23 Сәуір, 2010

ІС БАСЫНДАҒЫ ТӨРАҒАНЫ ҚОЛДАУ

580 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жақында Испания сыртқы істер министрлігі Қырғызстандағы оқи­ғаларға байланысты ресми Ма­д­рид­тің көзқарасын білдіретін баспасөз коммюникесін жария­ла­ды, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бас­па­сөз қызметі. Онда былай делінеді: “Испания үкіметі Қырғызстан­ның бұрынғы президенті Құрман­бек Бакиевтің ел аумағын тастап шы­ғуға мүмкіндік беретін келісімді қа­перге алады. Мұнда өзге де сал­мақ­ты халықаралық ойыншы­лар­дан бөлек, ЕҚЫҰ-ның Іс басын­дағы төрағасы уақытша үкіметпен және экс-президент Бакиевпен арадағы келісімге қол жеткізу шеңберіндегі келіссөздер аясында шешуші рөл атқарды. Испания үкіметі экс-президенттің елден кетуі Қырғызстандағы саяси өмірді қалыпты деңгейге түсіруге ықпал ететін болады деп үміттенеді”. Испания үкіметі ЕҚЫҰ Іс ба­сын­дағы төрағасының Қырғыз­стан­дағы жанжалды реттеу бойынша күш-жігеріне қолдау көрсете оты­рып, Қ.Саудабаевтың осы елге рес­ми сапары Қырғызстандағы саяси жағдайды қалыпқа түсіруге кепілдік беру мақсатында негізгі саяси күштердің қатысуымен бітімгер­шілік және ұлттық үнқатысу үде­рістерін ілгері жылжытуға өзінің сенімін білдіретінін де атап айтады. Бұл өз кезегінде белгіленген мер­зімде сайлау өткізу жолымен елге қалыпты демократиялық ахуал­ды қайта оралтуға мүмкіндік берер еді. Баспасөз коммюникесінде Қырғыз Республикасы бұл міндетті жүзеге асыруда Испанияның қолдауына үміт арта алатыны да көлденең тар­тылады. ЕЛДІКТІҢ ҮЛКЕН ҮЛГІСІ Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан қырғыздарының атынан Ш.Ис­маи­лов хат жолдапты. Ол өзінің хатында былай дейді: Біздер, Қазақстанда тұратын қыр­ғыздар Қырғыз Республика­сын­да болған жағдайды күйзеле де, қинала да қабылдадық. “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді” деген даналар сөзі расталды. Ежелден белгілі, тарих дәлел­де­ген  жайлар бар: қашанда, қай істе болсын ханы мен халқы бір болып, тұтастық құрғанда мемлекет ны­ғайып, ел ырысы тасады. Ал халқы қолдамай, ханы халқын қорғамай, өзімшілдік өктемдік алып, өзара талас-тартысқа түскенде мемлекет әлсіреп, ел ырысы қашады. Кешегі қанды қырғын, жас­тай­ы­нан қиылған өмірлер, аңыраған аналардың зары, жетімдердің көз жасы кімге пайда әкелді? Енді жан­ға түскен жарақатты, жараланған жүрек пен зердені жазу қандай қиын десеңізші. Қырғыз елінің басына түскен қасірет  Сіздің қарапайым да терең ойларыңызды тағы бір түйсіктеуге мүмкіндік берді. “Ел туралы жа­да­ғай ойлау, халықтың тағдырымен ойнау – түбі жақсылыққа апармай­ды. Елі мұратқа жетпей, ері мұрат­қа жетуші ме еді? Сондықтан ел­діктің қамын ең алдымен ойламай болмайды”, деген сөздеріңіз бен атқарып жатқан істеріңіз бүгінгі Қазақстан халқының бейбіт өмі­рі­нің негізін құрап отыр. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың басын қо­сып, олардың  өзара тату-тәтті өмір сүруіне жағдай жасап, үлкені мен кішісін бөле-жармай  басқару –  мықты ұлттық ділі мен  әлем ұла­ға­тын бойына сіңірген адамның ғана қолынан келетін іс. Сіздің “Елдік те ерлік сияқты сын сағатта танылады”, деген сө­зі­ңізді енді түсіндік.  Бүгінгі таң­да­ғы  Қырғызстанның  қайғы-қа­сі­ретін бірдей бөлісіп, көрші елдің  халқына бейбіт өмір орналастыруға бар күшіңізді салып жатқаныңызға мың да бір рахмет.  Еңсесі түскен елдің есін жиғызып, жапа шеккен, зар жылаған халықтың көз жасын тыйғызу  елдіктің ең үлкен үлгісі. Азаматынан айрылған арғымаққа қайтадан ер салдыру, тұтастық туын қолға қайтадан алдыру – ерліктің үлгісі. Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын мемлекеттің жер бетінде барлығы үшін, осы елді басқаратын Сіз сияқты Азамат бар екендігі  үшін Аллаға мінәжат етеміз. Қазақстан қырғыздары атынан: Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі,  “Қырғызстан-Астана” қоғамдық бірлестігінің басшысы Ш.А.ИСМАИЛОВ.