Қазақстан • 11 Наурыз, 2021

Тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталды

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Cауда және интеграция министрлігі мен Қазақстан тұтынушыларының республикалық қауымдастығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Тұтынушылардың құқығын қорғауға бағытталды

Осы келісімнің негізінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ Үкіметтің жол картасында көзделген іс-шараларды бірлесіп іске асыруға басымдық беріледі. Бұған қоса IX Азаматтық форумда қоғамдық бірлестіктер айтқан ұсыныстар да назарға алынып отыр.

Былтыр құзырлы орган тұтынушылардың құқығын қор­ғайтын 55 қоғамдық бір­лес­тіктің қатысуымен бірнеше он­лайн кездесу (жұмыс топтары, конференция) өткізген еді. Аталған басқосуларда Минис­трліктің тарапынан бірыңғай ұлттық тұтынушылар қауым­дастығын құрудың өзекті­лігі жайлы, қоғамдық ұйым­дардың құрамына кірудің маңыздылығы туралы, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізу қажеттілігі сынды бастамалар жөнінде түсіндірілді. Демек, ұлттық қауымдастықтың құрылуымен еліміздің барлық өңірінде оның филиалдары ашылып, одақтарды қайта форматтау «саннан сапаға» ұранымен өтпек. Бұл кәсіби ұйымдар қатарынан қалыптасатын бірлестіктер қыз­метіндегі тар бейінді бағыт­тарды дамытуға басымдық берілетінін аңғартады.

Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, ең белсенді деген 30 қоғамдық бірлестік минис­тр­лік бастамаларын қолдап отыр. Қоғамдық ұйым өкіл­де­рі Тұтынушылардың ұлт­тық қауымдастығы «Қазақстан тұты­ну­шыларының рес­пуб­ли­калық қауымдастығы» ЗТБ базасында құрылса деген ұсы­ныстарын жеткізіпті. Себебі оның құра­мына қаржы, білім беру, ТКШ, туристік және ме­дицина саласында тұтынушы­лар­дың құ­қықтарын қорғауға маман­данған қоғамдық бірлес­тіктер кіреді.

Жоғарыдағы ұсыныстарды ескеріп, министрлік «Қазақ­стан тұтынушыларының респуб­ли­калық қауымдастығы» ЗТБ-мен ынтымақтастық туралы мемо­рандумға отыруды­ құп көрген. Осылайша, мүдделі тарап­­тар аталған құжат үкімет­тік емес ұйымдарға тең мүмкін­дік­­терді қамтамасыз ететініне және тұтынушылардың құқы­ғын қорғау мәселесінде мемле­кет­тің қатысуын барынша азайтатынына сенімді.