Аймақтар • 05 Наурыз, 2021

Шымкентте тозығы жеткен үйлер сүріледі

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының аумағында қазір 45 тұрғын үйдің әбден тозығы жеткен. Ондағы пәтерлер саны - 470. Ілгерісі сонау 1934 жылы соғылған. Ескі үйлердің араларында ішкі инженерлік желілердің істен шығуы да жиі кездеседі.

Шымкентте тозығы жеткен үйлер сүріледі

Өзекті мәселені шешу жолдары бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбековтің төрағалығымен өткен мәжіліс барысында қаралды. Тозығы жеткен үйлердің 18–і Т.Әлімқұлов көшесі бойындағы 2 қабатты үйлер. Мәжіліс барысында 50-60 жылдары соғылған үйлерді сүріп, жаңасын соғу жайы қарастырылды.

-Тозығы жеткен үйлердің жыртығын жамап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы мәселені түбегейлі шеше алмаймыз. Дұрысы оларды сүріп, орнына жаңа тұрғын үйлерді соғуымыз қажет. Нәтижесінде шаһардың сәулетіне де сән келеді. Іске кіріспес бұрын әр тұрғынның пікірін жеке тыңдап, қалауымен санасатын боламыз. Құрылыс кезінде уақытша баспанамен қамтамасыз етіледі немесе орнына тең пәтер қарастырылады, -деді қала әкімінің орынбасары Ерғали Дәулетбекұлы.

41758

Жиында атап көрсетілгеніндей, тозығы жеткен үйлерді реновациялау мақсатында бекітілген механизмдер арқылы іс-шараларды жүргізу ұйымдастырылатын болады. Қазіргі таңда, «Shymkent» ӘКК» АҚ тарапынан бұл іске инвесторларды тарту жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен қалада 35 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басым бағыттарының бірі - тұрғын үй қорын жаңғырту аясында коммуналдық меншіктегі 29 көпқабатты тұрғын үйге де ағымдағы немесе күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр.