Тарих • 14 Наурыз, 2021

Тұңғыш баспахана

2808 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Наурыз айының 16-сы күні қазақтың тұңғыш ұлттық басылымдарының бірі – «Қазақстан» газетінің шыға бастағанына 110 жыл болады.

Тұңғыш баспахана

EQ, Колложды жасаған Амангелді ҚИЯС

Жалпы, қазақ баспасөзінің тарихы хақында аз жазылып жүрген жоқ. ХІХ ғасырда жарық көрген «Түркістан уалая­тының газеті» (1870-1882), «Дала уалаятының газеті» (1888-1902) басылымдары патша өкіметінің ресми басылымдарына қосымша ретінде шықты. Ұлттың өз зиялылары қолға алған «Серке» (1907) мен «Қазақ газетінің» (1907 - А.Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газетінен басқа – Қ.Қ.) жалғыз-ақ саны жарық көріпті. Қазақ тілінде тұң­ғыш рет жүйелі шыққан, үш жылға жуық басылып, Бөкейліктен Жетісу мен Семейге дейін таралған үнқағаз – әуелі Бөкей­ліктегі Хан ордасында, кейін Орал қаласында шыққан «Қазақстан» (1911-1913) газеті еді.

«Қазақстан» газеті туралы баспасөз тарихын зерттеуші Қайыржан Бекқожин, Бейсенбай Кенжебаев, Мұстафа Ыс­мағұлов, Исатай Кенжәлиев, Мақсат Тәжімұрат, т.б. ғалымдардың еңбегі әр кезеңде жарық көрді. «Қазақстан» газе­тінің барлық саны факсимилесімен 2012 жылы Орал қаласынан кітап болып басылып шықты. Болашақта да бұл басылым туралы зерттеулер жазылары сөзсіз.

«Қазақстан» газетінің бір ерек­шелігі – өз баспаханасының болуы еді. ХХ ғасыр басында өнер-білімнен, әсіресе техникадан кенже қалған қазақ қоғамында бұл үлкен жаңалық болатын. Бұған дейін шыққан қазақ тіліндегі алғашқы кітаптар мен там-тұм басылымдар Қазан мен Уфада, Питер мен Орынборда, Астрахань мен Троицкіде негізінен татар байларының мәтбуғасында басылатын. Ол үшін демеушілер – қазақ байлары, меценаттар, қарапайым қазақтар қаржы жиып, қолдау көрсететін. Яғни өзге ұлт өкілдерінің қолындағы баспаханалардың тұтынушысы болатын.

 

«Қазақстанның» баспаханасы

«Қазақстан» газетінің алғашқы саны 1911 жылы 16 хамалда (наурыз) шықты. Газет редакциясы Хан ордасында деп көрсетілгенімен, Астрахань қаласындағы «Апресянц және Окур» бас­паханасында басылған еді. Астраханьдық зерттеуші А.Давыдова «ХХ ғасырдың басында Астрахань губерниясында ұлттық баспасөздің қалыптасуы» атты еңбегінде «Қазақстан» газетінің басылуына жергілікті татар ағартушысы, 1906 жылдан татар тілінде басылған «Бургани Таракки» газетінің редакторы Мұстафа Люфти Измайлов көмектескенін жазады. Ал Ішкі Бөкей ордасының жандарм бастығы 1912 жылы 21 ақпанда: «Мендегі мәлімет бойынша бөкейлік мұғалім Елеусін Бұйрин 1910-1911 жылдары «Қазақстан» атты газет шығар­ған... Редактор Бұйрин газетті басуға керекті қаражатқа мұқтаждықтан татар тіліндегі «Бургани Таракки» және «Хақ» газет­терінің делдалдығымен Кавказ бас­пагерлері одағына кірген» деп жазыпты (Астрахань ОМА, 286 қ, 2 т, 297 іс, 361 б.).

Алайда «Апресянц және Окур» бас­паханасында «Қазақстан» газетінің екі-ақ саны шыққан. 1911 жылдың соңы­на қарай газет Орал қаласына көшіп, А.Н.Щелокованың жеке баспаханасынан басыла бастайды. Мекенжай басқа облысқа ауысқандықтан, газет қайта тір­келіп, жаңа куәлік алуға, шығу санын №1-ден бастауға мәжбүр болады. Бұл кезде газетті шығарушылар өз баспаханасын ашу ісін де ойластыра бастағанға ұқ­сайды. 1912 жылғы 2 қаңтарда жарық көрген №4 санында мынадай жарнама беріледі:

 

«Иғлан»

«Қазақстан» басмаханасы түрлі заказларны қабыл етедүр: уизитный карточкалар, кануертлер, дағуатнамалар уа ғайри нәрселер, бек арзан хақ илан (хақпен). «Қазақстанның» мүштариларінен заказшиклер болына қалса, пересылка алынми. Адрис: Уральскъ. Ред. газ. «Қазақстан»

Әрине жеке баспахана сатып алу оңай еместігі белгілі. Бұл істе «Қазақ­стан» газетінің басты демеушілері кім екендігі Бақытжан Қаратаевтың мы­на мақаласынан көрінеді: «Айқап» журна­лы­ның шығуына расход шығарып, себеп болған Троитскі мұсылманы Иауишев болады, «Қазақстанның» шығуына себеп болған Баку шахарының мұсылманы генерал Зейнелғабиден Тағиев һәм Жаһангир ханның немересі сұлтан Шәңгерей деген мұсылман болады. Тағиев мың сом берді, сұлтан Шһангирей бес жүз сом берді... Генерал Тағиевтің нәсілі Әзербайжан татары болады. Йауишевтің нәсілі Қазан татары болады. Сұлтан Шәңгерей қазақ­тың өзінің төресі болады. Арғы атасы Әбілхайыр хан, аның ұғлы Нұралы хан, аның ұғлы Сейдгирей сұлтан, аның ұғлы даныш­манымыз сұлтан Шһангирей болады» («Азаматтарға және бір-екі ауыз сөз», «Қазақстан» газеті, №5, 19 қаңтар, 1912 жыл).

Осы кезден бастап газетте баспаха­наның жарнамасы тұрақты шығып тұрған. 4 ақпан күнгі №6 саны «Қазақстан» газетінің өз баспахасында басылған! Осы нөмірде «Қазақстан» мәтбуғасына харіф жинарға үйренуге бір жас бала керектігін» хабарлаған. Сонымен бірге баспахананың тұрған жері – Самар мен Сақмар көшелерінің қиылысындағы Хохлачев үйі екенін көрсеткен.

Алайда 1912 жылдың жазында «Қазақ­стан» газетінің басына қара бұлт үйіріл­ген. Мұны зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов сәуір-жауза, яғни көкек-мамыр айларында жарық көрген «Ленада болған оқиға» және «Ленада болған оқиғаның зардабы» мақа­лаларына байланысты деп жазады. Яғни патша билігі, цензура орындары бұл мақа­лалардан өкіметке қарсылық, заңға қайшылық байқап, газетті айыппұлға тартқан сияқты. Өйткені газеттің №12 саны 1912 жылдың 31 мамырында шық­са, келесі нөмірі 1913 жылдың 27 қаң­та­рын­да ғана жарық көрген. Газет редак­торы Елеусін Бұйрин «Хұрмет иесі оқу­шы­ларымызға!» атты үндеуінде былай дейді:

«Қазақстан» газетасы мұқтаждықтан өліп, қайта тірілгендей болды. Жаздайғы көрген күні бек жаман болды. Жаздай газет басатын машинамыз өзінің борышы үшін жазылып-сызылып тұрды. Алла деп борыштан жаңа бір арылып, азырақ сома түсіріп алып, тәуекел етіп қайта бастадық...». 

Газет мақалаларына қарағанда бұдан кейін газеттің жағдайы қайта түзеле бастағандай. 16 ақпан күнгі санында «Қазақстан» баспаханасында «Ызың» атты жаңа кітап басылып шыққанын айтып, оқырманнан сүйінші сұрайды. «Қазақстан мәтбуғасына харіф жиярға үйренуге бір жас бала керек» деген хабарландыру қайта берілген.

Осы арада бір ақтаңдақ бар: «Қазақ­стан» газеті 16 ақпандағы санынан кейін кілт тоқтаған. Баспахананың да одан арғы тағдыры бізге белгісіз.

Айтпақшы, 1930 жылы Елеусін Бұй­рин «төңкеріске дейін баспахана қо­жайыны болып, халықты қанағаны үшін» айып­талғанда, Сейітқали Мең­дешев араша түседі.

«1911-1913 жылдары Елеусін Бұйрин басқарған шағын баспахана оның жеке- меншігі емес, халықтың астыртын жи­ған қаржысына алынған болатын. Бұй­рин ешқашан баспахана арқылы кісі еңбегін қанаған емес. «Қазақстан» газеті мәдени-ағартушылық сипатында болды. Осы газет үшін Бұйрин патша өкі­метінен талай қуғын көрді. Бұйрин га­зет шығарғаны, бас­пахана ұстағаны үшін айыпталып, қызының жо­ғары мектепке түсуіне кедергі жасал­са, бұл масқара әділетсіздік болар еді. Оның замандасы, баспахана үшін қар­жы жинауды ұйымдастырушылардың бірі ретінде осы айтылғандардың рас еке­­нін куәландырамын». С.Меңдешев. 18.09.1930 ж. Алматы».

Бұл құжатты белгілі журналист-жазушы, біздің газетіміздің ардагері Тілек­қа­был Боранғалиұлы жариялаған болатын.

 

«Ұранның» баспаханасы

Бөкей тарихының білгірі Мұстафа Ысмағұлов жоғарыдағы баспахана Бө­кей ордасында жасырын ұйымдасқан кәсіпшілер одағы жинаған қаржыға алын­ған деп жазады. Бұл одақтың құра­мында заңгерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, мал дәрі­герлері болған.

Бір қызығы, 1917 жылы ақпан төңкері­сінен кейін іле-шала Бөкейлікте бір топ қазақ зиялысы «Ұран» атты жаңа газет ашып үлгереді. Оның редакторы Ғаб­долғазиз Мұсағалиев – кезінде «Қазақ­стан» газетін шығаруға белсене араласқан, Жетісудағы Сейітбаттал қажы, Ишанқұл қажы Мамановтар мен Құдайберген, Айтмұхамед Тұрысбековтерді газетті қолдауға жұмылдырған адам еді. «Қазақ­станның» қосалқы редакторы болған Ғұмар Қараш та «Ұранның» тілеулесі болған. 

Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітабында сол кезең­дегі қазақ баспасөзі туралы мынадай құнды дерек келтіреді:

«...Әр жерде-ақ газет шығара бас­тады. Семейде – «Сарыарқа» газетi, Ташкентте – «Алаш» газетi, соңынан «Бiрлiк туы». Бөкейлiкте, Астрахань қала­сында – «Ұран» газетi. Ақмолада – «Тiршiлiк» газетi, Орынборда – бұрынғы белгiлi «Қазақ» газетi.

...Бөкей ордасының біраз оқы­ған­дары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды... Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кітапша жазып шығарды. Ұмыт­пасам, кітапшасының аты «Терме» (дұрысы «Тұрымтай» – Қ.Қ.) еді. Кітап­шасында Әлекеңді мақтайды».

Бір қызығы, осы «Ұран» газеті де Хан ордасында өз баспаханасында басыл­ған. Бұл осыдан төрт жыл бұрын «Қазақстан» газеті басылып тұрған бас­пахана ма, әлде басқа ма, бізге белгісіз. Патша тақтан құлап, ел аласапыран болып жатқан тұста бөкейлік зиялылардың тез қимылдауы, шулы қала, өндірісті орталықтан алыс Нарын құмының ортасында газет шығаруына қарап, олардың дайындығы (яғни дайын баспаханасы) болған-ау деп ойлаймыз.

«Ұлы революцияның қарсаңында Ордада «Ұран» газеті шыға бастады. Бұл кездегі алғашқы газеттің өз алдына ерек­шелігі болды. Бұл редакция мемлекет тарапынан қаржыландырылмайтын еді, редактордың өзі көпшілік арасында газет таратып, одан түскен қаржыны редакция мен типография қызметкерлерінің еңбек ақысына төлеп отыратыны әлі есімде. «Ұран» газеті 1918 жылға дейін шығып тұрды. 1918 жылы Астраханьнан бір типография мен 15 әріп теруші келуіне байланысты, бұрынғы «Ұран» газетінің орнына қазақ тілінде «Хабар», «Дұрыстық жолы» газеттері және айына бір рет «Мұғалім» журналы шығарылып тұрды». – Бұл естеліктің авторы Ибрагим Мулякаев – «Ұран» газетінің баспаханасында әріп теруші болып қызмет еткен екен. Бұл жазба Жәнібек аудандық «Коммунист» газетінің 1957 жылғы 16 тамыз күнгі №65 санында жарияланған. Айтпақшы, Хан ордасы ауылында «Ұран» газетінің баспаханасы болған үй әлі бар, онда Рафаэль Деңгізбаевтың отбасы тұрып жатыр. Бір қызығы, Рафаельдің атасы Абдолла Деңгізбаев та дәл осы «Ұран» газетінің баспахасында қызмет еткен екен.

 

«Дұрыстық жолының» баспаханасы

Жоғарыда айтылғандай, Ордада большевиктер билігі орнаған соң «Ұран» газетінің баспаханасы қызылдардың қолына өтеді. Астраханьнан орыс әріптері әкелініп, 1918 жылдың 17 қарашасынан бастап «Хабар» – «Известия» газеті екі тілде шыға бастайды. 1919 жылдың 1 қаңтарынан бастап газет «Қазақ дұ­рыстығы» – «Киргизская правда» аталады. Бұл газеттің соңғы, №24 саны 1919 жыл­дың 7 ақпанында басылған.

Бұл кезде Хан ордасында 1919 жыл­дың 20 ақпанынан бастап таза қазақ тілінде «Дұрыстық жолы» газеті шыға бас­таған болатын. Ғұмар Қараштың өлеңі­мен, «Баспасөз» атты мақаласымен ашылған басылымның шығарушылар алқасында Мұстафа Көкебаев, Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және Тамимдар Сафиев бар еді.

Бұл кезеңде Ордадағы баспахана жаңа құралдармен толығып, үлкен өндіріс орнына айналған болатын. В.Ленин, К.Маркс еңбектерін қазақ тілін­е аударатын «жазушылар құрамасы» құрылған. Ғұмар Қараштың тікелей редакторлығымен «Мұғалім» журналы шыға бастаған. Шағын ғана Орда ауылынан бүкіл Қазақстанға кеңес билігінің низамдары тарай бастаған. Алайда 1919 жылдың тамыз айында Қазақ өлке­сінің астанасы болуына байланысты Орда­дағы орталық баспахана Орынборға көші­ріледі.

P.S. Бүгінде Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының құрамында арнайы баспахана музейі ашылған. Орал қаласындағы «Рухани жаңғыру» музейінің бір бөлмесі де қазақ ұлттық баспасөзінің тарихынан сыр шертеді.

 

Батыс Қазақстан облысы