Осы күні қатты боран болып, көрініс күрт нашарлап кеткендіктен облыстағы барлық автомобиль жолдары жабылды. Бұл туралы алдын ала ескертілді. Бірақ соған қарамай жолға шыққан Айыртау, Шал ақын, М.Жұмабаев және Тайынша аудандарының автожолдарында 39 техника 7 қар кептелісінде тұрып қалған.
ТЖД барлық жағдайлар бойынша жедел әрекет ету шараларын қабылдап, жол қызметтерінің күштері, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлерінің күш біріктіруімен құрылған жедел штаб арқылы адамдар қар құрсауынан босатылып, тазартылған жол учаскелеріне шығарылды.
Сондай-ақ осы күні Ғ.Мүсірепов аудандық ТЖ бөлімінің қызметкерлері өтімділігі жоғары «ТРЕКОЛ» автокөлігімен Новоишим селосынан Шал ақын ауданы орталық ауруханасына ауыр науқасқа ұшыраған 1974 жылы туған ер адамды жеткізді. Ал М.Жұмабаев ауданының ТЖ осындай автокөлікпен Молодогвардейское селосынан Возвышен дәрігерлік амбулаториясына 1964 және 1958 жылы туған екі науқас адамды жеткізді.
Жолдарды патрульдеуге, блокбекеттердегі кезекшіліктерге және автожолдарды тазалауға 249 адам және 204 бірлік техника жұмылдырылды. Сөйтіп, «кәрі құдаң» кетерінде көп әлек салып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы