Қоғам • 11 Наурыз, 2021

Таңдай қақтырған Түрген шатқалы

854 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Асқаралы Алатаудың бауырына сұғынып жатқан Түрген атты ауыл бар. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының аумағында ғой. Жетісудағы тұмса табиғат дәл осы мекенге келгенде шынайы көркемдік пен ерекшелікке барын салған сияқты. Өйткені, айналасын тау қоршаған өлкеде саф ауа, жануарлар әлемі мен өсімдіктер дүниесінің басы қосылып, бір үйлесім тауып тұрғандай әсерге бөлейді,  деп хабарлайды Egemen.kz.

Таңдай қақтырған Түрген шатқалы

Осы ауылдың іргесінен аумақтағы ірі тау шатқалы шығады. Іле Алатауының теріскей бөктерінен басталып 49 шақырымға созылатын Түрген шатқалы Сарытау жотасына дейін созылып жатады екен. Ары қарай Асы үстіртіне жалғасады дейді деректер. Шатқалдан бастау алатын Теріскенсу өзені де аймақтың інжу алқасындай. Қоршаған ортаға көрік береді. Әрі тау өзендерінің ішіндегі арнасы терең өзеннің бір осы Теріскенсу екен. Судың тұңғұйык түбі 1 жарым метрге дейін жетеді-мыс.

Түрген шатқалы тұмса табиғи мекен ғана емес, қоршаған ортаның сұлулығына құштар жандардың аңсары ауып тұратын туризмнің орталығына да айналып келеді. Алматы қаласынан 90 шақырым қашықтықта жатқанына қарамастан тау арасына келушілер қатары сиремейді екен. Әсіресе, демалыс күндері бұл маңға ағылған адам қарасы көп болады. Өйткені, ғажайып табиғаттың бірнеше кереметі осы шатқалдан табылады. Мұнда алғаш келгенде ыстық су атқылаған бұлақ пен тастан құлап аққан сарқырама алдыңнан қарсы алса, ішкерлей енген сайы қылқан жапырақты ағаш шоғыры мен ұшар басын қар көмген тау шыңдары ынтықтарып ала жөнеледі...

Түргендегі табиғи сарқыраманың ішіндегі елеулісі – Аюлы деп аталады екен. Жақпар тастан құлап түскен тау суы 30 метрлік биіктіктен ылдилап ағып, етектегі өзен арнасына қосылып жатыр. Ал осындағы Бозгүл атты тағы бір таңдай қақтырар сарқырама жартасты тесіп шығып, кәдімгі туннельден өткен жүрдек пойыз сияқты арындап ағып өтеді. Жалпы, бұл сарқырамалардың дені бастауын Іле Алатауының мұздықтарынан алатын Шың Түрген мен Кіші Түрген өзендерінің түйіскен тұсына жиналып, ылдилай келе Түрген өзенінің арнасында тоғысады. Қапталдас ағып жатқан Терскенсу өзені де тармақталып барып, Түргенмен түйіседі. Дәл осы Теріскенсу өзенінде балық етіне жерік қауым алтынға бағалайтын бақтақ балығы өсіріледі. Яғни, мұндағы форель шаруашылыының өнімі сұранысқа ие.

Түрген шатқалының өсімдік әлемі де өте бай. Тау арасында құрғақшылыққа төзімді Семенов үйеңкісі, Мушкетов түйесіңірі сияқты сирек кездесетін ағаш түрлері өседі. Жабайы өрік ағашы мен Сиверс алмасының түптері де жеткілікті. Ал қайың мен терек, шыршаның көптігі көз сүріндіреді. Шатқалдың табиғи ерекшелігінің бірі – бұталы өсімдіктерді жиі ұшыратасыз. Ақ басқан сайын қарақат, бөріқарақат, таңқурай, бүлдірген, қой бүлдірген, итмұрын шоғырын көресіз. Әрине, мұндай тұмса өңірде аң-құстың да алуын түрі болуы заңды. Шатқал ішін қоян, борсық, тиын, қабан, тауешкі, қасқыр, аю мекендейтіні сөзсіз. Улы жыландардың да түрі көптеп кездеседі екен.

Айтпақшы, біз бұған дейін шатқал ауызында қоныс тепкен Түрген ауылында бертінге дейін қазақ мектебінің болмағандығын жазған едік. Сонда ежелден қазақтардың атақонысы болған мекенде ұлт тіліндегі оқу орыны болмауының себептерін айтып, бұл мәселенің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғана шешілгеніне тоқталғанбыз. Яғни, Түрген ауылының аумағы сол тұста коммунистік партия жүйесінің ерекше назарында болып, үлкен басшылардың жеке демалыс аумағына айналғаны бұған себеп болған екен. Демек, Түргеннің туристік әлеуеті артып, әлемнің қыдырымпаз жұртының назарындағы тұмса мекенге айналу мүмкіндігі әлі де жоғары. Қазірдің өзінде Жетісудағы тиісті сала қызметкерлерінің қарқынды жұмысының нәтижесі оң жемісін беріп отыр. Нәтижесінде, таңдай қақтырған Түрген шатқалына келушілер легі жыл сайын артып келеді.

Жалпы, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша тау туризмін дамытуға негіз де, мүмкіндік те бар. Бұған Іле Алатауы ұлттық табиғат қорығы аумағындағы жұмыстардың қарқын алғанын қоссаңыз, жалғыз Түрген шатқалының ғана емес, тұтас ауданның туристік әлеуеті артқаны байқалады. Мәселен, былтыр жаз маусымында аумақтағы табиғи демалыс орындарына 33 586 саяхатшы келіп демалған екен. Оларға көрсетілген қызметтің қаржылай құны 47 млн теңгеден асқан. Демек, табиғаттың өзі қолмен қойғандай етіп көрсетіп берген туристік бағыттарды одан әрі дамыту арқылы экономикалық табысқа да қол жеткізуге әбден болады деген сөз. Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданы бойынша туристерге қызмет көрсететін 8 отель, 1 қонақ үй, 3 демалыс үйі мен 3 сауықтыру лагері бар. Бұған қоса екі аңшылар үйі мен тағы екі демалыс айлағынан кісі қарасы үзілмейді екен. Ендігі мақсат Түрген шатқалы сияқты табиғат таңғажайыбын көздің қарашығындай сақтай отырып, туризмнің дамуына да жағдай жасау болып отыр.