Қанша жерден жақын тартқанымен алып шәрі аспанындағы ауа туған жердің түтініне татымайды екен-ау.
Бізді осындай ойға жетелеген Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Асқар Есдәулеттің «Атамекен» туындысы. Табанымды топырағы сүйіп, маңдайымды желі өпкен, көңілімді ақ жайнақ күні еліткен алтыннан қымбат бесік жұрт. Картинаға қарағанда ауылдағы ақжайнақ сәттер, ескі кино лентасындай сағым жылдар, күлімкөз күндердің керуені көз алдыңнан тізіліп өтеді.
Картинада келмес уақыт бедерінде кеткен әдемі сәттердің айқайы, қиылыс-бұрылысы, ақшаңдақ жолы, ақсақал ақылы, баяғы қоңыр жылдардың қуанышы шалқып жатыр. Балалығыңның балабақшасын көз алдыңа әкелетінін қайтесің, шіркін?! Уақытты кері айналдырып, сағынышқа айналған мерейлі мезетке қайта сапар шеккін келеді.
Қылқалам шебері Асқар Есдәулетов елдегі ең батыл әрі жаңашыл суретшілердің бірі. Солай дегеннің өзінде, өз туындыларында ұлттық және дәстүрлі сюжеттерге үнемі көңіл бөліп отырады. Мұны осы картинаның өзі-ақ көрсетіп тұрғандай.
«Атамекен» картинасының сюжеті ұрпақ сабақтастығы мен туған жерге деген сағыныш биігінде сипатталған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, сондай-ақ байырғы көшпелілердің өмірін һәм дәстүрлі тұрмыс көріністерін ашып береді. Суретші оқырман назарын таза түстерге аударуға тырысқан. Картина сәндік кескіндеме стилімен орындалған.
Негізінде, қылқалам иесі іс жүзінде таза түстерді араластырмай пайдаланған. Картинаның ортасындағы қария мен түйеден жылы және суық реңктер байқалады. Күңгірттеу сары, аралас көгілдір, жасыл түстер, бояулардың жеңіл реңктері оқырманды тыныштық пен жарасымдылыққа жетелейді.
Түстердің қанық қалың табынан мөлдір кеңістікке төгілген әртүрлі кескіндемелік тәсілдер қолданылған. Бұл автордың шеберлігін әйдіктеп тұрғандай. Автордың көкейінде жанартаудай атқылап тұрған ең ұлы сағыныш – аяулы атамекені.