Спорт • 15 Наурыз, 2021

UFC-ді мойындата аламыз ба?

544 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC (Ultimate Fighting Championship) екені еш дау туғызбаса керек. Штаб-пәтері АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында орналасқан әйгілі промоушенде сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар ғана өнер көрсетеді. Ондай құрметке бөлену үшін түрлі халықаралық додада дара талантыңмен танылып, көптеген сынақтан мүдірмей өтуге тиіссің. Ал UFC-дің чемпиондық белбеуі тек «мыңнан тұлпар» шыққан мар­қасқаларға ғана бұйырады. Айтулы ұйымның мұрындық болуымен өтіп жүрген жарыстарда атой салған спортшылардың беделі бүгінгі таңда шарықтап тұр десек, асыра айтқанымыз емес.

UFC-ді мойындата аламыз ба?

UFC 1993 жылы құрылды. Тұсауы кесілген кезден бастап өз қатарына әлемнің әр қиырынан мықты жекпе-жек шеберлерін жинап, түрлі жарыстар ұйымдастыра бастады. Осы істің басы-қасында әйгілі спортшы Рорион Грейси, атақты кинорежиссер Джон Ми­лиус, бизнесмен Арт Дэви мен Боб Мейровиц, продюсер Кэмп­белл МакЛарен және медиамагнат Дэвид Айзекс сынды бай-қуатты азаматтар болды. Алғашқы уақытта олардың жүлде қоры аса қомақты емес еді. Сол себепті де даңқы дүркіреп тұрған боксшылар мен балуандар UFC-де күш сынасуға аса бір құлшыныс таныта қоймады.

ХХІ ғасыр табалдырықтан аттаған тұста айтулы ұйымды «Station Casinos» казинолар желі­сінің қожайындары – Лоренцо мен Фрэнк Фертитталар сатып алып, басшылық қызметке бизнесмен әрі бокс промоутері Дэйн Уайтты тағайындағаннан кейін UFC-дің тасы бірден өрге домалады. Бүгінгі таңда күллі әлемде бұл промоушеннің алдына түсетін ешкім жоқ. Осы ұйымда өнер көрсетіп, толағай табысқа жеткен спортшылардың есімін қазіргі кезде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жатқа біледі.

Аралас жекпе-жектің Қазақ­станда да дамып, өркендеп жат­қанына талай жылдың жүзі болды. Кезінде республикамыздың әр өңірінде «жабайы жарыстардың» ұйымдастырылғанын көзі қарақты көрермен ұмыта қойған жоқ. Ол кезде не қалыптасқан жүйе, не бар­шаға ортақ ереже болма­ды. Әркім өз білгенін істеді. Қаржылдандыру жағы да мәз емес еді. Спорт­шы­лардың шеберлік деңгейі мен төрешілердің біліктілігі де кемшін соқты. Десек те уақыт оза сол ол­қылықтардың орны толып, бір­те-бірте көш түзеле бастады. Ел-елде, жер-жерде аралас жекпе-жек өнерін өркендетуге ынта-ниет білдірген ауқатты азаматтар табылды. Сондай жандардың жомарттығының арқасында бір­қатар өңірде кәсіби клубтар ашылып, осы бағыттағы қауырт жұмыс жандана түсті.

Жерлестеріміз Қазақстан аума­­ғында өткен жарыстарға қа­ты­сумен ғана шектеліп қал­ған жоқ. Шет мемлекеттерде ұйым­дастырылған турнирлерде жасындай жарқылдағандар да болды. Кезінде Дәнеш Дүнгенбаев, Ардақ пен Бейбіт Назаровтардың халықаралық ареналарда қомақты табыстарға қол жеткізгенін қалың жанкүйер ұмыта қойған жоқ. Осыдан 10 жылдан аса уақыт бұ­рын Алматыда іргетасы қаланған «Алаш Прайд» клубының са­пын­дағы спортшылардың да қан­жығасы майланды. Атой салғандар арасында Аслан Тоқтарбаев, Қуат Хамитов, Қайрат Ахметов, Ержан Естанов, Төлеген Ақылбеков, Ер­мек Тлауов, Шахмарал Жет­пісов, Арман Оспанов және тағы басқа «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер болды.

Кезінде әлемдегі ең үздік бестіктің қатарына енген Син­гапурдың ONE Championship ұйы­мының жарыстарында Игорь Свирид пен Қайрат Ахметов қарсы келгендерді қоғадай жапырып, алтын белбеуді иеленгенде барша қазақстандық жанкүйер бөріктерін аспанға атып қуанды. Ресейдің М-1 промоушені ұйымдастырған турнирлерде Арман Әшімовтің атой салған сәттерін көргенде де ерекше шаттандық. Күн санап беделі артып келе жатқан Чешенстанның АСА турнирінде қазіргі кезде Қазақстанның бірнеше өрені күш сынасып жүр. Бір кездері Ар­ман Оспановтың өнеріне там­сансақ, бұл күндері Артем Рез­ников, Асылжан Бақытжанұлы, Ев­гений Егембердиев, Нұрсұлтан Қасымханов және Қаршыға Дәуіт­бектің қарқыны қуантарлық.

Соңғы деректерге сүйенсек, бұл күндері жеңіл салмақтағы Артем Резников АСА рейтингінде бірінші орынды олжалауда. Егер ол Абдул-Әзиз Абдулвахабовты ұтса, чемпиондық белбеуді ие­ленеді. Яғни Артемнің алтын тұ­ғырға көтерілуіне бір қадам ғана қалып тұр. Ал жартылай ауыр сал­мақтағы Евгений Егембердиев пен Асылжан Бақытжанұлы үздіктер тізімінде үшінші және бесінші орындарды еншілеуде. Әрине, біле білген адамға осының өзі де елеулі табыс. Оған дау жоқ. Алайда аралас жекпе-жек өнерінің ең биік шыңы – UFC екенін біз жоғарыда айттық. Сол себепті де көпшіліктің айтулы компания ұйымдастырған жарыстарда жеңіске жеткен өрендердің ғана өнерін бас бармақпен бағалауға тұрарлық деп есептеуі заңды.

Аллаға шүкір, UFC-де күш сынасып жүрген қазақстандықтар мен қазақ жігіттерінің қатары уақыт озған сайын көбейіп ке­леді. Сол көштің бастауында Жұмабек Тұрсын тұр. 1986 жыл­дың сәуір айында Қытайдың Шың­жаң-Ұйғыр аймағында туып-өскен қандасымыз Аспанасты еліндегі айқастарда қарсылас шақ келтірмеген соң әлемдегі ең белді ұйым басшыларының қырағы назарына ілікті. 2014 жылы ол үш жекпе-жек өткізді. Өкінішке қарай, Марк Эддива, Леонардо Исса және Маркус Бримэдж сынды саңлақтарға Жұмабектің әлі жетпеді. Ол үшеуінен де ұтылды. Десек те Жұмабек Тұрсынның есімі UFC-де өнер көрсеткен тұң­ғыш қазақ спортшы ретінде тарихта қалды.

UFC октагонында атой салған екінші қазақ – Дамир Исмағұлов. Ол Ресей Федерациясына қа­рас­ты Орынбор облысының Пер­вомай ауданындағы Ударный ауы­лының тумасы. 2017 жылдың көктемінде М-1 нұсқасы бойын­ша алтын белбеуді иеленіп, содан кейін бірнеше мәрте өз ата­ғын сәтті қорғаған соң Исма­ғұ­лов америкалық ұйыммен келі­сімшартқа отырды. 2018 жыл­дың желтоқсан айы мен 2019 жылдың тамыз айы аралығында ол үш рет айқас алаңына шықты. Аустралияның Аделайда, Чехия­ның Прага және Қытайдың Шэньч­жэн қалаларында жалауы жел­бірген жарыстарда Алекс Горджис, Хоэль Альварес, Тиагу Мойзис сынды спортшыларды сан соқтырды. Осылайша, Дамир UFC турнирінде жеңіске жеткен тұңғыш қандасымыз ретінде өз есімін спорттық шежіреге жазды.

Ал Қазақстанның өз өрендері 2020 жылдан бері UFC-де бой көрсете бастады. Бір кереметі, былтыр төрт бірдей отандасымыз айтулы жарыста өздерінің тұсаукесер кездесулерін өткізді. Бірақ барлығының бірдей «қадамы сәтті болды» деп айта алмаймыз. Мәселен, аса жеңіл салмақ дәре­жесінде бақ сынаған 23 жас­тағы павлодарлық Мария Ага­пова былтыр шілде айында Ханна Сайферсті «қылқындыру» әді­сімен ұтқанымен, тамызда Шэна Доб­соннан оңбай таяқ жеді.

Кезінде Ресейдің Fight Night Global тұжырымы бойынша теңдессіз деп танылған 32 жастағы актөбелік Жалғас Жұмағұлов UFC-дегі екі кездесуінде де қар­сыластарына ұпай санымен есе жіберді. Сақа спортшы былтыр жазда Раулиан Пэйва және биыл қыста Әмір Албазиден айласын асыра алмады. Ақтөбе облысының тағы бір түлегі Сергей Морозов үстіміздегі жылдың 20 қаңтарында Әбу-Дабиде аты аңызға айналған Хабиб Нұрмагомедовтің інісі Умардан ойсырай ұтылды. 31 жастағы Сергей де осыдан бірер жыл бұрын М-1 нұсқасының алтын белбеуіне иелік етті.

Бүгінгі таңда UFC-де күш сынасып жүрген жерлестеріміздің арасынан Шавқат Рахмоновты бөле-жара атауға болады. Өзбекстанның Сурхандария облысында дүниеге келген ол кейіннен Қазақстанға қоныс аударды. 2014 жылдан бері аралас жекпе-жек өнерін серік етіп жүрген Шавқат көп ұзамай елеулі табыстарға қол жеткізді. Бір ғажабы, қандасымыз 13 кездесуінің барлығында айқын басымдық танытты. Сол бәсекелердің 75 пайызын ол бірінші кезеңде-ақ аяқтады.

Былтыр 24 қазанда Әбу-Да­биде Хабиб Нұрмагомедов пен Джастин Гейджи төбелескенде Рахмонов та октагонға шықты. 26 жастағы өреніміз Бразилиядан келген өте тәжірибелі спортшы Алекс Оливераны бірінші раундта қылқындырып тастады. Қазақтың қайсар ұлының осы әдісті орындаудағы асқан ше­бер­лігі ұйымдастырушылар мен бап­керлер және журналистер мен жанкүйерлер тарапынан аса жоғары бағаланды. Тіптен, жекпе-жек өнерінің қыр-сырына әбден қаныққан майталман мамандардың аузынан «Сол кеште Дағыстанның дарабозы Хабибке қарағанда, қазақтың қайсар ұлы Шавқаттың орындаған әдісі әлдеқайда әсерлі шықты» деген мақтау сөзді естіп, марқайып та қалдық.

Міне, қазіргі кезде әлемнің ең үздік промоушенінде күллі Қазақ елі сенім артып отырған осындай сайыпқырандар өнер көрсетуде. Десек те біз өз өрендеріміздің UFC-де бүгінгіден әлдеқайда көп бол­ғанын қалаймыз. Осыдан бірер жыл бұрын шымкенттік Арман Оспанов пен талдықорғандық Қай­рат Ахметовке қатысты «Әне-міне Америкаға кеткелі жатыр» деген әңгімелер желдей есті. Иә, қазақтың қос өрені ондай да құрметке лайық екеніне еш күмәніміз жоқ. Екеуі де ұзақ жылдар бойы мыңдаған жанкүйерді өрелі өнерлермен қуантып жүрген көкжалдар. «Сұңқар» атанған Ар­манның да, «Қара жорға» билейтін Қайраттың да намысты қолдан берген кездері жоқ. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспады. Бәрі сөз жүзінде қалды. Ал уақыт болса, зымырап өтіп жатыр. Қазіргі кезде Оспанов 31 жастан асса, Ахметов 33 жасты алқымдады.

Бұл күндері түрлі халықаралық додада елеулі табыстарға қол жет­кізіп жүрген жігіттер арасында жартылай ауыр салмақтағы Ев­гений Егембердиев пен Асылжан Ба­қытжанұлы және жеңіл сал­мақтағы Артем Резниковтің қар­қыны көрермендер көңілінен шығуда. Бұл күндері олар АСА ұйымында өнер көрсетуде. 36 жастағы Евгений 15 кездесудің 12-сін (9 нокаут) өз пайдасына шешті. 27 жастағы Асылжан 13 бәсекенің (9 нокаут) тек екеуінде есе жіберді. Осы күнге дейін 28 рет октагонға шыққан 29 жастағы Артем 22 мәр­те (17 нокаут) үстемдік таныт­ты. Бір айта кетерлігі, ол қа­­та­ры­нан сегіз жекпе-жекте қар­­сы­лас­тарынан бет қаратапай ұтты. Яғни соңғы үш жылда Рез­ников ешкімнен жеңілген емес. Жоға­рыдағы мәліметтерден-ақ есімдері аталған үш жігіттің дәп қазір-ақ Америкада атой салуға даяр екенін аңғаруға болады.

Сонымен қатар жастар буыны өкілдері арасынан Қаршыға Дәуітбек, Мұрат Қасымбай, Руслан Сариев, Мұқағали Несіпбай сынды қазақтың дарынды жігіттерін айрықша атап өтсек, көпшілік бұл пікірімізбен келіседі деген ойдамыз. Міне, осы спортшыларға барынша қолдау көрсетіліп, олар айқас алаңында аянбай айқасатын болса, алдағы уақытта UFC-де күш сынасатын қандастарымыздың қатары едәуір көбейетіні сөзсіз. Сол күнді көруді күллі Қазақ елі жанкүйерлері тағатсыздана күтуде.