Мемлекет басшысы өз құқығын пайдаланып, жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліске жолдағаны жөн болды. Осындай бастаманың маңыздылығы сол – Президент ұсынған заң жобалары кезек күттірмей, жылдам әрі тез қаралады.
Осы мәселе туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінде де айтқан болатын. Алайда өз басым жерді жалға беру емес, сату мәселесіне ғана шектеу қойылатын шығар деп ойлап едім. Дегенмен, Президенттің бұл ұсынысы туралы естігенде тіптен разы болдым. Себебі, сатуға ғана шектеу қойылған жағдайда лоббистер жалға алу мәселесін де өз пайдаларына шешіп алуы әбден мүмкін еді.
Түптеп келгенде, Мемлекет басшысының бұл шешімі ұлттық қауіпсіздік мәселелерімен тікелей байланысты. Жер шетелдіктерге сатылған, тіпті жалға берілген жағдайдың өзінде территориямыздың тұтастығына қауіп төнетін еді. Өйткені, осыған дейін кейбір шетелдік фирмалар мен компаниялар бизнес жүргіземіз деген желеумен алдымен елімізге кіріп алып, кейін біртіндеп жалған тұлғалардың атын жамылып жерге де, мүлікке де айла-шарғысын жүргізуге тырысқаны жайлы деректер бар. Заңгер ретінде осындай жағымсыз жағдайлардан да хабардар болушы едім.
Сондықтан Президенттің жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын ұсынуы Тәуелсіздікті тұғырлы ету мен территориямыздың тұтастығын сақтап қалу үшін аса маңызды. Осы мәселе заң жүзінде шешімін тапқаннан кейін сан соқтыратын салдар мен түрлі қауіп бірден сейілетініне сенімдімін. Мемлекет басшысы осындай қадам арқылы қоғамның көкейінде жүрген мәселеге біржолата нүкте қойды деуге де болады.
Яғни заң жобасы қабылданғаннан кейін мұндай мәселе мүлде туындамауға, тіпті талқыға салып көтерілмеуі тиіс. Әрине, осындай қадамға бару оңай болмағанын түсінемін. Алайда Президенттің мұндай шешімге келгенін – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүйелі жүзеге асып жатқанының жарқын көрінісі деп бағалауға болады. Мемлекет басшысы айтқандай, әр уақытта әділдік, ашықтық, мемлекеттің жауапкершілігі болуы керек.
Марат БӘШІМОВ,
Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры