Спорт • 15 Наурыз, 2021

Ақтауда дзюдодан Азия ашық кубогі аяқталды

344 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтауда Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында Азия ашық кубогі аяқталды. Дүбірлі додаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Австриядан 200-ге жуық спортшы қатысты. Татами шеберлері 14 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық Олимпиада комитетіне сілтеме жасап.

Ақтауда дзюдодан Азия ашық кубогі аяқталды

Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ережесіне сәйкес, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне олимпиадалық рейтингте ұпай үлестіріледі. Атап айтқанда, жеңімпаздар 100 ұпайға ие болса, екінші орынға – 70, үшінші орынға – 50 ұпайдан қосылады. 

IJF күнтізбесі бойынша өткен бәсекеде Халықаралық дзюдо федерациясының жарыс бойынша директоры Лиса Алан, Халықаралық дзюдо федерациясының спорттық комиссияның хатшысы Абдулло Мурадов және Азия дзюдо одағының даму бойынша директоры Деракшан Мохаммад қонақ болып, жарыстың ұйымдастырылуын жоғары бағалады. 

«Халықаралық дзюдо федерациясының және оның президенті Мариус Визердің атынан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған Азия дзюдосына қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Біз Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетіне, Қазақстан дзюдо федерациясына, Маңғыстау облыстық әкімшілігіне, Маңғыстау облысының дзюдо федерациясына және жергілікті демеушілерге осы іс-шараны өткізуге аянбай тер төгіп, қолдау көрсеткендері үшін шексіз алғыс айтамыз. Жарысты жоғары дәрежеде өтуіне көмектескен барлығына көп рахмет.  Біз қазақ халқының, әсіресе Ақтау қаласының тұрғындарының ерекше қонақжайлылығын бағалаймыз», деді Халықаралық дзюдо федерациясының жарыс бойынша директоры Лиса Алан. 

Азия ашық кубогі Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесі бойынша үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Житкеев биылғы жарыстың маңызы зор екенін атап өтті. 

«Өздеріңіз білетіндей, жыл өткен сайын жарыстың дәрежесі көтеріліп келе жатыр. Т.Жолдыбаевты еске алуға арналған турнир 2017 жылы тұңғыш рет Азия дзюдо одағы аясында өткізілді. Халықаралық мамандар тарапынан жоғары бағаланғандықтан 2018 жылдан бастап халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енгізілді. Халықаралық дзюдо федерациясы мен Қазақстан дзюдо федерациясының, сондай-ақ, Маңғыстау облысы дзюдо федерациясы тығыз-қарым қатынас орнатып, ынтымақтастықта атқарған жұмысының арқасында жарыстың мәртебесі көтерілді.  Жоспар бойынша, осы Азия кубогі дәстүрлі түрде жазда өткізілетін. Рейтингтік жарыс болғандықтан биыл Олимпиаданың алдында өткізуді дұрыс деп шештік. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге олимпиадалық рейтингте ұпай беріледі. Қазір кез келген спортшы үшін рейтингтегі әрбір ұпай маңызды», деді бас хатшы. 

Спортшылар да биылғы бәсекенің салмағы артқанын жасырмады. Азия ашық кубогінің 2021 жылғы жеңімпазы Мағжан Шамшадин қарсыластарының осал болмағанын жеткізді. 

«Жасыратыны жоқ, біз бәріміз күресті сағынып жүрміз. Пандемия кезінде республикалық жарыстар аз, әлемдік бәсекелерде Олимпиадаға лицензия тартысты өтіп жатыр. Бүгінгі ұйымдастырылған бәсеке біз сияқты жас спортшылар үшін шеберлігін шыңдап, бақ сынауға өте жоғары мүмкіндік болды. Өзбекстан мен Ресей құрамаларының қарсыластары оңай болған жоқ. Қазақстандық спортшылар үшін Қазақстанның «Мастерс» турнирі болды. Әлемдік «Мастерсте» рейтингтегі үздік 16 дзюдошы қатысса, Қазақстанда да солай тек кіл мықтылар жиналды», дейді Мағжан.

Айта кетерлігі, Мағжан Шамшадин 60 келіге дейінгі салмақта 2020 жылдың желтоқсанында Қазақстан чемпионаты атанған.