Руханият • 09 Наурыз, 2021

Сұлулыққа табыну

593 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жо-жоқ, бұл мақаланы жазуға көктемнің түк қатысы жоқ. Әйтсе де әңгіме ауаны сұлулық символына айналған Мэрилин Монро жайлы. Бірақ біз әртіс хақында ғана емес, әйел затының әдемілігі турасында сөйлескіміз келеді. Әрине, парасат биігінде. Солай дегеннің өзінде, тіпті сіз ойлағандай сұлулыққа қойылар талап өзгергенімен әдемілікке келгенде әйгілі әртістен айналып кете алмасымызды түсіндік.

Сұлулыққа табыну

Барлығы Мэрилиннің балғын қылығына таң қалудан басталды. Оның ізгі ілтипаты, нәресте мөлдір сезімі айналасын нұрландырып тұратын. Шаң жұқпайтын шырайы ғана емес, бұлалығы кетпеген бала мінезі, сылқым да сырлы сәби ойы, өзіне ғана жарасатын әнтек әрекеті, алтын жалатылған аққұба ажары XX ғасырдың жарық жұлдызына айналдырды.

Зер салсаңыз, оның бойында теңіздей тәкаппар мөлдірлік бар. Онсыз сұлулықтың тасада қалатыны аян. Ал сұлулықсыз көркемөнердің көрініс беруі неғайбыл. Сізге, оның өмірбаяны экрандағыдай қызыл да жасыл ленталы көрінуі мүмкін. Сұңғақ денесін қымбат бұйымдармен қымтаған әртістің өмірін ертегіге жорушылар да табылады. Бірақ ақзер арудың талайлы тағдырының соңынан еріп, ұлы жалғыздықтың құшағында күн кешкенін бірі білсе, бірі білмейді. Жалғыздың жан-мұңына ешкім үңілген жоқ. Бәлкім, жетім қызды жігерлендірген де сол үмітсіз шақтардың әлдиі болар.

Шын есімі – Норма Джан Бейкер. Киностудияда редактор болып жұмыс істейтін анасы танымал актриса Норма Талмэдждің құрметіне солай атаған. Ал туған әкесі жайлы алыпқашпа ақпар көп. Көп болғанымен, Норма онымен көзі тірісінде жолыққан емес. Анасы психикалық ауруға шалдыққаннан кейін, қаршадай қыздың тағдырын қарабұлт басты. Қамқорлығына алған қаншама адамның қабағына жаутаңдаумен күн кешті. Ақыры, мұқтаждықтан мезі болған 16 жастағы бойжеткен Радиоплан әскери авиация зауытының қызметкері Джеймс Догертиге тұрмысқа шығады. Өзі де жолдасының қасына жұмысқа тұрады. Албырт сезімінің шырмауына оралған екі жастың некесі сәтсіз аяқталғанымен, бойжеткен өнердегі бағын сол маңнан тапқандай. Диспропорция.

Авиация зауытын суретке түсіруге келген америкалық фотограф Дэвид Коновер қара жұмысқа жегілген жас аруды байқап қалады. Сол сәтте сымбатты келіншекті объективке қағып алып, ғажайып фотоларды модельдік агенттіктерге жібереді. Бұл елеусіз Норманың ел сүйінген Мэрилинге қарай басқан тұңғыш қадамы еді. Тұрмыстың тауқыметін көп көрген ол зауыттан шығып, сағатына 5 долларға суретке түсуге келіседі. Осылайша модельдік мансабы басталады.

Айтпақшы, артынан жолдасы ашық суретін көріп, өкпелей: «Фотографтың айтқанына үнсіз келісе бердің бе?» деп сұрағанда, болашақ әртіс саспастан: «Үнсіз келіспедім, қасымызда радио ойнап тұрған болатын» деп жауап береді. Ғұмырбойы балалығын жоғалтпаған арудың тауып айтатын әдеті болған. «Түнде киетін жалғызым – №5 Chanel тамшысы» деген сөзінің астарында да үлкен мән жатқандай. Егер сіз әртісті сағынсаңыз, сол әтірді үстіңізге себіңіз. Өйткені одан әлі сұлулық патшайымының жұпары аңқиды.

Модельдік және актерлік агенттердің нұсқауымен атын Мэрилин Монроға ауыстырады. Бұл атауды өзі таңдайды. Мұндағы «Мэрилин» – Бродвей жұлдызының есімі болса, «Монро» – анасының тегі. Американың әрбір көшесінде оның әйдік суреттері ілініп тұрды. Атақты «Playboy» журналы бастаған 33 жылтыр басылымдардың мұқабасына шықты. Бала арманын ақиқатқа айналдыру үшін аянбай еңбек етті. Кино саласында бағын сынап, өзіндік қолтаңбасын қалдырды.

Қолтаңба демекші, әйгілі әртістің кинодағы жетістігі көл-көсір. Ол сомдаған рөлдердің әрқайсысы режиссердың һәм фильмнің беделін арттырып, миллиондаған табыс әкелді. Даңқты киностудиялармен келісімшарт жасасып, 20-дан астам фильмге түсті. Көбінесе бақытын дүниеден іздеген ақымақ қыздың образында ойнады. «Ниагара», «Джентльмендер аққұбаларды артық көреді», «Джазда тек қыздар бар» фильмдері арқылы әлемді мойындатты. Ол ол ма, «Джазда тек қыздар бар» фильмдегі басты рөлі үшін «Алтын глобусқа» ие болды.

Тарихқа өзінің атымен компания ашқан тұңғыш әйел продюсер ретінде енді. Сөйтіп, екінші рет бейсболшы Джо ДиМаджиомен отау құрды. Бірақ қарым-қатынастары ұзаққа созылмады. Әйткенмен спортшы әйгілі әртісті шын сүйді, өнерін бағалай білді. Ол дүниеден озғанда уәде еткендей жерлеуіне атсалысып, жиырма жыл бойы әр сенбіде қабіріне алты тал раушан гүлін әкеліп тұрды.

Монро өнерге жайдан жай келе салған жоқ. Білімінің аздығына ұялып, үнемі өзін-өзі дамытумен болды. Көпшіліктің көзінше алтын мен бриллиантқа апталғанымен, оның бәрі продюсерлердің көзбояушылығынан туған идея ғана. Негізінде ол зергерлік жауһарларға аса қызықпаған, ақшасының басым бөлігін кітапқа жұмсаған. «Ара-тұра кітап дүкеніне барамын, не бар екеніне көз жүгіртемін. Бір жерде мені қызықтыратын бір-екі сөйлем оқып қалсам, сатып аламын», дейді өз естелігінде. Оған дәлел, «Бақытты махаббат» фильміне түсу барысында рөлді ашу үшін Томас Вульф, Марсель Пруст, Зигмунд Фрейдтің шығармаларын оқыған. Дәл сол кезде «Ағайынды Карамазовтар» кітабының алғашқы басылымы алдымен Монроның қолына түскен екен. Тіпті оқыған туындыларын достарымен талқылағанды ұнатқан.

Біреулер Мэрилин өзін жай ғана зиялы адам ретінде көрсеткен деуі ғажап емес. Алайда әйгілі әртіс әңгіме айтқанда өзі оқыған романдардан үзінді келтіріп отырған. Әсіресе Иван Тургенев пен Леонид Андреевтің әңгімелерін, Лев Толстойдың романдарын, Александр Пушкиннің поэзиясын және Антон Чеховтың пьесаларын сүйіп оқыған. Оның сөрелерінен Оскар Уайлд, Бернард Шоу бастаған әлем классиктерінің туындыларын таба аласыз. Мэрилин дүниеден озғанда жеке кітапханасында 400-ден астам кітап болған. Сырт көзге аңғал һәм ашық аруға ұқсағанымен оның IQ деңгейі 168 баллды құрайды. Ғылымға жаңалық әкелген атақты Альберт Эйнштейннің ақылдылығы 163 баллға бағаланғанын ойласақ, сұлудың өзін-өзі тәрбиелеуге көп уақыт бөлгенін аңғарамыз.

Кітапқа құмарлығынан болар, америкалық драматург Артур Миллермен де шаңырақ құрады. Мэрилин күйеуінің діні иудаизмді қабылдайды. Жазушы сүйіктісіне арнап пьеса жазған. Ерлі-зайыптылар ата-ана болуды ойлағанымен, әйгілі әртіске ана болу бақыты бұйырмайды. Бұл – Мэрилиннің ең уытты өкінішінің бірі.

Сұлулық патшайымының АҚШ-тың 45-нші президенті Джон Кеннедимен жасырын романы туралы қауесет те тарады. Тіпті жанкүйерлері өліміне соны кінәлайды. Өмірінің соңғы минуттарында Ақ үйдің басшысына хабарласқаны айтылып та жүр. Сол заманда ақзер арудың сұлулығына табынғандар көп болған. Үйіне күн сайын 5 мың хат келеді екен. Оның арасында Президенттің інісінікі де бар.

Әйгілі әртіс ақымақ қыздың рөліне берілгендігі соншалық, шынайы өмірде де сол образынан шыға алмады. 36 жасында өз еркімен мәңгі сұлу да мінсіз қалпында көз жұмды. Өзі айтқандай, мансаптың ең биік мінберіне шықты, бірақ атақ пен абырой оны суық түнде жылыта алмады. Қоштасу рәсімінде табытта көк түсті «Pucci» көйлегін киген өңі тайған әртіс жатты. «Әйелде тек екі қару бар: тушь және көз жасы» деп түсінген Мэрилин Монроға тушь та, көз жасы да көмектеспеді. Дәуірден даңқты ару осылай көшті.