Көз алдымызда «Көктем» картинасы. Бояуға оранған биязы ару кейпінде. Жанға сәуле, көңілге нұр құяды. Дүние соған қараған сайын өзгеріп кетердей әртүрлі түстердің қосындысы жаныңа шуақ сыйлайды.
Аталмыш туындының авторы – Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Ағымсалы Дүзелханов.
Ол – әйел бейнесін жиі салатын суретшілердің бірі. Оның барлық туындысынан табиғат, өмір, махаббат, сұлулық, пәктік сынды әйел символдары көрініс тапқан. Бұл шығармасында да автор әйелді көктем кейпінде бейнелеп, мерейлі мезгілге теңейді.
Шынында, көктем – табиғат жаңа тіршілік үшін оянып, тазалық және балғындықпен тыныстайтын жылдың ең сәулелі мезеті. Көктемкөз арудың жанарына ұя салған ғажайып сәт. Армандарыңның бастаухатындай.
Картинадан күміспен, асыл тастармен безендірілген ұлттық киім киген жас әйелді көреміз. Оның айналасында құстар мен көбелектер ұшып жүр, артында бүр жарған жасыл бұтақтар. Сәнді, салтанатты сәукелесін гүлдеп тұрған алма бұтақтары көмкеріп тұр. Сурет сұлулық қоса жаңа келген көктемді сезіндіреді.
Көйлек пен фонның ашық сары түсін жайлы жасыл түс көмкерген. Суретші түстердің символизміне жүгінгенін айтып өту керек. Қазақ халқында сары түс қозғалысты, шексіз өмірді, кеңдікті және сабырды білдіреді. Халық түсінігінде жаңа күндердің бастауы есебінде саналады. Жасыл түс қашанда жастық шақтың сипатында.
Суретші сан алуан түстер мен жас қыздың бейнесі арқылы көктемнің оянған сәтін кенепке түсірген. Ішінде жазды қуана күткен жанның жүрек лүпілі де бар.