Қоғам • 04 Наурыз, 2021

Сақтануды қойып, сан соғып қалмайық

500 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шығысқазақстандықтардың коронавирус инфекциясына еті әбден үйренген сияқты. Індет түбегейлі жойылып кетпесе де, әу бастағыдай алаңдап жүргендер жоқтың қасы. Маска таққанымен, антисептик сепкенімен, автобустарда, қоғамдық орындарда иін тірескен жұрт. Ал облыста Covid-19 инфекциясына қарсы екпе екінші кезеңмен келе бастады.

Сақтануды қойып, сан соғып қалмайық

Шығыс Қазақстан облысына алғаш жеткізілген «Спутник-V» вакцинасы Өскемен мен Семей қалаларындағы «қызыл аймақта» жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге, медбикелерге және таза­лық­­шыларға салынған еді. Қазіргі таңда олардың жағдайы жақсы, ревакцинациядан өтіп жатыр. Мәселен, Семей қаласындағы №1 емхананада 225 медицина қызметкері екпе салдырса, олардың 118-і екінші қайтара алғызып үлгірді. Вакцинаның тәртібі солай, 21 күннен кейін екінші рет егіледі.

– «Спутник-V» вакцинасын ал­ған­дардың ешқайсысынан бөгде реак­ция байқалған жоқ. Бұй­рықта көр­се­тілгендей, алдымен вакцинаны нау­қас­тармен етене жақын жұ­­мыс істейтін медицина қыз­мет­кер­лері алды. Қазір бәрінің ден­саулығы жақ­сы. Оларға екінші қай­тара егіп жа­­тырмыз. Ендігі келген екпелер мұға­лімдерге, полиция қыз­мет­кер­ле­рі­не, мемлекеттік қызметтегі азаматтарға салынады, – деді Семей қалалық №1 емханасы бас дә­рі­герінің орынбасары Гүлнара Есенжанқызы.

Облыстық Денсаулық сақтау бас­­қар­­масы мамандарының мәлі­ме­тін­­ше, екінші кезеңмен келген вакцина да дәрігерлерге салынады. Бір қы­зы­ғы, екпе алуға былайғы жұрттың аса құлқы жоқ. Сөздеріне қарасақ, сенім­сіз­дік басым.

– Екпе салмасақ, ауру жұға қояды деп ойламаймын. Оның үстіне коронавирус инфекциясы біздің облыста азайып келеді. Ал қан плазмасын тапсыру дұрыс. Плазманың пайдасы дәлелденді медицинада. Әрине біреудің өмірін құтқарып қалу, са­­­­уапты іс, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Гүлім Әділбекова.

Шығыс Қазақстанда коронавирус инфекциясы азайды дегенмен, соңғы тәулікте 49 адамнан індет анықталған. Оның 33-і Семейден шықса, 9-ы Өскеменде тіркелді. Қалған науқастар Риддер мен Глубокое ауданынан шықты. Медицина қызметкерлерінің пікірінше, ауруды ауыздықтаудың бірден-бір жолы – вакцина мен санитарлық талаптарды сақтау. Алай­да облыстың бас санитарлық дә­рі­гері­ бекіткен қаулыға құлақ ас­пай жүргендер аз емес.

1 наурызда Өскеменде санитарлық талаптарды бұзған 8 жағдай тіркелген. Әсіресе, азық-түлік дүкендерінде ережені елемейді. Өскемен қаласы бойынша оларға 175 мың 20 теңге көлемінде айыппұл салынса, Семейде 510 475 теңгенің хаттамасы толтырылды. Атап айтсақ, азаматтар сауда үйлерінде, базарлар мен қоғамдық кө­ліктерде маскалық режімді сақта­май­ды. Ал Риддерде жұмыс орнында маскасыз жүрген бір азаматқа шара қолданылды.