Қоғам • 04 Наурыз, 2021

Ashyq қосымшасы – бизнестің қалауы

338 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Пандемия жағдайында бизнес субъектілерінің жұмысын оңтайлы ұйымдастыруға арналған, халықтың қауіпсіздігін сақтауға мүмкіндік беретін Ashyq мобильді қосымшасын әзірлеуге бюджет қаржысы жұмсалған жоқ. Демек, ел аузында жүрген алып-қашпа әңгімелерге құлақ түрудің де қажеті шамалы.

Ashyq қосымшасы – бизнестің қалауы

Цифрлық даму, инновация және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифр­лық шешімдер департаментінің дирек­торы Бекболат Молдабековтің айтуынша, Ashyq мобильді қосым­ша­сын әзірлеуге бизнестің өзі бастама­шы­­лық жасаған. Сондықтан оған мем­ле­­кет қазынасынан ешқандай қар­жы бөлінген жоқ. «Атамекен» Ұлт­тық кәсіп­керлер палатасы басқарма төр­аға­сының орынбасары Нариман Әбіл­ша­йықов та мобильді қосымшаны дайын­дауға бюджет қаражаты жұмсалмағанын жеткізді.

– Мемлекет қаржысы жұмсалды де­ген дақпырт әңгімені доғару керек. Жалпы, цифрландыру бағытындағы өнімдер қымбатқа түспейді. Ashyq – отандық өндірушілердің әзірле­месі. Қазақстандық компания «Инфо­Қазақстан» электронды платформасы мен Ashyq мобильді қосымшасын әзір­леп шықты. Бастаманы жүзеге асы­ру үшін мемлекеттік бюджеттен қара­жат жұмсалған жоқ, – деді Нариман Әбілшайықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Осы күні ел ішінде Ashyq қосым­шасы ел тұрғындарының еркін жүріп-тұруын шектей ме?» деген сауалға жа­уап іздеушілер көп. Бұл сауалға Сани­тарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Цифрландыру басқармасының басшысы Саян Әбдішев жауап берді.

– Ashyq мобильді жүйесі адам­дар­дың қозғалысын шектемейді. Тек карантин жағдайында бизнеске өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне жүйе ерікті түрде жүзеге асырылады. Яғни мемлекет тарапынан еш­кім міндеттелмейді. Бүгінде бизнес үшін ақпараттық технологиялардың кө­мегімен карантин және шектеу ша­ра­­лары жағдайында жұмыс істеу мүм­кіндігі пайда болды. Бұл жүйенің мақ­саты – қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету және келушілерді коронавирус инфек­ция­сынан қорғау, – деді С.Әбдішев.

Оның айтуынша, бас санитар дәрі­гер­дің қаулысына сәйкес, ел тұр­ғындары «науқас» және «олармен бай­­­ла­­ныста болғандар» деп бөлінеді. Мә­се­лен, Ashyq жобасы бойынша әр­бір адамға мәртебе беріледі. Кез кел­ген нысанға кірген кезде QR-кодты ска­нер­­леу керек. Сол кезде келушінің мо­­бильді қосымшасында индикатор кө­рі­неді. Қызыл түс – келушінің нау­қас екенін, сары түс – науқас адаммен бай­ла­ныста болғанын, ал жасыл түс бай­ланыста болғандар базасында тіркел­мегенін білдіреді. Көк түс ПТР зерт­теуінен өтпегенін көрсетеді.

Нұр-Сұлтан қалалық тұрақты даму орталығының ІТ-сәулетшісі, цифрландыру саласының маманы Виталий Пус­товойтенконың айтуынша, QR-код­тар «ИнфоҚазақстан» электронды плат­формасындағы субъектілерге бері­леді. QR-код әрбір кіріп-шыққан са­йын ұсынылады. Өйткені бізде аумағы үлкен, бірнеше есігі бар бизнес субъек­тілері бар. Соған орай жүйеде екі QR-код басып шығарылады. Біреуі – кіруге, ал екін­шісі – шығуға арналған.

– Ashyq мобильді қосымшасы­ның рей­тингісінің төмен екені рас. Бірақ бұл теріс пікірлердің арнайы тапсырыс­пен дайындалғанын байқап қалдық. Қосымша туралы жария еткен кезде адамдардың шатасуына немесе дұрыс түсінбеуіне байланысты чиптеу мен түске бөлуге қатысты мәселе туындады. Негізінде екпеге қарсы шығып жүрген адамдар тобы қосымшаны бағалауда тым төмен балл қойып, қосымшаны бұғаттап тастауды көздеген секілді. Сонымен қатар шетелдік трафикті де назарымыз шалды. Сондықтан оған шектеу қойдық. Яғни шетелдік пайдаланушылар қосымшаны жүктеп алуға мүмкіндігі жоқ және теріс баға қоя ал­май­ды. Қосымша ешқандай мәлімет жинамайды. Мұны тікелей баптауына өтіп тексеруге де болады. Ashyq қосым­шасындағы деректер жүйеде әр 20 минут сайын жаңартылады, яғни тек­серу жүргізіледі. Ақпарат бірыңғай дерек­қорға зертханалардан олардың регла­ментіне сәйкес түседі, – деді Виталий Пустовойтенко.

Нариман Әбілшайықовтың баянда­уынша, әлі күнге дейін 15 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі өз жұмысын жан­дан­дырмаған. Жекелеген өңірлерде шек­­теу­лер бар. Оны жергілікті бас сани­тар­лық дәрігерлер қабылдайды. Кәсіп­кер­лерде залдарды толтыруға байла­ныс­ты қызметті шектеу, жұмыс режі­мі, қоз­ға­лысты шектеу және дезинфек­ция­лық тон­нель және тағы да басқа жаңа сани­тар­лық талаптар бойынша сұрақтар туындайды.

– Ashyq қанатқақты жобасы адам­ның бойында аурудың қандай да бір бел­гілері, қоғамдық бизнес ортаға ба­руға қарсы көрсетілімдері бар-жо­ғын анықтайды. Қанатқақты жоба Алма­ты мен Нұр-Сұлтан қалаларында қаң­тар айынан бастап іске қосылды. Қазір об­лыс әкімдігінің бастамасымен Қара­ғанды қаласында жүзеге асырылуда. Жалпы, жобаға Қазақстан бойынша 130-дан астам субъект қатысады. Атал­ған платформада 20 мыңға жуық тір­кеу жүргізілді. Өткен аптада бас са­ни­тар­­лық дәрігер белгілі бір субъек­тілердің жұ­мысын жеңілдетуге мүм­кіндік бере­тін жаңа қаулыға қол қой­ды. Бұл жоба Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде оң нәтижелер берді. Бүгін­де ірі әуе тасы­малдаушылар да TravelPass сияқты плат­­форманы әзір­леді. Онда да QR-код жүйесі қолда­нылады. Меніңше, қазіргі кезде бұл ең оңтайлы және қолайлы жол», – деді Нариман Әбілшайықов.

2021 жылғы 22 қаңтардан бастап Ashyq қосымшасы Infokazakhstan.kz платформасымен біріктірілді. Ол ар­қылы қатысуға өтінім беруге және QR-код алуға болады. Еске сала кетейік, Infokazakhstan.kz платформасы пандемия жағдайында 700 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінің жұмысын жан­дандыруға жол ашты.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ashyq қосым­шасында ешқандай мәлі­мет жи­нал­майды. Келушінің жеке сәй­кес­тен­діру нөмірі мен тегі Денсаулық сақ­тау министрлігінің жүйесінде тір­келеді. Сервердегі мәліметтер Цифр­лық даму, инновация және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігінде тұр. Ден­сау­лық сақтау министрлігі қосымшаға келу­­шілердің кіруін өзінің ақпараттық жүйе­лері арқылы көре алады. Ал мекеме қыз­меткерлері келуші көрсеткен мәр­тебені ғана көреді. Мекемеге ұялы телефонсыз келген адам жеке мәлі­меттерін тексеруге келісім береді. Со­дан кейін мекеме қызметкерлері оның мәлі­меттерін жүйеге енгізіп, коро­на­вируспен ауырғанын немесе ауыр­ғандармен байланыста болған-болма­ғанын тексереді.