрағасы Алик Шпекбаевтың назарын елдік мүддеден бұрын қара басын күйттеп жүргендердің әлі де аз емес екеніне аударды. «Қазіргі таңда қоғам белсенділерінің барлығы бірдей шынайы жұмыс атқарып жүр деп айта алмаймыз. Тіпті кейбір жоба басшылары «Адалдық алаңының» мақсаты мен міндетін, жобаның ауқымы мен өздерінің жеке рөлін әлі күнге дейін түсінбей, өз жеке мүддесін жоғары қойып жүргендер бар», деп мәселені ашық жеткізді. Бұл мәселеге кеңінен тоқталған Алик Шпекбаев, өкінішке қарай, агенттіктің атын пайдаланып, бүкіл жүйеге күйе жағып жүргендердің бар екенін жоққа шығармады. Агенттік төрағасының мәлімдеуінше, соңғы 1-2 жылдың ішінде «қой терісін жамылған» осындай 5 алаяқ әшкереленген.
Агенттіктің абырой-беделін бетке ұстап, арам ойын іске асырып жүрген әккілер туралы ойын ашық әрі өткір білдірген сала басшысы: «Бұл – өте салмақты мәселе. Қоғамда қалыптасқан осындай көзқарасты түбірімен өзгерту қажет. Біз тіпті кез келген заңсыздықтары үшін қатарымыздағы әріптестерімізді де қылмыстық жауапкершілікке тартудан тайсалып жүрген жоқпыз. Мұны көпшілік жақсы біледі», деп заң алдында бәрі бірдей екенін тағы бір еске салып өтті. «Өткен аптада ғана агенттік қызметкерінің атын жамылып, алаяқтықпен айналысқандарды анықтадық. Мұндай әккілер де «антикор» десе көптің айылын жия қоятынын жақсы біліп алған. Бұл құрылымнан біраз жұрттың қаймығатынын өз пайдаларына шешіп отырған. Сондай арам пиғылдылардың алды жеті жылға дейін жаза арқалап кетті. Қатарымызда қара басының қамын ғана ойлағандар көп емес, әрине. Ілуде біреу кездесер. Бірақ тағы да қайталап айтамын – қызметтік лауазымын пайдаланып, халықтың мұң-мұқтажы мен мүддесінен қара басының пайдасын жоғары қойғандарға жаза қашанда қатал. Бұл мәселе, әсіресе, агенттіктің жергілікті жерлердегі консультативті-кеңесші органдарына қатысты. Агенттіктің аймақтардағы құрылымдарына кадр іріктеуде өте мұқият болу керек. Ертең өз атымызға кір келмеуі үшін бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қараған дұрыс. Ал қандай да бір келеңсіздік болса, ол үшін ең бірінші консультативті-кеңесші органның жетекшісі, түптеп келгенде мен де жауап беремін. Сондықтан қатарымызға кімдер келіп жатыр, қандай мамандармен әріптес болып жүрміз деген сұрақтарға тиянақты қараған жөн», деген агенттік төрағасы жиынға қатысып отырған өңірлік құрылым басшыларына жүйедегі жемқорлыққа барлығының жауапты екенін қатаң ескертіп өтті.
«Агенттіктің абыройына сызат түсірмеу – осында отырған әрқайсымыздың басты міндетіміз. Себебі осы жүйенің маманына қарап өзгелер бойын да, ойын да түзеуі қажет», деп ойын түйіндеді агенттік төрағасы. Ал баяндамасын жыл басынан бері жобалық менеджмент тақырыбында онлайн өткізіліп жатқан оқу курстары жөніндегі ақпаратпен аяқтаған Жанар Тайжанова белсенді қатысушылар ретінде Әділет, Ұлттық экономика, Энергетика, Мәдениет және спорт министрліктерін атап өтті. Ол сондай-ақ «барлық жобаға қатысушылар оқытудан бөлек, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жиі өткізіліп тұратын семинарларға қатысып, жоба менеджері сертификатын алса, құба-құп болар еді» деген ойын да жеткізді.
Сөзінің соңында ол агенттіктің жобалық қызметі бірыңғай жүйе ретінде қалыптасса, әр қазақстандыққа ыңғайлы жағдай жасалған, қолжетімді әрі сапалы қызмет алуға мүмкіндігі бар қоғам құруға болатынын айтты. «Жоба толығымен жүзеге асса, еліміздегі кез келген мемлекеттік мекеме қарапайым халықпен кері байланыс орнатқан ашық органға айнала алады. Пара беру мен алуға 100 пайыз жол берілмейтін уақыт та келеді. Өйткені қазірдің өзінде «Адалдық алаңы» жай ғана жоба деген ұғымның шеңберінен шығып, жалпыұлттық идеяға айналып келеді», деді ол.