Тәуелсіздіктің 30 жылдығы • 12 Наурыз, 2021

Төл теңгенің тарихы

79 рет көрсетілді

Мемлекеттің мәртебесін биіктетіп, халықаралық қаржы нарығындағы орнын анықтауда валютаның маңызы зор. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң араға екі жыл салып ұлттық валютасын айналымға қосты. Сөйтіп, ғасырлар бойы аңсап жеткізген азаттық өзіміздің төл теңгемізбен сауда жасап, дербес алтын-валюта қорымызды қалыптастырып, Ұлттық банкімізді құруға ықпал етті.

Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде экономика тұралап, әлеуметтік сала өз бағдарынан жаңылып, халық­тың тұрмысы төмендеп кетті. Тығы­рық­тан шығудың түрлі жолдары қарас­ты­рылып жатты. Соның бірі де бірегейі – қаржылық тәуелсіздікке ие болу еді. Қазақстан басшылығы мұны жақсы түсінді және соған сай аса құпия түр­де әрекет етті. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың тікелей бастамасымен арнайы топ құрылып, ұлттық валютаны жобалау жұмыстарына кірісіп кеткен еді. Алайда соңғы сәтке дейін мұндай іргелі шаруадан көпшілік хабардар бола қойған жоқ.

– Адамдар біз қайда жылжимыз, не істейміз деген сұрақтың алдында тұрды. Бір идеология болатын: барлығы да бала кезден Кеңес Одағы бар екенін, жарқын болашақ пен коммунизм бар екенін және соған қадам басып келе жатқанын білетін. Осының бәрі күл-талқан болды. Басқаша өмір сүру тәжірибесі жоқ болатын. Балтық жағалауы елдерінде 1938 жылға дейін жеке меншік бар болды. Бұл адамдардың есінде еді. Ал бізде ондай болған жоқ. Бірнеше буын өз санасында жеке меншік пен нарықтық экономика дұрыс емес, барлығын мемлекет басқаруы керек деп есептейтін, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Азаматтардың осындай сана түсінігін бұзып-жарып, батыл қадамдар жасау, сөйтіп тәуелсіз экономикалық кеңістікке жол ашуды ерлікке пара-пар деп бағаласа болғандай. Бастапқыда барлық ел бір-бірін қолдап тұрғандай, шын мәнінде әркім өз қамын күйттеген, халқын қайтып асырасам деп бас қатырған аласапыран кез еді. Тығыз уақыт нығыз шешімді қажет етеді. Қазақстан біраз уақытқа рубль аймағында қалды. Ресей «біз сіздер үшін ақша басып береміз» дегендей емеурін танытты. Оның да алдамшы екені көп өтпей айқындалды.

Алай­да алданған жоқпыз. Себебі 1992 жылдан бастап-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен ұлттық валютаны жобалау жұмыстары басталып кеткен еді.

ооо

– Ресей премьер-министрінің орынбасары «жігіттер, егер рубль аймағын­да қалғыларың келсе, онда өздеріңнің алтын-валюта қорыңды түгелімен бізге әкелесіңдер» деді. Ол кезде біздің қоры­мыз 700-800 млн доллар көле­мінде еді. Яғни ақша-несие саясаты да толығымен рубль аймағында бақы­ланып, басқарылады. РФ Орталық банкі бәрін өз қарамағына алады, – дейді Ұлттық банкті 1992-1993 жылдары бас­қар­ған Ғалым Байназаров.

Әлбетте, республика басшыларының мұндай қитұрқы талапқа келіспесі белгілі. Көп өтпей рубль құнсызданып, қап-қап ақша бір-ақ сәтте қажетсіз қағазға айналып шыға келді. Инфляция 2500 пайызға дейін шарықтап, ІЖӨ 40 пайызға, өндіріс 9,2 пайызға құлдырайды. «Осылайша құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұрдық. Одан тек Ұлттық банк құтқара алатын еді. Қиындықтан алып шығатындай Қаржы министрлігінде де, басқада да ешқандай резерв жоқ еді», деп еске алады Ғ.Байназаров.

Ахуал 1993 жылы күрт өзгерді. Ұлт­­тық валютаны енгізу рекордты қыс­қа мер­зімде жүзеге асты. Әдепкіде «сом», «танга», «денге» сөздері ұсы­ны­лып, кейін экономист Сауық Тәке­жанов­т­ың «теңге» нұсқасы ұлттық валюта атауына лайық деп танылады. Ел Президенті Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзілік банкпен бел­сенді келіссөздер жүргізді. Парал­лель­ді түрде құқықтық база қа­лып­тас­ты­рылып жатты. 1993 жылы 12 қара­шада Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық валютаны енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ұлыбританиядағы Harrison & Sons отбасылық типографиясында басылған банкноттар Лондоннан елге бір апта тасымалданды. Елімізде теңге айырбастау 1993 жылы 15 қараша таңғы сағат 8-де басталып, тұп-тура 5 тәулікке созылды. Осынау тарихи қадам біздің дербес экономикалық бастама­лары­­мызға, өзіндік қаржы саясатын жүр­гізуімізге жол ашты. Ең бастысы, елі­мізге толыққанды тәуелсіздік сыйлады.

Теңге дизайнын жасау үшін Тимур Сүлейменовтің басшылық етуімен, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзел­ханов, Хайролла Ғабжәлелов секілді білікті суретшілер жиылып, авторлық ұжым құрылды. Теңге дизайны өте қысқа мерзім – бір жыл ішінде жасалғаны­на қарамастан, ерекше дизайн мен сапаға ие болды. Авторлардың алдына қойылған талап та тым биік еді. Ал­ғашқы банкноттарға қазақ даласынан шыққан ұлы тұлғалар Әбілқайыр хан, Абылай хан, Әл-Фараби, Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Шоқан бейнелері салынды. Осылайша Қазақстан қаншама жыл бодандық құрсауында болғанына қара­мастан, өзінің түпкі тарихын ұмыт­пағанын, оны әр кез қадірлеп, қастер тұтатынын және бай тарихымен мақтана алатынын да әлем алдында дәлелдеді.

– Мәскеудегі графикалық факультет­ті бітіргендіктен графика технологиясынан хабарым бар еді. Сурет салуға да икемдімін дегендей. 1992 жылдың қаңтар айынан бастап, қазан айына дейін жұмыс істедік. Ол кезде компьютер, принтер жоқ, сондықтан эскиздерді қолмен жасадық. Тіпті шрифтердің өзін қолмен жазуға тура келді. Көбіне карандаш, туш қолдандық. Таудың арасын­да Министрлер кабинетінің саяжай­­лары бар еді. Сол жақта болып, эскиз сызумен айналыстық. Ал қазан, қараша, желтоқсан айларында банкноттың түпнұсқасын жасауды Англияда жалғастырдық. Бояу құю процесі Англияда жасалды. Өйткені ол жақта қажетті техникалар жеткілікті болды, – дейді теңге дизайны авторларының бірі, суретші Ағымсалы Дүзелханов.

Автордың осынау естелігі қазіргі ди­­зай­нерлер үшін әрине ертегідей есті­леді. Тіпті мүмкін еместей көрінер. Бірақ әрбір қазақ баласының теңгенің қайтып өмірге келгенін білгені де ләзім ғой.

– Сурет салуда екі көзі бар медици­налық микроскоптарды қолдандым. Ал суретті акварельді қылқаламның бір тал қылымен салып шықтым. Ешқашан бір қылмен сурет салып көрмегенмін. Мен үшін қызық болды. Көбіне ою-өрнек, портреттерді салдым. Жұмыс оңай болған жоқ. Тимур Сүлейменов апта сайын банкноттарды алып кетіп, президентке көрсетіп, қайтып алып келеді. Ол кезде Мәскеу арқылы ұшамыз. Барып-келудің өзі қиын. Жоғары жақтың айтқан ескертпелеріне сай түзетіп, жөндеп отырдық. Біздер түбегейлі сонда болдық. Жұмыс істейтін кеңсе Лондоннан екі сағаттық жерде орналасқан. Алайда маған бұл ұнамады. Екі сағатым босқа кетіп жатыр дедім. Іле-шала бізді жақын маңдағы қонақүйге орналастырды. Құрал­дарымызды алып келіп, сол қонақ­үйде жата-жастана жұмыс істедік, – дейді суретші. 

«1993 жылы Конституция қабыл­данған соң, Ұлттық банк туралы, банктер туралы және валюталық реттеу туралы заң қабылданды. Осылайша елдегі банк секторы барлық қыры­нан заң­дық тұрғыда қамтамасыз етілді. Бір­тіндеп елдегі қаржылық ахуал реттеле бастады» деп еске алады Байна­заров. 1995 жылы елдегі инфляция деңгейі 60 пайызға, ал 1998 жылы 1,9 пайызға тө­мен­деп, тарихи көрсеткішке қол жеткізді. 

Қазіргі ақшамыз Алматыдағы банкнот фабрикасында шығарылса, монеталар Өскемендегі теңге сарайында соғылады. Теңге талай өткелектен аман өтіп, қаншама халықаралық экономикалық сынақтарға төтеп беріп келеді. Мемлекет саясатының орнықты жүргізілуі арқылы теңгенің тамырына қан жүгіртетін басты қор – отандық алтын-валюта қоры үлкен күшке ие болып, бұл азаматтар мен қаржы секторына зор сенім сыйлап келеді.

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар