Аймақтар • 04 Наурыз, 2021

Қарағай үй қалпына келтіріледі

1265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауылдың аяқ жағындағы қос қабатты қарағай үйдің қаңырап тұрғанына жиырма-отыз жыл болды-ау деймін. Әу баста шіркеу ретінде салынғандықтан, катонқарағайлықтар оны солай атап кеткен.

Қарағай үй қалпына келтіріледі

Ресейден орыстар ауып ке­ліп, Төр Алтайдың төсін жайлай бастаған жылдары Покров шіркеуі ретінде салынғаны рас. Одан бері ғасырдан астам уақыт өтті. Дәлірек айтсақ, қарағай үй 1882 жылы бой көтеріпті. Бірақ 1930 жылдардан бері аурухана, мектеп болғанын ешкім жоққа шығармайды. Әсіресе, әдебиет сүйер қауымның есінде шығар, Оралхан Бөкейдің «Сайтан кө­пір» повесінің желісі бойынша түсірілген фильмдегі кейбір эпизодтар сол тарихи ғимараттың ішінде таспаланған.

Кейін Кеңес өкіметі ыдыраған соң ғимарат бұзылды, есік-тере­зелері талан-таражға түсті. Бөре­нелерін бөліп алып таси бастаған тұрғындар түрлі оқыс жағдайға ұшырамағанда, қос қабатты қоңыр үй түп-орнымен жоқ болар ма еді, кім білсін?! Әйтеуір, тылсым күшті байқаған ел қоңыр үйдің маңын баспайтын болған.

Енді міне, аудан басшылы­ғы есік-терезесі үңірейіп, неше жыл тұрған үйдің түпнұсқасын сақтай отырып, қайта қалпына келтіруді көздеп отыр. Ол үшін ауданды дамыту қорынан 150 млн теңге жұмсалады. Реставрация жасау үшін қажетті 150 текше метр қарағай әзірленіп те қойды. Алайда аудан тұрғындарының пікірі әр түрлі. Бірі «шоқынатын ғимараттың қажеті не?» десе, ен­ді бірі «мәдени мекеме ретінде жөн­деп қойса, туристерге қызық болар еді» дейді.

– Шіркеуден бұрын Катон­қарағай ауылының ортасында екі қабатты бос тұрған үйлер көп. Ал­дымен соларды жөндеу керек. Ұлттық құндылықтарымызды дә­­­­ріптейік. Ал шіркеуді қоршап қой­­ды, енді ешкім тиіспейді. Ке­йін басқа мәселелер шешілген соң көре жатады, – дейді ардагер журналист Жәнібек Қызыр.

Ауданды дамыту қорының атқарушы директоры Серік Жүні­совтің айтуынша, шіркеу құл­шылық орны емес, тарихи құн­дылығы бар ғимарат.

– Татарстанның Қазан қа­ла­­сында дәл осы сияқты ғасыр­­лар сынынан өткен ағаш шір­кеу­лер бар. Ол жерлердің табал­ды­ры­ғы туристерден босамайды. Ка­тон­дағы шіркеуді жөндеудегі мақ­­сатымыз сол, – дейді Серік Жүнісов.

Катонқарағайда туризмді дамыту үшін қолға алынған шаруа көп. Халық үшін жасалып жатқан мүмкіндік те аз емес. Мы­салы, өзінің тұрып жатқан үйін турис­терге жалға беріп, кәсіп аш­қысы келетін ауылдықтарға 2 млн 300 мың теңге көлемінде грант ұсынылды. Бұл жобада әсіресе Катонқарағай, Өрел және Берел ауылдарының тұрғындарына ба­сымдық беріледі. Айта кетсек, бір жыл ішінде ғана үйін турис­терге жалға берген бес азаматқа грант ұсынылды. Төр Алтайды бет­ке алатын туристер саны арт­қан сайын, ауданда оларды қа­былдау мүмкіндігі азайып барады. Сондықтан тұрғындарға кәсіп ашу үшін мол мүмкіндік беріліп отыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы