Қоғам • 11 Наурыз, 2021

Кедейлік факторы бала дамуына кері әсер ете ме?

2563 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазір елдің демографиялық саясаты екі түрлі көзқарас қыспағында. Гендерлік құқын жаттап алған кейбір келіншектер «бала тусам, Үкімет не береді?» деген сауалға жауап іздейтіні қалыпты құбылысқа айналып келе жатыр. Ертеректе бала тууға бейіл болып келетін замандастарымыз дүниеге келмеген баласының ертеңгі болашағына алаңдайтыны байқалып қалды. Себебі мектеп жанындағы үйірмелердің бәрі ақылы. Ал балаларға берілген жәрдемақы бір баланың аяқкиіміне жетпейді...

Кедейлік факторы бала дамуына кері әсер ете ме?

Парламент демографиялық мәселеге келгенде қалғып кетпейтінін байқатты. Биыл наурызда Мәжіліс депутаты Айжан Сқақова ақы төленетін декреттік демалысты екі жылға дейін созуды сұраса, оның әріптесі Ерлан Смайлов ел ішінде кедей отбасында тұратын балалар саны 1 млн-ға жетіп қалғанын, кедейлік факторы жас буынның болашағына қауіп төндіріп тұрғанын айтты. «Кедейлердің 80 пайыздан астамы бес немесе одан да көп адамы бар отбасында өмір сүреді. Статистикаға сүйенсек, біздің елде 340 мыңнан аса көп балалы отбасы бар. Яғни бір, екі немесе үш бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана немесе жалғызбасты әкенің де қиындықтары бар, бірақ олар әлеуметтік қолдауға мұқтаждар санатына жатпайды. Елімізде әрбір туған бала үшін қазақстандықтарға 4,2 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түрінде ана капиталын енгізу орынды. Осы қаражатты мақсатты пайдалану арқылы тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын, балаға білім беру, анасының зейнетақы жинақтарын жақсартуға болады», дейді депутат.

Осыған дейін сарапшылар Қазақстан қартаюға бет алған елдердің қатарына қосылу алдында тұрғанын айтып келген болатын. Оған ден қойсақ, қазақ ұлтының қартаю процесі демографияға, сосын ер-азаматтар арасындағы өлім-жітімнің артуына байланысты, бұл тығырықтан демографиялық дүмпу арқылы ғана шыға алады екенбіз.

Қоғам қайраткері Ғани Қасымов бір кездері ресейліктер тәрізді ана капиталы арқылы бэби-бум жасауға болатынын айтқан еді. Экс-сенатор бұл жолы да елдегі бірінші және екінші баланы туған кезде берілетін бір реттік жәрдемпұлдың бір-бірінен айырмашылығы аз екенін жеткізді.

Жас босанған анаға денсаулы­ғын қайта қалпына келтіруі үшін қосымша ем-дом шаралары керек екенін, көп бала тууға тоқ­тай­­­тын қазақ әйелін ауыл­дан да, қа­ла­­дан да таппайтынымыз­ды айт­­ты. Мемлекет тарапы­нан бері­­летін ай са­йынғы жәрдем­ақы ба­ла­ның жаялығынан артыл­май­ты­нын айтқан қоғам қай­рат­кері демо­графиялық саясат­ты түбе­гей­лі өзгер­ту керек екенін қоғам­­дық, әлеуметтік және эко­но­ми­ка­лық институттардың қа­періне тағы салды. Себебі ЕАЭО-дағы серік­тес елдер 2018 жылдан бас­тап «Ана капиталы» бағдар­ла­ма­сы­на ерекше басымдық бере бас­таған. Арменияның еңбек және әлеу­меттік істер министрі­нің орын­басары Смбат Сайян 2021 жылы Армения үкіметі демо­гра­­фия­­лық ахуалды жақсартуға және им­ми­грация мен репат­риа­цияны ын­та­­ландыруға бағыт­тал­ған үш бағ­дар­ламаны іске асы­руға қосымша 5,3 млрд драма (шамамен 11 млн доллар) бө­ле­тінін айтты. Оның айтуын­ша, жалпы алғанда елдегі демо­гра­фиялық көр­с­еткіштер оң және халық саны­ның төмендеу үрдісі бай­қалады. Мәселен, 2018 жылдың 1 қаң­тарындағы жағдай бо­йынша ел халқының саны 13 800 адам­ға азайған болса, 2019 жылдың 1 қаң­­тарындағы жағдай бо­йынша 7 600 адам­ға азайды. Со­нымен қатар соңғы жыл­дары Ар­менияда туу деңгейінің төмен­деуі ауылдық жерлерде қатты байқала бастаған соң ел үкіметі оның алдын алудың әрекетіне кіріскен.

Ресейлік дереккөздерге сенсек, «Ана капиталы» бағдарла­масы жұмыс істегелі бері 5 млн 700 мың отбасын қамтыпты. Бұл бағдарламаның демографияға әсерін әлеуметтану институттары кірпік қақ­пай бақылап отыр. Ресейлік демограф Алексей Ракша 2021 жылы ана капиталы жарты млн рубльге дейін өскенін айтып берді. «Ана капиталы бағ­дарла­масы елдегі бала туу көрсет­кішін арттырды. 2006 жы­лы Ресейде 1 479 637 бала дү­ниеге келсе, 2020 жылы 1 942 683 бала туған. Жыл сайын дүниеге келген бала саны арта береді», дейді А.Ракша.

Қазақстан халқының саны 19 млн-ға жақындап қалғанын мерзімді басылымдар жазды. Елімізде жылына орта есеппен 400 мың сәби дүниеге келеді. Мем­лекет туу көрсеткішін арт­тыру үшін әйелдердің жас құра­мын бақылау мәселесіне де назар аударып отыр. Мәселен, Қазақ­стандағы туудың жиынтық коэф­фициенті – 2,7. Бұл туу көрсеткіші ылғи өсіп отырғанын білдіреді.

Демограф ға­лым Әзімбай Ғали қазір әлем демо­графия­лық дағ­дарыстың қыспа­ғын­да отыр­ғандықтан, бала туу плане­т­арлық мәселе екенін, ЕАЭО елдері де мемлекеттік қолдау ар­қылы әйелдердің бала тууына мүдделі болып отырғанын айт­ты, Украинада 2018 жылы бірін­ші балаға мемлекет тарапынан бері­летін жәрдемақы – 41 280 гривенді (376 АҚШ дол­лары) құрады, бұл қазақстандық сәби­лерге төлене­тін жәрдемақыдан 5 есе көп екен. Бұл қаржыны ук­раи­на­лық ата-ана бірден ала ал­майды. Алғашқы 10 320 гривен бала туған кезде ата-ана­ның қолы­на беріледі. Ал қал­ған қаржы 3 жыл бойы ай са­йын 860 гривен кө­ле­мінде төленеді. Беларусьте бір рет­тік жәр­демақы бірінші бала­ға 2 136, ал екінші және одан кейінгі балаларға 2 991 бела­русь рублі көлемінде төленеді. «Бізге интеграцияға негізделген, про­гресивті демографиялық ұлт­тық сая­сат қажет. Ресейде ке­зін­де демо­графияны зерттейтін екі ғы­лы­ми институт, Украинада екі инс­­­ти­тут болған. Ал бізде ғылы­­ми топ­тар мен зертханалар болды. Сон­­дықтан арнайы ғылыми зерт­теу институты қажет», дейді Ә.Ғали.

Сарапшылар Қазақстанда да осындай бағдарлама, демо­гра­фиялық құбылыс­тарды қоғам­дық негізде, мемлекеттік дең­гейде зерттейтін институттар қа­жет екенін айтады. Ірі қа­ла­лар­­да жастардың отба­сын құру­ға асық­­пайтынын, шаңы­рақ көтер­гендердің 30-40 пайызына дейін ажырасып кететінін, ажырасу жөні­нен әлемде алғашқы ондыққа ілініп қал­ғанымызды зерттеулер көрсетіп отыр.

Әлеуметтанушы-ғалым Ай­сұлу Мол­да­бекова демография ел дамуының стра­тегиялық ма­ңы­зы бар мәселелерінің қата­рына жататынын, экономиканың да қар­қынды дамуында адам капи­талы, жұ­мысқа қабілетті халық­тың бөлігі және оның кәсі­би біліктілігінің жоғары болуы айтарлықтай рөл ойнайтынын атап өт­ті. Оның айтуынша, Қазақстанда бала туу көрсеткішін көтермелеу әлеуметтік сая­сат­тың басым бағыттарының бірі болуы тиіс.

Әлеуметтану институттары жүргізген сауалдамалар бо­йынша құндылықтардың үш­ті­гіне денсаулық, отбасы, бала жата­ды. Балалы болуды қа­лау біздің мента­ли­тетіміздегі дін мен дәс­түр ұштас­қан­нан туын­даған, өзек­тілігін жой­ма­ған құнды­лық екенін айтқан А.Мол­да­бекова мұн­­дай ұстаным біздің мента­ли­­тет­тік ерекшелігіміз екенін алға тарт­­ты. Сарапшы нақ­ты­лап өт­кендей, Қазақ­стан жағ­да­йын­да әр баланың дүниеге ке­луі сол отбасындағы белгілі бір әлеу­­­меттік-экономикалық мәсе­лелер­дің ше­шілуіне сеп болуы тиіс. Біз күткен нағыз демо­графиялық дүмпу сол кезде бас­­талады. Жер көлемі, экономи­ка­лық мүм­кіндіктері мол, ал хал­қы­ның саны аз мемлекет үшін «Ана капиталын» енгізудің артықшылығы көп.

«Берілетін қаражат отбасының үй жағдайын, баланың оқуы сияқты маңызды мәселелерге жұм­салуы көрсетілген механизм­нің де бекітілгені жөн. Сонымен қатар бүгінгі қоғам шындығы – отбасында бала саны көп болған сайын жан басына шаққандағы табыс көлемі де, ондай отбасылардың тұрмыс, үй жағдайы да нашар болып келеді. Тұрмысы төмен отбасылардың ішінде көп балалы от­басылардың үлесі жоғары. Объективті себептермен мұндай отбасылар ең алдымен сапалы білім алу, тамақтану, меди­циналық қызметтерден қағылады. Бұл сол отбасындағы балалардың дамуына кері әсерін тигізеді», дейді А.Молдабекова.

Сарапшы ағылшын ғалым­дары 19 мың отбасыны зерттеп, отба­сы­ның құрамы, тұр­ғын үйінің жағ­дайы, қаржылық тұрақ­тылығы сияқты факторлардың сол от­басындағы балалардың ақыл-ойы­ның дамуына тікелей әсер ете­тінін анықтағанын тілге тиек етті. Ғалымдардың зерттеуінше, әсі­ресе, қалалы мекендердегі кедейліктің бала­лардың тұлға­лық өсіп-жетілуіне зия­ны көп. Сонымен қатар шет аймақ­тар­да, ауылды жерлерде зерттеулер жүр­гізгенде ата-аналардың ай­та­тын шағым­дарының бірі – ба­ла­ларды дамыту­ға деген мүм­кіндіктің жоқтығы. Отба­сы­ның материалдық жағдайының тө­мен­дігін айтпағанның өзінде, мек­тептен бөлек балалардың бос уақы­тын ұйым­дас­тыратын орта­лық­тардың, спорт ны­сандарының, түрлі үйірмелердің болмауы, шет тілдерін меңгермеуі бала дамуын тежейтіні анық.

«Еліміздің макроэкономи­калық көрсеткіштері жоғары, 90-жылдармен салыс­тырғанда жағдай жақсы. ХХІ ғасырда – цифрландыру қоғамында бала­лардың болашақта кәсіби маман, тұлға болып жетілуін қолдан тежеп отыр­ғандай көрінеміз. Сондықтан еліміз­де бала тууды қолдап, толыққанды сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасамасақ, ертең кеш болары анық», дейді А.Молдабекова.

Қаржыгер-экономист Ілияс Исаев бұл мәселеге ең алдымен мемлекет мүдделі болуы керек екенін айтты. Демографиялық дағдарысты әлі бастан кешкен жоқпыз деп арқаны кеңге салуға болмайды. Тұрғындары көшіп елсіз қалған елді мекендер де бай­қ­ала бастады. Қаржыгер айтып өткендей, бұл фактор әлем­дік қауымдастықтың назарына ілінсе, ине шаншитын жер таппай жүрген кейбір ұлт өкілдеріне жер беруді міндеттеуі де әбден мүм­кін. «Оңтүстіктен солтүстікке қо­ныс аудару» саясатының тым нәти­желі болмағанын айтқан сарап­шы бұл мәселені мемлекеттік бағ­дар­ламаға айналдырудың кезі кел­генін, оның әрбір тетігі сарап­шы­лардың қатысуымен талқылану қажет екенін алға тартты.

«Қазақстан – шикізаттық сек­торға бейімделген ел. «Ана капи­талы» қаржысын шикізат сек­торының табысы есебінен беруді мін­деттесек, ел қазынасына сал­мақ салмаймыз. Бұл бастаманы тек биз­нестің емес, шетелдік компа­ния­­лардың да қоғам алдындағы жауап­­кершілігі, мемлекетпен әріп­тес­­тігі шеңберінде де шешуге бо­ла­ды. Мұнайдан түскен та­быс­­тың тым болмаса 1 пайызын осы мақ­сат­қа жұмсаудың кезі кел­ді. Осы ар­қылы «Ана капита­лы» қо­рын ашу­ға болады. Бұл мәсе­ле­нің ше­ші­мі биліктегілердің ерік-жі­геріне бай­­ланысты. Мұндай үр­діс ха­лық­ара­лық тәжірибеде бар. Тек оны бас­тау мен жүйелі түрде жал­ғас­ты­ру­ға ықылас болмай тұр», деп сөзін түйіндеді І.Исаев.