Ұрлық өткен жылдың желтоқсанында орын алған. Зайсан ауданы полиция бөлімінің «102» жедел арнасына Зайсан қаласында орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің 62 жастағы күзетшісінен қызыл кітапқа тіркелген жануардың мүйіздерін ұрлау фактісі бойынша ақпарат түскен.
- Түнде белгісіз біреу жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің аумағына кіріп, контейнердің аспалы құлыбын бұзып, қораптарды ұрлап кеткені анықталды. Оның ішінде жалпы салмағы 236 килограмнан астам бұғының мүйіздері болған, – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Биыл ақпанда күдікті Алматы қаласында ұсталды. Ол 23 жастағы Зайсан ауданының тұрғыны болып шықты. Ұстау кезінде ер адам ұрланған заттардан құтылмақ болып, оларды көлігінен жолдың бойына лақтырып кеткен.
Қазіргі уақытта айғақ заттар тәркіленді. Тергеу жалғасуда. Аталған факті ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі 3-тармағы бойынша (тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.