Қазақстан • 13 Наурыз, 2021

IT-мамандарды даярлау мәселесі қалай шешілмек?

671 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов IT-мамандарды даярлау мәселесін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz

IT-мамандарды даярлау мәселесі қалай шешілмек?
«Жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіндегі әріптестерімізбен кездесіп, кадрларды даярлау және цифрландыру мәселелерін Бағдат Мусинмен бірге талқыладық.

Негізгі тақырыптардың бірі – IT-мамандарды даярлау мәселесі болды.

Қазіргі уақытта еліміздегі 80-нен астам жоғары оқу орнында IT бағытындағы мамандарды дайындау бойынша лицензиясы бар.

Дегенмен, олардың барлығы бірдей нарықтағы сұраныс пен жұмыс берушілердің талаптарын қанағаттандыра бермейді.

Осы ретте университеттер сала мамандарымен және жұмыс берушілермен бірігіп кадрларды дайындау бағытындағы мәселелерді шешу бойынша тиімді жұмыс істеуі керек.

Біз әріптестерімізге бірлесе отырып атқаруға болатын жұмыстың бірнеше бағытын ұсындық:

1. Университеттердің оқу бағдарламалары сапалы болуы үшін оларға кәсіби стандарттар қажет. Оларды жұмыс берушілердің өздері дайындайды.

Білім беру бағдарламалары сол стандарттардың негізінде жасалуы керек. Цифрландыру саласындағы әріптестеріміз осы бағыттағы жұмысқа араласып, бізді кәсіби стандарттармен қамтамасыз етеді деп келістік.

2. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарында IT бағытындағы мамандарды даярлау бойынша пайдаланылып жатқан білім беру бағдарламаларына талдау жасап, ЖОО-ларға тиісті ұсыныстар беру қажет.

Осы мақсатта барлық бағдарламаларды әріптестерімізге ұсынуға дайынбыз. Берілген ескертулер мен ұсыныстарды жоғары оқу орындары міндетті түрде ескеретін болады. Тіпті бұл ескертулер профилактикалық бақылауға, тіпті қажет болған жағдайда лицензиядан айыру бойынша шешім қабылдауға негіз болуы мүмкін.
Бұл білім беру бағдарламаларының сапасын іс жүзінде жақсартуға көмектесетін тиімді тәсіл болмақ. Біз құрған білім беру бағдарламаларының тізілімі осы идеяны іске асыруға мүмкіндік береді.

3. Әріптестеріме IT бағыттағы түлектерді сертификаттау жұмысына атсалысулары бойынша ұсыныс жасадым.

Қазіргі таңда жай ғана дипломның болуы жеткіліксіз, ендігі кезекте біліктілік санаты және мамандарды сертификаттау – жұмысқа қабылдаудың маңызды шарты болуы керек.

Біздің бастамамыз бойынша заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді және осы идеяны жүзеге асыру үшін толық мүмкіндік бар. Біз «Диплом жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді» деген ұғымнан алыстауымыз керек. Керісінше сертификаттау орталықтарында берілген біліктілік санатының болуы әлдеқайда көбірек мүмкіндік беретінін түсінген жөн.

4. Біз үшін жоғары оқу орындары мен колледждерде IT бағыты бойынша білім алып жатқан студенттерді нарықта үлкен жұмыс тәжірибесі бар өз ісінің мамандары оқытқаны маңызды.

Сондықтан біліктілік талаптарынан осы бағыттағы оқытушыларға қатысты екі талапты алып тастадық деуге болады: IT бағыты бойынша білім беретін оқытушының ғылыми дәрежесі болуы шарт емес және ол жоғары оқу орындарының штаттағы қызметкері болуы да міндетті емес. Бұл нарықтағы білікті IT-мамандарды білім беру үрдісіне белсенді тартуға мүмкіндік береді.

5. Тағы бір маңызды мәселе – IT-мектептерді дамыту болып табылады.

Бұл тұрғыда екі бағыт бар.

Біріншісі – IT саласын тереңдетіп оқытатын мектептер. Біз өңірлерде осындай 25-тен астам лицей аштық.

Екіншісі – бейресми білім беру және Alem, Qwant, «ШАГ» академиясы сияқты мектептерді белсенді дамытқымыз келеді. Біздің бастамамызбен мұндай мектептерді институционалдық тұрғыда қолдау үшін заңнамаға түзетулер енгізілді. Бұл түзетулер мемлекеттік тапсырысты орналастыруға және осындай мектептерді қолдауға мүмкіндік береді. Елімізде мұндай мектептер көп болуы керек.

6. Сондай-ақ ақпараттық технологиялар саласының негізгі бағыттары бойынша болашақ мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар күшейтіледі. Бұл талаптарды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен тиісті қауымдастықтар әзірлейді, ал біз оларды қабылдауға дайынбыз.

7. Цифрландыру – үйреншікті жұмыс форматын тез өзгертетіні анық.

Мәселен, осыдан екі жыл бұрын жоғары оқу орындарында Студенттерге қызмет көрсету орталықтары құрылған болатын.
 
Орталық құрылғалы барлық анықтаманы, жатақхана құжаттарын және тағы басқа құжаттарды студенттер деканаттарды араламай-ақ, «бір терезе» қағидаты бойынша сол орталықтан алып, керек кезде тапсыратын. Ендігі кезекте бұл қызметтің барлығы мобильді құрылғылар арқылы көрсетілуі керек. Студенттер үшін ешқайда бармай-ақ, қажет қызметті өз смартфоны арқылы алу мүмкіндігі болуы тиіс.

Министрлік тарапынан барлық рәсімді цифрландыру және олардың санын қысқарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз студенттердің, магистранттар мен докторанттардың қағаз сынақ кітапшаларын алып тастадық. Білім алушылардың оқудағы жетістіктеріне қатысты дерек тек электрондық форматта ғана жүргізіледі. Жоғары оқу орындары өзіндік үлгідегі цифрлық дипломдарды бере бастады. Тарихи деректерді цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп, жұмыс берушілер кез келген уақытта дипломды оңай тексере алады.

Кез келген білім беру ұйымына құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алу, бұлтты бухгалтерияны енгізу — бұл да біздің жұмысымыздың басым бағыттары.

8. Бірыңғай интеграцияланған білім беру платформасы әзірленіп жатыр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіндегі әріптестерімізбен білім беру платформаларының сапасын арттыру бойынша бірлескен жоспарды іске асыруға келістік.

Платформалар балалар үшін геймификация және интерактивтілік арқылы ыңғайлы оқу үрдісін қамтамасыз етуі қажет. Білім алудың барлық сатысында цифрлық сүйемелдеу қажет.
Бұл ретте атқарылатын жұмыс көп. Біз өз тарапымыздан пандемиядан кейінге кезеңде онлайн білім беру үшін қажет болып табылатын идеялармен бөлістік.

Біз білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды және цифрландыруды жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар мен идеяларды қабылдауға дайынбыз. Менің ойымша, әріптестеріміз министрлік тарапынан цифровизация мен кадрларды даярлауға қатысты атқарылған жұмыстармен толыққанды таныса алды. Білім және ғылым министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұл мәлелелерге қатысты мақсат-міндеттері ортақ. Сондықтан тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін жұмысты бірігіп атқару қажет», деп жазды министр Асхат Аймағамбетов.
Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51