Спорт • 15 Наурыз, 2021

Велошабандоздардың «Париж-Ницца» додасы аяқталды

164 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бір аптаға созылған велошабандоздардың «Париж-Ницца» көпкүндігі өз мәресіне жетті. Соңғы кезеңде «EF Education-Nippo» клубының мүшесі Магнус Корт топ жарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Велошабандоздардың «Париж-Ницца» додасы аяқталды

Ал осы жарыстың жалпы есебінде Максимилиан Шахман шашасына шаң жұқтырмады. «BORA-hansgrohe» клубы сапында өнер көрсететін 27 жастағы неміс спортшысының көрсеткіші – 28:49:51.

Екінші орында – Александр Власов. 24 жастағы Ресейдің Выборг қаласының тумасы бұл күндері «Астананың» құрамында бас сынауда. Ол жарыс жеңімпазынан сәл ғана қалып қойды.

«Астананың» тағы бір велошабандозы үшінші сатыға жайғасты. 32 жастағы Испанияның өкілі Ион Исагирре 2009 жылдан бері қазақстандық команданың туы астында өнер көрсетуде.

Естеріңізге сала кетейік, «Париж-Ницца» көпкүндігі сонау 1933 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2002 және 2003 жылдары жалауы желбіреген жарыс Қазақстанның мақтанышы Александр Винокуровтың жеңісімен аяқталған болатын. Сонымен қатар «Астананың» сапындағы легионерлерде де айтулы додада бірнеше мәрте дараланды.